Жаңалықтар

Көшедегі тазалық көңілден басталады

Табиғат-Ана түлеп, бусанған дала жусан иісімен тыныстай бастағанда, адамзаттың да ішкі дүниесінде бір жаңаруға деген құлшыныс оянатыны заңдылық. Әйткенмен, жер-дүние өз заңымен жаңғырғанымен, біздің табиғатқа деген көзқарасымыз қаншалықты өзгерді? «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастама аясында облысымызда өткен «Тазару күніне» 10 мыңға жуық тұрғын қатысып, 30 мың тонна қоқыс жиналды. Бұл бір жағынан қуантарлық көрсеткіш болса, екінші жағынан «біз неге сонша қоқыс тастаймыз?» деген өткір сұрақты көлденең тартады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Цифрлық бағам

Бүгінде экомәдениет тек ұран ғана емес, нақты өндірістік және цифрлық сипатқа ие болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірдегі экология­лық саясаттың темірқазығына айналды. Мәселен, биылғы көктемде жасыл белдеуді қалыптастыру жұмыстары жаңа деңгейде. Әуежай бағытындағы жол бойында жалпы аумағы 90 гектарды қамтитын біртұтас жасыл алқап жасақталуда. Бұл аймаққа негізінен біздің қатал климатымызға төзімді үйеңкі мен қарағаш көшеттері егіледі. Мұндай ауқымды жұмыс­тар «Қарағанды-Теміртау» және Спасск бағытындағы тасжолының бойында да кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірдегі орман тұқымбақтарында 5,5 миллион дана көшет дайын тұр. Бұл – ертеңгі ну орманның үлкен әлеуеті екені даусыз. «Таяқтың екі ұшы бары» секілді осы орасан зор көрсеткіштің көлеңкелі тұсы да бар. Ресми деректерге сүйенсек, облыс­та егілген ағаштардың небәрі 55-60 пайызы ғана жерсініп, толық өсіп шығады. Яғни, егілген әрбір екінші талдың қурап қалу қаупі жоғары.

Дәл осы жерсіну көрсеткішінің төмендігі – бүгінгі экомәдениеттің ең өзекті мәселесі. Мемлекет қанша қаржы бөліп, миллиондаған көшет егіп жатқанмен, оны жүйелі күтіп-баптау тетігі ақсап тұрғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл өңірде арнайы жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Сол жылыжайда көшетті алдын ала климатқа бейімдеп, жерсіну пайызын арттыратын болады.

Биыл аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың «Егу – бір бөлек, оны күтіп-баптау – бір бөлек», – деп қатаң талап қоюы да сондықтан. Әкімдіктің пәрменімен қалалар мен елдімекендердегі ағаштарды суару және күту жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Өйткені, экомәдениет – ағашты жерге қадап кету емес, оның тамыр жайып, саялы баққа айналғанша жауапкершілігін сезіну. Егер біз жерсіну көрсеткішін 60 пайыздан жоғары көтере алмасақ, 5,5 миллион көшеттің жартысы желге ұшқан ақшамен тең болмақ. Демек, бүгінгі басымдық – сан қуалау емес, сапалы күтім мен ғылыми негізделген көгалдандыру.

Заманауи экомәдениеттің тағы бір белгісі – цифрландыру. Бүгінде облыс бойынша 1,8 миллионнан астам ағаш цифрлық базаға енгізіліп, жасыл қор толық түгенделді. Қала көшелері мен қоғамдық орындарда 395 бейнебақылау камерасы орнатылды.

Тазалық – мәдениеттің өлшемі десек, «Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Тазару күніндегі» көрсеткіштер – таң қаларлық. Бір күннің ішінде 10 мыңға жуық тұрғын көшеге шығып, 1,5 мың гектар аумақты тазартты. Нәтижесінде, 30 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналды.

Экологиялық индустрия да кенже қалып жатқан жоқ. Қарағандыда полимер қалдықтарын қайта өңдеп, қаптама шығару және қағаз зауытын салу бағытындағы екі ірі жоба іске асырылуда. Ал, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университет базасында ашылған еліміздегі үшінші «Экохаб» – жастардың инновациялық идеяларын жүзеге асыратын бірегей алаң. Мұнда пластик қалдықтары велошредердің көмегімен ұсақталып, заманауи бұйымдарға айналады.

