АймақҚарағанды

Аймақта 2027 жылға дейін 7 млн көшет отырғызылады

Аймақта 2027 жылға дейін 7 млн көшет отырғызылады. Былтыр 619,7 гектар алқапқа 1802 млн көшет отырғызылды. Биылға жоспарланған 1,6 миллионнан астам көшеттің 1,3 миллионнан астамы көктемде егілсе, қалғаны күзгі маусымда қолға алынады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында күзгі көшет отырғызу жұмыстары басталды. Оған кез келген адам қатыса алады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында орман алқаптарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, 21 мың гектар жер телімі зерттелді, оның 2800 гектары немесе 13,6 пайызы ғана жарамды. Бұл жұмыстар 2024-2027 жылдарға арналған ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспар негізінде жүзеге асуда.

– Бүгінде орман және жануарлар дүниесін қорғау ісін үш мемлекеттік мекеме – Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтары атқарып отыр. Орманға жарамды аумақтар да кеңейтілуде. Арнайы құрылған комиссия қосымша 6 мың гектардан астам жерді мемлекеттік орман қорына беру жұмыстарын жүзеге асыруда, – деді басқарма басшысы.

Новодолинка ауылындағы орман тұқымбағы көшетпен қамтамасыз етеді. Мұнда жыл сайын 1,3 млн көшет өсіріледі. Спикер биыл тұқымбақ аумағы 10 гектарға ұлғайғанын, ал, жалпы 80 гектарға ұлғайту жоспары барын жеткізді. Сәйкесінше, қуаттылығы да екі есе артпақ.

– Қазіргі таңда облыс тұқымбақтарында 2,5 млн-ға жуық түрлі ағаш көшеті бар, – деді Бахтияр Санбаев. – Негізінен үйеңкі, қарағаш пен қарағай өсіріледі. Бұған қоса, алдағы жылдарға арналған тұқым қоры да дайындалған. Тек биылдың өзінде 4 тоннадан астам тұқым жиналды. 2027 жылға дейін шамамен 4 млн жаңа көшет өсіруді жоспарлап отырмыз. Көшет отырғызылатын жер жыртылып, екі жыл дайындалып, үшінші жылы ғана қолданылады, – деді басқарма басшысы.

Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы да нығайтылуда. Биыл автокөліктер, тракторлар, соқалар және өзге де арнайы техникалар сатып алынды. Соңғы 2 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің жағдайын жақсарту мақсатында 1 млрд-тан астам қаражат бөлінді.

Бахтияр Жұматайұлы орманды қалпына келтіру ісінде заманауи технологияларға айрықша көңіл бөлініп жатқанын да тілге тиек етіп өтті. Аймақта жабық тамыр жүйесі бар орман тұқымбақ станциясын салу қолға алынбақ.

– Мұндай әдіс егілетін көшеттердің сапасын арттырып қана қоймай, олардың жерсіну деңгейін де едәуір жоғарылатады. Қазір біз негізінен тұқымды орманнан жинап, Көкшетаудағы станцияға жібереміз. Онда тұқымдар тазаланып, сапасы тексеріледі. Кейін олар біздің тұқымбақтарға жеткізіліп, өсіріледі де екі жылдан соң орман қорына қайтарылады. Алайда, ашық топырақтағы көшеттердің жерсіну пайызы әлі де төмен. Жаңа станцияда арнайы субстрат арқылы көшеттерді жабық жүйеде өсіреміз. Осылайша ағаштар тамыр жүйесі қалыптас­қан топырағымен бірге егіледі. Бұл тәсіл жерсіну көрсеткішін қазіргі 60%-дан 70-80%-ға дейін арттырады, – деді Бахтияр Санбаев.

«Таза Қазақстан» акциясына кез келген тұрғынның қатысу мүмкіндігі бар. Қарағанды орман тұқымбағында үйеңкі, қарағаш, қараған, қарағай және шағанның биіктігі 1-2 метрлік көшеттері сатылуда.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button