Көші-қон тәртібі маңызды
Қарағанды облысында көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онлайн-кеңеске өңір басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс прокуроры Құсайын ИГЕМБАЕВ, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік ШӘРІПОВ, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Көші-қон қызметтерінің жұмысын күшейтіп, шетел азаматтарының өңір аумағында болуының заңдылығына назар аудару қажет, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Жиынға қатысушылар заңсыз көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының кешенді жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылдады. – Сондай-ақ, заңсыз көші-қон арналарын, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарын анықтауға бағытталған жедел іс-шараларды ұйымдастыру қажет. Заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, тұруға ықтиярхаты бар мигранттардың нақты тұратын мекенжайларын тексеру керек, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.