Кәсіпқойлық жоғары бағалануы тиіс
Президенттің халыққа Жолдауын тыңдап, үлкен әсерге бөлендім. Қоғамның қай саласында болсын, еліміздің жеткен жетістіктері – Президенттің қажырлы еңбегі мен ой қуатының жемісі.
Жаңа Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Бұл орайда жоғары оқу орындарындағы білім саласының қызметкерлеріне басты басымдық берілді. Биылғы жылы жұмысшы мамандығының мәртебесін арттырып, жігерлі жастарды оқуға тарту көзделмек.
Президент «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деп атап өтті.
Алдағы уақытта білімге баса көңіл бөлініп, жоғары оқу орындарының сапасы артады. Әсіресе, инженер кадрлар даярлауға басты назар аударылмақ. Сонымен қатар, еліміздің барлық азаматтарының әлеуетін арттыруда білім саласын дамытуды міндеттеді. Ел Президентінің айтуынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.
Сондай-ақ, жоғары білім бойынша оқу орындары табыстылығының басты талабы – оқу біткеннен кейін студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың жоғары айлығы бар жұмысқа орналасуы екенін атады.
Жастардың басым көпшілігі білім саласының қызметкерлері екенін ескерсек, бұл – Жолдау аясында білім саласының қызметкерлеріне биылғы жылдың мақсаты мен міндеттерін айқындауға мүмкіндік береді.
Президент «өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деп атады.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бағытын ұстанатын, бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақты өсіруіміз қажет. Сондықтан, қазіргі білім саласының қызметкерлеріне артылар сенім зор. Жастарды ғылымға жұмылдыру дәрежесін жүйелі көтеру – күн тәртібіндегі мәселе.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры.