АймақБалқаш

Көше қоқыстан қашан арылады?

Қыс бойы қар астында жататын қоқыс көктем келгенде көзге түсіп, еңсені түсірер, сүреңсіз көрініске тап боламыз. Мен өзім тұратын Жұмысшылар қонысындағы ахуал туралы баяндап отырмын.

Тоқтамысов көшесіндегі №91 үйдің маңындағы мына бір қоқыс үйінділерінің «бой көтергеніне» біраз уақыт болды. Тазалыққа нұқсан келтіріп тұрған бұл қоқыстар тұрғындардың наразылығын тудыруда. Олардың айтуынша, Жұмысшылар қонысындағы бірқатар қоқыс үйінділері тазартылған. Десек те, Тоқтамысов көшесіндегі қоқыстың қалай тазартылмай қалғандығына таңымыз бар. Төгілген қатты қалдық заттар күн санап ұлғайып бара жатыр. Бұл жер қоқыс тасталатын орынға айналғаны қашан?!

Тұрғындардың жауапсыздығы мен немқұрайдылығынан бұл әрекет жыл сайын қайталанатын болды. Коммуналдық мекемелер қанша тазалағанымен, жоғарыдағы ерсі әдет тыйылар емес. Кімнің тастайтыны белгісіз, қаланың сырт жағы болғаннан кейін бе екен, үнемі қоқыс үйінділері шашылып жатады. Ол аздай, күн өткен сайын бұл үйіндінің үстіне жаңа қоқыс қосылып жатыр.

Сонда бұл қалай болғаны?! «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, жауапты мекемелер байқамаған болса, көрер көзге бадырайып тұрған мұндай ерсі қылық қашанға дейін жалғаса береді? Бұл жерге қоқыс тасталуын тыю үшін, тіпті, құқық қорғау органдарын да тарту қажет деген ой келеді мұндайда. Әйтпесе, табиғатты ластаушылар осылай тайраңдап жүре берері сөзсіз.

Мейрамбек МЕРҒАЗЫ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button