Жаңалықтар

Көше атауынан – ұлттық рухқа

2019 жылдың желтоқсанында Абай қаласында идеологиялық тұрғыдан көнерген көшелердің атауын өзгерту, оларға ұлттық танымға жақын атауларды беру бойынша қоғамдық тыңдау өткізілген болатын. Осы бастаманың негізінде 5 көше атауы қазақыланбақ.

Қоғамдық тыңдауға 300ге жуық тұрғын қатысып, аталған ұсыныстың дұрыс екені мақұлданған еді. Нәтижесінде аудан аумағында Энгельс көшесі – Әлімхан Ермеков, Карл Маркс көшесі – Сәкен Сейфуллин, Калинин көшесі – Шерубай батыр, Ленин көшесі – әл-Фараби, Курчатов көшесі – Әлия Молдағұлова көшесі болып қайта аталады. Абай қаласындағы көше атауларының қайта аталуына байланысты тұрғындардан қаржылық шығындар қажет етілмейді. Жылжымайтын мүлік орталығы (БТИ), Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Мекенжай тіркелімі және басқа да ақпараттық жүйелерде көше атаулары автоматты түрде ауысады, сол себепті үй сату және тағы басқа үдерістерде ешқандай кедергілер туындамайды. Сонымен қатар, наурыз айының соңына қарай Абай ауданы бойынша тағы да 50-ге жуық көшені қазақыландыру мәселесі жоспарланып отыр. Жергілікті Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бұл мәселе қарастырылып, қолданыстағы заңнама аясында қоғамдық тыңдау өткізу арқылы жүзеге асады.

Байқасақ, ескірген көше атауын ауыстыру қазіргі таңдағы ең маңызды мәселенің бірі болып отыр. Өйткені, өскелең ұрпақ көшеде көрген даңқты бабаларының есіміне жастайынан қанып, ерліктерін үлгі тұтып өседі. Яғни, ұлттық рухқа деген көзқарасы көше атауын көріп өсуден бастау алады. Ал, әзірге жоғарыдағы 5 көшеге есімдері берілген тұлғалардың халқымыз үшін жасаған ерліктері тарихта өз бағасын алған. Демек, осындай маңызды дүниеге әрқайсымыз белсенді болайық. АБАЙ ауданы.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button