Жауапкершілік жүгі

Ресми деректер мен атқарылған іс-шаралардың ауқымы көңіл көншіткенімен, оның арғы жағындағы тереңірек мәселелерге үңілгенде, көкейге көп сауал ұялайды. Осы тұста табиғат жанашыры, биолог-ғалым Ернар Кейкінің пікірінше, экомәдениет – тек қолға сыпырғыш ұстау емес, ол – адам мен табиғат арасындағы үзілген байланысты қайта тірілту. Оның айтуынша, біздегі экология­лық нигилизмнің, яғни, қоршаған ортаға деген бейжайлықтың тамыры тереңде.

– Біздің экологиялық мәдениетіміздің ақсап тұруының бір себебі – жеріміздің кеңдігінде болуы әсте мүмкін. Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында болғанымен, халық тығыздығы бойынша тізімде 70-тің ішінде. Осы алшақтық адамды табиғатқа жақындатудың орнына, керісінше, одан алшақтатып жіберді. Біздің санамызда «жер кең, сыйып кетеміз, табиғаттың ресурсы таусылмайды» деген бейсаналы, бірақ, өте қауіпті сенім қалыптасқан. Жері алақандай, бірақ, халқы тығыз орналасқан Жапония немесе Дания секілді елдерде әр сүйем жердің қадірі алтынмен тең. Онда экомәдениет – ұран емес, өмір сүру салты. Мәселен, Дания­ның бүкіл жер аумағы біздің облыстағы бір ғана Шет ауданымен тең. Десе де, олар сол шағын аумақта отырып, бүкіл Еуропаны асырайтын мал шаруашылығын дөңгелетіп, табиғаттың әр компонентін үнеммен пайдалануды әлдеқашан үйренген. Ал, біздегі осы ұлан-ғайыр кеңдік – өкінішке қарай, жеке жауапкершіліктің кемуіне алып келгендей. Біз кеңдікті қадірлеуді емес, оны «кез келген қоқысты жұтып қоятын шексіз кеңістік» деп түсінетін сияқтымыз, – дейді табиғат жанашыры.

Ернар Кейкі тағы бір өткір мәселені – су ресурстарының сарқылуын биологиялық аналогиямен түсіндіреді. Адам денесіндегі вена мен артерия қан тамырлары секілді, жерасты суларының да өз жүйесі бар. Жердің беткі қабатындағы бұлақтар мен өзендер – вена болса, тереңдегі артезиан сулары – артерия.

– Қазіргі «Ақбұлақ» секілді бағдарламалар арқылы біз жердің тереңіндегі артезиан суларын жаппай сорып жатырмыз. Бұл – жердің артериялық қысымын өзгертіп, беткі қабаттағы веналардың, яғни, бұлақтардың кебуіне әкеп соқтыруы да неғайбыл? Бұрынғы бабаларымыз еспе су мен бұлақ көзін ашып қана пайдаланса, қазіргі технологияның араласуы табиғаттың миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан тепе-теңдігін бұзып жатқан сияқты.

Тағы бір айтарым, ең басты мәселе – санада. Қоқысты қол тастағанмен, бар пәрмен, билік – мида. Мысалы, Жапонияда адамдар қоқысты сұрыптаудың өзінен ләззат алады. Өйткені, бұл – олардың ішкі мәдениеті. Біздегі тазалық жұмыстарының көбіне маусымдық сипатта қалып, көктем біткен соң саябырлап қалатыны да осы экосананың жүйелі түрде қалыптаспағанын білдірсе керек. Бүгінгі ұрпақтың табиғаттан алшақтағаны соншалық, 13 жасар баланың қала маңында адасып қалғанының өзі қоғамды дүрліктірді. Бұрнағы бабаларымыз «13 жаста отау иесі» деп тегін айтпаса керек-ті. Олар жастайынан табиғаттың тілін, жұлдыздың бағытын таныған. Ал, қазіргі балалар бағдардан жаңылып қалады, – деді ол.

