АймақБалқаш

Көшпелі кітапхананың көшелі мүмкіндігі

Біз Лондонның көшелерінде тұратын кітапханалар туралы жиі айтамыз. Енді, сізге сол кітапханаларды алыстан іздеп, ат сабылтудың еш қажеті жоқ. Бұлай деп айтуымызға себеп, 21 маусымнан бастап Балқаш қаласының «Жастар» саябағында «Таза Қазақстан – Экологиялық мәдениет» көшпелі жазғы кітапханасы ашылды. Аталған кітапхана «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы тұңғыш бастама болып саналады. Ерекшелігі сол, киіз үйдегі заманауи кітапхана халық көп жиналатын аумаққа орналастырылған. Мұнда табиғат туралы кітаптарды оқи аласыздар, викториналарға қатыса аласыздар, тіпті, өсімдікті өзіңіз егуіңізге болады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Көшпелі кітапхананың үйлестірушісі С.Сейфуллин аты­н­­­дағы орталық кітапхана өкілдерінің сөзіне сенсек, жылжымалы кітапхананың бүгінгі таңда тұрақты оқырманы күн санап артуда. Сонымен қатар, арнайы ат басын бұрып, кітап оқып кететін туристер де бар. Бәрінен бұрын бір қуантарлығы кішкентай балақайлардың аталған кітапхананың қасынан бір елі кетпейтіндігі. Оған себеп, табиғатқа қатысты кітаптар мен жаңа басылымдардың көптеп кездесуі. Таңнан бастап ерте келіп алатын осы бір оқырмандар ойын атаулыны түбегейлі кітапқа ауыстырған көрінеді.

– Жылжымалы кітапхананың басты міндеті – мәдениетті, экологиялық ой-өрісті, экологиялық сауаттылықты насихаттау. Адамдар келіп, туған өлкенің табиғаты туралы кітаптар, газеттер, журналдар оқи алады. Викториналар, байқаулар өткізіледі. Тіпті, көгалдандыру бұрышы бар. Ең белсенді тұрғындарға сыйлықтар беріледі. Қазірдің өзінде оң әсер бар деп айта аламын. Мен күн сайын кітапханаға барамын, айналада қоқыс азая түсті. Урналар толып кетпейді, тұрғындар жиналған қоқыс сұрыпталуы үшін біздің жәшіктерді толтыруға тырысады, – деді жобаны ұйымдастырушы Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова.

Айта кетсек, жобаның басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту, тұрғындарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және бүгінгі таңдағы адамдардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мен бос уақытты тиімді пайдалану болып саналады. Көшпелі кітапхана оқырмандарды 1 қыркүйекке дейін қуантады. Жұмыс уақыты: сейсенбіден сенбіге дейін 09:00-ден 11:00-ге дейін және 16:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс күндері жексенбі, дүйсенбі күндеріне белгіленген.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button