Көшпенділер мәдениетінің көшелі көрінісі
Ерке Есілдің жағасында, Ұлы Дала төсінде, Астананың төрінде дүбірлеп өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мәреге жетті. Әлем жұртшылығын жалт қаратып, талайларды таң қалдырып, тамсандырған ауқымды шараның жабылу салтанаты елордадағы этноауылда өтті. Байрақты бәсекеде ұлттық спорттың 21 түрінен жарыс өтті. Спорт түрлерінен 89 елден 2,5 мыңнан астам спортшы бағын сынады. Барлығы 97 жиынтық немесе 581 медаль ойнатылды. Ұлттық құрама 114 медальмен бірінші орын иеленді.
Биылғы ойындардың ең ауқымды, олимпиадалық жүйемен өткеніне әлем жұрты куә. Ал, ашылу салтанаты Париж олимпиадасын жолда қалдырды. Тіпті, қазақ күресін үйренуге кәріс ұлтының өкілдері қызығушылық танытты. Бұған дейін фестиваль деңгейінде ғана өтіп келген әлемдік шараның биылғысын әлемнің 20-ға жуық беделді телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Мұндай хабар тарату Көшпенділер ойындарының тарихында болмаған.
Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін, көрме, айтыс өткізді.
Ұйымдастыру дирекциясы әдепкіде, этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деген еді. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Қазақстан спортшылары 114 медальмен көш бастады. Оның 44-і – алтын, 33-і – күміс және 37-сі – қола жүлде.
Екінші орын – Қырғызстан спортшылары еншісінде. Олар 65 медаль алды. 19 алтын, 21 күміс және 25 қола.
Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресей спортшылары иеленіп, 12 алтын, 12 күміс және 25 қола – жалпы 49 медаль жеңіп алды.
Үздік бестікті Өзбекстан мен Түркия құрамасы түйіндеді.
Ойындарға елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144 спортшы қатысқан.
Этноауылда өткен жабылу рәсіміне спортшылар да шақырылды. Оларды 1000-ға жуық еріктілер мен этноауыл қонақтары ыстық ықыласпен қарсы алды.
– Біз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын аяқтап, дүбірлі дода шымылдығын жабамыз. Қазақстан түркі әлеміне ғана емес, бүкіл әлемге туыстас халықтардың бауырмалдығын, ынтымақтастығын паш ете білді. Спорттық іс-шара арқылы түркітілдес елдердің бай мәдениеті, салт-дәстүрі айрықша дәріптелді. Қазақстанға, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына және Министрге осы ойындарды қолдап, ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Келесі тізгін Қырғызстанда, оларға сәттілік тілеймін, – деді Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған.
Нежмеддин Біләл Ердоған салтанатты жиында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтетінін мәлімдеп, Алтынбек Мақсұтовқа ДКО символы – торсықты табыс етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпенділер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Көшпенділер Олимпиадасының беделі биіктей берсін! – деді Ербол Мырзабосынов.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары көшпелі халықтардың этникалық спорты мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында өткізілгенін атаған жөн.
Жабылу салтанатыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек және басқа да өнер жұлдыздары танымал әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындады.
Қазақ күресінен өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 294 балуан қатысқан.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарысына келді. Финалдық бәсекеге 20 мың (әр финалға 10 000 көрермен келді) жанкүйер жиналған.
Осылайша, байтақ өлкемізді дүбірге бөлеген кезекті Көшпенділер ойындарында еліміздің спортшылары шын мықты екендігін көрсетіп, мәренің алдынан көрінді. Жарыстар басталған сәттен-ақ қара үзген отандастарымыз сайыстар аяқталғанша, сол биіктен төмендеген жоқ. Қазақ күресінен сегіз салмақ дәрежесінде алтын алдық. Жұдырықтай жұмылып, жалпақ әлемге қазақтың бірлігін, асқақ рухын, экономикасын, мәдениеті мен спортын паш еттік. Әрқашан, Көк Туымыз биіктен желбірей берсін!
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz