Балқаш қаласының орталық саябағында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қолдауымен көктемгі маусым аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС ұжымы мен ардагерлері бұл игі істің қасынан табылды. Бұл күні балқаштықтар 1000 үйеңкі мен қараағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты.
Алдағы уақытта жас көшеттер орталық саябақтың сәнін келтірмек. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының директоры Ербол Айбековтің айтуынша, «Қазақмыс» компаниялар тобы өз кәсіпорындары мен өндіріс нысандары орналасқан қалаларды көгалдандыруды жүзеге асырмақ.
– «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС ұжымы қоршаған ортаны қорғау шаралары аясында қаламыздың саябақтарына ағаш көшеттерін егіп жатырмыз. Компания өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосуда. Қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды қысқартуға көп көңіл бөледі. Қыркүйек айында күкірт қышқылы цехының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Мұның барлығы экологиялық жағдайға оң әсерін алып келеді деп ойлаймын. Компания Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық саясатында айқындалған экология саласындағы стандарттарға қол жеткізуге ұмтылып, әрекет етуде, – дейді Ербол Айбеков.
«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Ольга Поликарпованың мәлімдеуінше, өндіріс ошағында ластаушы заттарға мониторинг жүргізіліп, уәкілетті мемлекеттік органдарда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарлары әзірленген екен.
– Бұл жұмыстардың барлығы компания кәсіпорындарында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Өйткені, «Қазақмыстың» басты мақсаттарының бірі – технологиялық циклдің барлық кезеңдерінде өндірістердің қоршаған ортаға зиянды әсерін дәйекті түрде азайту. Көгалдандыру жобасы әзірленді. Ағаш еккен жерлерді үнемі суару жұмыстары жасалуы үшін қала әкімдігімен келіссөз жүргіздік, – дейді Ольга Поликарпова.
Сонымен қатар, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қолдауымен шағын шаһарға күз айында мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz