Көшет отырғызу: көрсеткіш екі есе артты
Жыл сайын «Тұрақты даму» жер қоры бастамасымен «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – орманды қалпына келтіру, қорғау, қалалық жасыл аймақтарды абаттандыру, орман байлығын көбейту және сақтау. 21 сәуірден басталған акция маусым айына дейін жалғасады. Ал, Қарағанды облысында аталмыш акция Теміртау қаласынан басталды. Себебі де жоқ емес. Өткен жылы қала халқының алаңдаушылығын тудырған «қара қар» – ауа тымықтығының, металлургиялық комбинаттан бөлінетін зиянды қалдықтардың, көлік санының артуының, сондай-ақ, қаншама үйдің пеш жағуы салдарынан болды деп айтылды. Ал, ағаш отырғызу қала көркіне сән беріп қана қоймай, қала экологиясын айтарлықтай жақсартатын болады. Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ та акцияға арнайы қатысып, теміртаулықтармен бірге көшеттерді отырғызуға атсалысты.
Қалада биыл отырғызылған көшеттердің саны үш мыңнан асады. Қылқан және жалпақ жапырақты көшеттерді отырғызуға қала халқымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, депутаттық корпус, Қоғамдық кеңес мүшелері, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Имсталькон Теміртау» ЖШС, «Фирма 777» ЖШС, білім беру ұйымдары, Жастар ресурстық орталығы және тағы басқалары да қатысты.
500-ге тарта адам қатысқан акция барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шұлық-ұйық фабрикасының жанына – 1500, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатының төңірегіне – 1000, ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығының жанына – 600, қала шағын аудандарында 200 дана ағаш отырғызылды.
Акция қорытындысы бойынша 2014 жылы облыс бойынша барлығы 22 мың көшет отырғызылып, 206 266 ерікті іс-шараға қатысқан екен. Ал, «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» 2015 жылдан айлық сенбілік форматында өтіп, сәуір айының үшінші сенбісі ретінде есептеледі. Осы жылы 53 666 ерікті барлығы 11 мың көшет еккен.
Биылғы көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артқан. Атап айтар болсақ, 2016 жылы шамамен 10 000, 2017 жылы 31 000 көшет отырғызылыпты. 2018 жылы сәуір-мамыр айлары аралығында шамамен 50 мың көшет отырғызу жоспарда.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қарағанды облысының әкімі:
– Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күнінде арнайы Теміртау қаласына келдік. Қыс бойы қаланың экологиялық жағдайы туралы көп айтылғанын білесіздер. Сол себепті, Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға арналған арнайы кешенді жоспар қабылданды. Жоспардың негізгі бағыттарының бірі – қаланы көгалдандыру. Аталмыш жоспарды іске асырудың алғашқы бастамасы ретінде бүгін әріптестерімізбен біраз жұмыс атқардық. Алғашқы сенбілікке тұрғындар ғана емес, кәсіпорындар да атсалысуда. 1 маусымға дейін көшелерімізді, аулаларымызды, мектеп, аурухана төңіректерін тазалайтын боламыз.
Аймақ басшысының айтуынша, болашақта бюджет, сондай-ақ, Теміртау қаласының төңірегінде орналасқан ірі өнеркәсіптік компаниялардың қаражаты есебінен кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Қала экологиясы үшін алаңдаушылық танытқан теміртаулықтар проблемаға бей-жай қарамай, сенбілікке қатысуға арнайы келген облыс басшысына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, тұрғындардың көше бойына, аулаларға отырғызу үшін көшет алуға көмек болса деген өтініштері бойынша Ерлан Қошанов Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовке арнайы тапсырма берді.
«Ағаш кесіліп жатыр» деген шағым естігеннен гөрі, оны өз қолыңмен отырғызу, әрине, көңіл сүйсіндіреді. Ал, оны рұқсатсыз кескендер жазасыз қалмайды деп сендірді облыс әкімі.
Ал, Қарағанды қаласындағы сенбілікке 18 мыңнан аса адам қатысып, 1000-ға тарта ағаш отырғызылды.
– Біз ағаштарды кейін күтім жасалады-ау деген жерлерге отырғыздық. Яғни, саябақ, шағын бақтар, үйлердің, мектептердің, ауруханалардың төңіректері, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Татьяна Шатохина.
Отырғызу технологиясы сақталған және кейін күтім көрген жас ағаштар ұласып өсіп кетеді деп сендіреді мамандар.
Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының бас инженері Талғат Смаиловтың айтуынша, отырғызу материалдары «Озеленитель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алынған. Көшеттер өздері отырғызылған топырақпен бірге жеткізіліп, кейін үш жыл аралығында күтім жасалады. Алғаш егілген жылдары аптасына екі рет, кейінгі екі жылда айына төрт реттен суғарылады. Ағаш отырғызудың басты қағидасы – тамыр жүйесіне оттегін жібермеу. Сондықтан, отырғызылатын жер бірінші рет суғарылғаннан кейін нығыздалып, үстіне тағы топырақ салынады. Осының барлығы ағаштың жерсініп кетуіне жүз пайыз кепілдік береді дейді ол.
ТЕМІРТАУ қаласы.
Салтанат Ильяшова.