Шынында да, қазақ халқының табиғатпен егіз екенін екі ағайын кездескендегі «Мал-жан аман ба?» деген амандығынан-ақ аңғаруға болады. Астарына үңілсек, бұл – бүкіл даланың биосфералық жағдайын сұрау. Өйткені, көшпелі қазақ үшін малдың амандығы – жайылымның, судың, яғни табиғаттың амандығы. Алтай мен Атырау арасындағы ұшы-қиыры жоқ кең далада бос жатқан пұшпақ жоқ еді, себебі, әр рудың, әр болыс­тың өз өрісі, өз жері болды. Осы салт-сананың бәрі төрт түлікке, демек, табиғатқа негізделген.

– Ата-бабамыз ағашқа кие деп қарады. Жапан даладағы жалғыз ағашты қастерлеп, жанына үй тіксе де, бір талын сындырмай, малдың тезегін жағып күнелтті. Бірақ, сол ағаштан баланың бесігін, майшелек пен күбісін, ер-тұрманы мен қару-жарағын жасап, тұрмысына жан бітірді. Осы құрметтің белгісіндей картамызда Теректі, Қайыңды, Жалпақшілік пен Ұзыншілік деген ауылдар қаптап тұр. Алайда, бүгінде сол Теректіде терек, Қайыңдыда қайың некен-саяқ қалғаны біздің экомәдениетіміздің жұтағанын көрсетпей ме? Ат қойғанда кие тұтқан халықтың бүгінгі ұрпағы сол киенің тамырына балта шапқандай күй кешуде, – деп түйіндеді ол өз сөзін.

Смартфондағы сауат

Бүгінде экомәдениеттің жаңа толқыны қалыптасып келеді деу­ге толық негіз бар. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, эколог Гүлшара Әбиеваның пайымдауынша, қазіргі жастардың экологиялық жауапкершілігі өткен буыннан мүлдем өзгеше сипатта.

– Қазіргі студенттердің экологиялық сауаттылығы – жоғары. Мәселен, олар таңертең жүгіруге шықпас бұрын немесе серуендеу­ді жоспарлағанда смартфондағы арнайы қосымшалар арқылы ауаның сапасын (PM2.5 көрсеткішін) қадағалайды. Бүгінде жастар арасында шоппер мәдениетінің қалыптасуы – тұтынушылық сананың өзгергенін аңғартады. Дүкенге барғанда бір реттік полиэтилен пакеттерден бас тартып, матадан тігілген сөмкелерді таңдау, пластик бөтелкелердің орнына көп рет қолданылатын термос-сауыттарды ұстау – сән емес, саналы шешім.

Бұл үрдіс тек жекелеген адам­дардың әрекетімен шектелмей, ауқымды әлеуметтік желілердегі челлендждер мен акцияларға ұласуда. Мәселен, «TazaLike» экологиялық фестивальдері мен «Өзіңнен баста» жастар акциясы Қарағанды жастарының басын біріктірген бірегей алаң. Экологтың айтуынша, қазіргі еріктілер үшін тазалық жұмыстары – ескіше «субботник» емес, экофестиваль.

– Жастар бірігіп қоқыс жинап қана қоймай, оны сұрыптауды, қайта өңдеудің маңызын дәріптеуді әлеуметтік желілер арқылы белсенді насихаттайды. Олар түсірген қысқа видеолар (Reels, TikTok) мен креативті постерлер мыңдаған замандастарының санасына қозғау салып, экомәдениетті трендтегі дүние ретінде қабылдауға дәріптейді, – дейді Гүлшара Бақбергенқызы.

Ауа мен су, жер мен желек – баршамызға ортақ қазына. Сондықтан, оны аялау – тұтас қоғамның азаматтық парызы. Халқымыз «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» деп тегін айтпаса керек. Қадыр ақын «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр» деп жырлағандай, біз туған өлкеміздің тамыр бүлкілін тек көктемгі науқанда ғана емес, әр сәтте жүрекпен сезіне білуіміз қажет. Көктемнің ерке самалымен келген осы бір тазалық лебі көшедегі қоқысты ғана емес, көңілдегі бейжайлықты да аршып, жүрегімізге туған жерге деген шынайы жылылық ұялатса игі. Тек санамыз сауыққанда ғана туған жердің тынысы ашылып, келер ұрпаққа мөлдір суы мен жасыл орманы сақталған таза аманат қалдыра аламыз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button