Басты тақырыпОблыс әкімі

Көшпелі колледждің көшелі проблемасы

    Сейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Тәттімбет атындағы өнер колледжінде болып, білім ордасының жай-күйімен, ұзтаздар мен студенттерді толғандырған мәселелермен танысты.

 

Тәттімбет колледжі десе, ойға таусылып бітпес көші-қонның оралатыны несі екен? Осымен он бес жыл бойы табан тірер тұрақ таппай келе жатқан колледждің өзекті мәселесі осы күнге дейін шешілмей тұр. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалғалы қашан. Ойлап қарасақ, осы өнер ордасынан белгілі композитор, КСРО-ның Халық артисі Александра Пахмутова, бұрынғы мәдениет министрі, қазір ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова сынды өнер-мәдениет майталмандары түлеп ұшыпты. Ордалы өнер бесігіне одан не қайыр? Көшпеген ғимараты, тоздырмаған табалдырығы жоқ.

Аталған колледждің іргесі 1952 жылы қаланып, бүгінгі күні облыстың мәдениет және білім мекемелеріне кәсіби мамандарды даярлап келеді. Терешкова көшесі 26 мекен-жайында орналасқан кезекті қонысының жалпы аумағы 1747,4 шаршы метрді құрағанымен, бұрынғы қан орталығы болған бұл ғимарат өнер ордасы болуға жарамсыздығын танытты. Ауасы тар, дәрісхана қабырғалары дыбыс оқшаулауға қауқарсыз, хор, оркестр, би ұжымдарының дайындық жүргізетін бөлемелері қуықтай ғимарат білім беруге мүлде бейімделмеген екен. Мұнымен қоса, колледж тұрмақ, университет студенттерінің сабақ кестесінен түспейтін дене шынықтыру пәні бұл колледжде мүлдем өткізілмейді. Бұған себеп – ғимараттағы дене шынықтыру залының болмауы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, дәрісханалардың тарлығынан «Аққу» би ансамблі мен ұрмалы аспаптарда ойнаушы студенттер Цирк ғимаратына қатынауға мәжбүр. Сондай-ақ, актерлік, режиссерлік мамандықтары бойынша білім алатын шәкірттер С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрына барып, табан тоздыруда. Бұл дегеніміз, студенттердің сабақ кестесінің жүйелі құрылмауына, студенттердің жол ақысына, тамақтануы мен жүріп-тұруына артық шығындалуына алып келеді.

Колледж ұжымын мезі еткен ендігі мәселе – рояль, фортепиано, пианино секілді ірі аспаптардың дәрісханаларға сыймауы. Аталған аспаптарда ойнаудан республикалық додаларда топ жарып жүрген колледж студенттері үшін бұл ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты, мұндай аспаптардың басым бөлігі қоймада шаң басып жатыр. Шаң басып жатыр демекші, мұндағы аспаптардың көнелігіне көз жүгіртсең, Сталин заманынан бергісін кезіктіруге болады.

Талантты жастарды тәрбиелеуіміз керек. Колледждің мұндай жағдайында дарындардың шеберлігін шыңдау – өте күрделі мәселе. Өнер ордасының шәкірттері халықаралық конкурстарға дәлізде дайындалып жататын болса, біздің тарапымыздан көрсетілетін қамқорлық, үлгі қандай болмақ? Бұл мәселенің шешімін күтіп тұрғанын бұған дейін де біліп келдім. Енді, бүгін өз көзіммен көріп отырмын. Сондықтан, шұғыл түрде Тәттімбет колледжінің ұжымын толғандырған мәселенің шешімін табарына сенімдімін, – деді Ерлан Қошанов.

Колледждің құрылғанына биыл – 65 жыл. Ғимараттан таршылық көріп, Тәттімбет колледжінің табан тоздырған тоқтаусыз қоныс ауыстыру мәселесі мерейлі жылда шешімін табарына бізде де сенім мол. Аймақ басшысының сөзі аяқ астында қалмауы тиіс.

Жаңа басшының «әкім келе жатыр» десе, сылап-сырлап қоятын, көзбояушылық белең алған мекемелерге емес, проблемалы ошақтарға ат басын бұрғанына ішіміз жылып қалды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д. КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button