АймақАқтоғай

Кәсіпке демеу бар

Биыл Ақтоғай ауданында кәсіпкерлікке серпін беретін тарихи қадам жасалды: аудан әкімінің гранттарына алғаш рет рекордтық 20 миллион теңге бөлінді. Бұл – жай ғана сома емес, бұл – ауылдағы әлеуетке, азаматтардың арманына берілген нақты қолдау.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Биыл осы қаржы жеті әлеуметтік жобаға қанат бітірді. Оның ішінде жартылай фабрикаттар мен жылыжай өнімдерін өндіру, наубайхана, әлеуметтік дүкен сынды халыққа тікелей пайдасы бар бастамалар бар. Бұл жобалардың арқасында 17 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудан әкімдігі бұл бастамаларды жай ғана қолдап қоймай, ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтудың нақты жолдарын қарастыруда. Соның жарқын дәлелі – «САПА MIX» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Бұл – ауылда өсіп, қалаға бағыт алған ірі жобалардың бірі. Кооператив Қарағанды қаласынан фермерлік дүкен ашпақ. Бұл бастама Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен жүзеге асуда.

– Дүкен жақын арада Қарағандыда ашылады, қазіргі уақытта қажетті жабдықтар жеткізілуде. Фермерлер өз өнімдерін қала тұрғындарына тиімді бағамен жеткізетін болады, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.

Ал, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік бағыттағы жобаларға әрдайым дайын екенін жеткізді:

– Біз ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз. Қиындықтарыңызды жасырмай айтыңыздар, қолдан келгенше көмек береміз, – деді ол.

Былтыр аудан көлемінде 14 әлеуметтік нысан ашылып, 16 жаңа жұмыс орны пайда болған. Биылғы қарқын одан да үмітті.

Ауылдан басталған тірлік – ел болашағының негізі. Ақтоғайлықтар соны іспен дәлелдеп келеді. Ертеңгі күнге сенім де осыдан туындайды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button