Жаңалықтар

Кәсіпкер Галина Кривец ескі киім мен тұрмыстық бұйымдарға екінші өмір сыйлайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мен азаматтардың бастамаларын қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Президент шағын және орта бизнес экономиканың тірегіне айналуы тиіс екенін ұдайы айтады. Кәсіпкер Галина Кривец ескі киім мен тұрмыстық бұйымдарға екінші өмір сыйлайтын ерекше шығармашылық жобаны жүзеге асыруда. Ол апсайклинг бағыты бойынша шеберхана ашып, тек жаңа бұйымдар жасап қана қоймай, балалар мен ересектерге қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұл шеберхана шығармашылықпен айналысып, өз қабілетін ашуға мүмкіндік беретін маңызды ортаға айналған.

Бұл бастама кәсіпкердің мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде алған 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттың арқасында жүзеге асқан. Сол қолдаудың нәтижесінде Теміртауда әлеуметтік әрі шығармашылық бағыттағы ерекше шеберхана жұмысын бастады.

Галина Кривецтің айтуынша, ол апсайклингпен айналысып жүргенін алғашында өзі де білмеген. Бұрыннан ескі киімдерді қайта өңдеп, тұрмыста кәдеге жаратып келген.

– Шынымды айтсам, ұзақ уақыт бойы мұның «апсайклинг» деп аталатынын білмедім. Мен жай ғана ескі заттарды тастамай, оларды жаңаша пайдаланып жүрдім. Жас кезімде үлкен өлшемдегі киімдерді өзіме лайықтап өзгертіп, тарылтып, қайта тігіп алатынмын. Ол кезде арнайы үлгілерді қолданған жоқпын, бәрін тәжірибе арқылы үйрендім, – дейді ол.

Алғашқы бұйымдарын кәсіпкер көбіне интуициясына сүйеніп жасаған. Мысалы, матаны бұрап, әртүрлі пішіндер шығарып, гүл бейнесіндегі сәндік элементтерді ойлап табатын. Уақыт өте келе, бұл әуестік тұрақты шығармашылық бағытқа айналып, бүгінде шеберханада түрлі материалдар пайдаланылады. Мақта матасы, табиғи былғары және экобылғары сияқты материалдардан әшекейлер, сәндік бұйымдар, аксессуарлар және интерьерге арналған композициялар жасалады.

– Біз көпшілікке кез келген затты бірден қоқысқа тастауға болмайтынын көрсеткіміз келеді. Егер матаның сапасы жақсы болса, оған екінші өмір сыйлауға болады. Кейде аз ғана қиял жеткілікті. Мысалы, бір кезде кестесі бар етігім жыртылып қалды. Оны лақтырып тастауға қимадым. Кестеленген бөлігін қиып алып, өңдеп, әдемі әшекейге айналдырдым. Осындай мысалдарды сабақтарда жиі көрсетеміз, – дейді шебер.

Шеберханадағы сабақтар барысында қатысушылар тігін машинасымен жұмыс істеуді, қолмен тігу тәсілдерін және бұйым жасаудың негізгі дағдыларын үйренеді. Мәселен, ескі жемпірлерден ойыншықтар мен жылы аяқкиімдер, ал жейделерден тұрмыста қолданылатын сәндік бұйымдар жасалады. Сабақтарға балалар да, ересектер де қатысады. Қатысушылардың ең жасы небәрі сегіз жаста.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс. Кәсіпкердің өзі де ерекше баланы тәрбиелеп отырғандықтан, ол шеберханада қолжетімді әрі қолдаушы атмосфера қалыптастыруға ерекше мән береді.

– Мұндай балалар үшін кейде процестен гөрі нәтиже маңызды болады. Өз қолымен жасаған дүниесін көргенде, тіпті жұмыстың аз ғана бөлігіне қатысса да, олар қатты қуанады. Олар үшін «менің қолымнан келді» деген ой өте маңызды. Бұл өзіне деген сенімділікті арттырады, – дейді Галина Кривец.

Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың үлкен рөл атқарғанын айтады. Ол «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, бизнес-жоспар әзірлеп, грант қаражатына қажетті тігін жабдықтары мен құралдарын сатып алған. Қазір шеберхана қызметі біртіндеп кеңейіп, жаңа қатысушыларды тартуда.

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен олардың қамқоршылары арасында кәсіпкерлікті дамыту – мемлекеттік қолдаудың басым бағыттарының бірі. Өткен жылы Қарағанды облысында осы санаттағы тұрғындардың жеке жобаларын жүзеге асыру үшін 58 грант бөлінді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button