Жаңалықтар

«Кәсіпкер» бағдарламасына қатысасыз ба?

Бұл – тәй-тәй басқан жас кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік. Бағдарламаны әзірлеудегі мұрат – өңірдің шағын және орта бизнесіне айтарлықтай қолдау білдіру. Қаражаттық қажеттілікті қолжетімді.

Аймақтық бағдарламаның басты артықшылығы – табысыңызды растаудың анағұрлым бейілді шарты мен алар несиеңізге ең төмендетілген пайыздық мөлшерлеме. «Кәсіпкер» моноқалалар мен облыс орталығының кәсіпкерлері үшін жеңілдетілген несие беруді көздейді. Бір кәсіпкерге қарыз сомасы 50 млн. теңгеден аспайды. Кейінгі жылдық мөлшерлеме – 5%. Несиелеу мерзімі – 5 жылға дейін. Тағы бір басымдығы, кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры 85%-ға дейінгі кредиттерге ішінара кепілдік беру құралы есебінде мемлекеттік қолдау көрсетеді. Бағдарламаны қаржыландыру облыстық бюджет пен «Даму» қорының бір-біріне пара-пар қаражаты негізінде жүзеге аспақ. Биылғы жылы сома 500 млн. теңгені құрайды. Ендігі жылы сома өсе түспек.

– Мәселен, келесі жылы несиелік портфельді 1 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Жаңа бизнес идеяны жүзеге асыру үшін біз серіктес «БанкЦентрКредит» пен «Bank RBK» секілді қаржы операторларын жұмылдырдық. Осы арқылы жеңілдетілген несие өңдеу, көлік, тамақтану, техника, туризм, лизинг пен жалға алу, әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау сынды салалар өкілдері мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді, – деп хабарлайды облыстың кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ержанов.

Бұл бағыттағы жұмыс – жүйелі. Ендігі жылға да жаңа жоспарлар әзір. Мысал үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарға 2,5 пайыздық несие берудің жаңа үлгісі даярланып, ережесі пысықталуда. Яғни, жақын болашақта сіз 5 млн. теңгеге дейін қарыз ала аласыз. Агроөнеркәсіп кешені үшін жеңілдетілген кредит бизнес жобаларды жүзеге асыру мақсатында тиісті мөлшермен жеті жылға беріледі. Өзге салалардағы іс дөңгелету бес жылдық мерзімді қамтып тұр.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны қолға алудың пайдасы ұшан-теңіз. Тек осы жылдың он айында 10 мыңға тарта жаңа компания құрылып, 29 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған. Атап өту қажет, ағымдағы жылы бизнестің іскерлік белсенділігі жоғары. Шағын және орта бизнес нысандарының саны 12%-ға өскен. Мұндай игі көрсеткіштер облыстың барлық аймақтарында менмұндалап тұр. Өнім 17,9%-ға ұлғайған. Аталған салада 200 мыңнан астам адам нәпақасын табуда. Жоғарыдағы сандар білік пен бизнес жігін тапса, үйіңізді теңгенің сылдырына сықа толтыратынын тағы бір мәрте айғақтап тұрғандай.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button