Өңірде 14 544 адам жұмыссыз ретінде тіркелген
Аймақтағы жастар саны 300 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының төрттен бірі. Демек, облыстың ертеңгі экономикалық қуаты да, әлеуметтік келбеті де осы буынның белсенділігіне тікелей байланысты. Десе де, статистикаға зер салсақ, еңбек нарығында жастар үшін бірқатар кедергі бар. Ресми жұмыссыздық деңгейі төмен болғанымен, NEET санатындағы жастардың үлесі мәселенің әлі де күрделі екенін аңғартады. Диплом мен жұмыс берушінің қатаң талабы арасындағы алшақтық кешегі түлектің жолын байлап, маман ретінде қалыптасуына тұсау болуда. Екі қолға бір күрек таппай, қоғамның белсенді тіршілігінен тыс қалып отырған жас буынның тағдыры – тек жеке бастың мәселесі емес, бүкіл аймақтың ертеңіне қатысты ортақ уайым.

Қозғаушы күш
Кез келген қоғамда жастар ең белсенді әлеуметтік топтың бірі екені хақ. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың дерегінше, өңірде 14 пен 34 жас аралығындағы 303 мыңнан астам жас тұрады. Бұл облыс халқының 26,4 пайызын құрайды. Яғни, әрбір төртінші тұрғын – жас. Жастар құрылымына зер салсақ, олардың басым бөлігі қалалық ортада өмір сүретінін аңғаруға болады. 239 мыңнан астам жас қалада, ал, 64 мыңнан аса жас ауылдық жерлерде тұрады.
Мұндай демографиялық көрініс еңбек нарығына да тікелей әсер етсе керек. Себебі, қалада білім алу, жұмысқа орналасу және кәсіп бастау мүмкіндіктері әлдеқайда кең. Сондықтан, жастардың негізгі бөлігі еңбек нарығына дәл осы қалалық орта арқылы араласады. Дегенмен, жастар санының көп болуы еңбек нарығына қатысты жаңа міндеттерді де жолға қояды. Жас буынды сапалы біліммен қамту, кәсіби бағдар беру және еңбекке тарту – бүгінгінің өзекті мәселесінің бірі.
Облыстық Еңбек мобильділігі орталығы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде өңірде 14 544 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 6 679-ы жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр. Бұл азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілетін төлемдерге ие. Мұндай қолдау еңбек нарығында уақытша қиындыққа тап болған адамдардың әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Жалпы көрсеткіштерді саралайтын болсақ, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде жоғары емес. Ресми деректер бойынша өңірде жастар жұмыссыздығы шамамен 3 пайыздың төңірегінде қалыптасқан. Бұл – республикадағы орташа көрсеткішке жақын деңгей.
Дегенмен, статистиканың бұл көрінісі еңбек нарығындағы жағдайды толық сипаттай бермейді. Өйткені, жастардың бір бөлігі ресми жұмыссыздар қатарында тіркелмегенімен, тұрақты жұмыспен қамтылмаған немесе уақытша еңбекпен шектеліп жүрген жағдайлар да кездеседі. Мысалы, кейбір жас мамандар диплом алғанымен, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салада уақытша табысқа жүгінеді.
«Bolashaq» академиясының Mass-Media орталығының маманы Гүлден Нақыптың айтуынша, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, еңбек тәжірибесінің жоқтығы, жұмыс берушілер талап ететін кәсіби дағдылардың жеткіліксіздігі және мамандық таңдаудағы сәйкессіздік – жиі кездесетін мәселелердің бірі.
– Әсіресе, жоғары оқу орнын жаңа аяқтаған түлектер үшін алғашқы жұмысқа орналасу – күрделі кезең. Көп жағдайда жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Ал, тәжірибесі жоқ жас маман үшін еңбек нарығына алғашқы қадам жасау оңай бола бермейді. Әлбетте, жастардың еңбек нарығына біртіндеп бейімделуі үшін мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау тетіктері маңызды рөл атқарады. Мұндай бағдарламалар жас мамандардың алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, кәсіби ортаға тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді, – дейді маман.
«Екі қолға бір күрек» таппағандар
Еңбек нарығындағы жағдайды толық түсіну үшін тек жұмыссыздық деңгейіне ғана сүйену жеткіліксіз. Өйткені еңбек пен білім жүйесінен тыс қалып отырған жастардың тағы бір санаты бар. Мамандар бұл топты «NEET санатындағы жастар» деп атайды.
Еңбек нарығындағы ахуалды бағамдауда тағы бір маңызды ұғым бар. Ол – NEET санатындағы жастар. Бұл ұғым ағылшын тіліндегі Not in Employment, Education or Training деген тіркестен шыққан. Яғни бұл топқа жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар жатады.
Облыста жүргізілген есепке сәйкес, өңірде 18 мыңнан астам жас NEET санатына кіреді. Бұл жастардың жалпы санының шамамен 6,5 пайызын құрайды. Ал, өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш біршама төмендегенімен, мәселенің өзектілігі әлі де сақталып отыр.
Гүлден Ерсыланқызының айтуынша, жастардың мұндай санатқа өтуіне бірқатар фактор әсер етеді. Ең алдымен, білім мен еңбек нарығы арасындағы алшақтық маңызды рөл атқарады. Жыл сайын оқу орындарын тәмамдайтын түлектердің барлығы бірдей еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шықпайды. Соның салдарынан жас мамандардың бір бөлігі алған мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа бағытта еңбек етуге немесе уақытша табыс көзін іздеуге мәжбүр болады.
Сонымен қатар, жастар арасында кәсіби бағдардың әлсіздігі де мәселенің ушығуына ықпал етеді. Кейде жастар мамандықты еңбек нарығындағы сұранысқа қарап емес, кездейсоқ немесе сәнге айналған бағыттарға сүйеніп таңдайды. Нәтижесінде алған білімі мен нақты еңбек нарығының қажеттілігі арасында сәйкессіздік пайда болады.
Жастардың NEET санатына өтуінің тағы бір себебі – уақытша немесе тұрақсыз жұмыспен шектелу. Қазіргі кезде кейбір жастар тұрақты қызметтен гөрі қысқа мерзімді табыс әкелетін жұмыс түрлерін таңдауға құмар. Мұндай жұмыс уақытша табыс бергенімен, ұзақ мерзімді кәсіби даму мен тұрақты еңбек тәжірибесін қалыптастыра бермейді.
Тиімді тетіктер
Жастарды еңбек нарығына тарту және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында өңірде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жетелі жұмыстар еліміздің 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүйелі түрде іске асырылуда. Негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбекке қабілетті азаматтарды белсенді экономикалық қызметке тарту.
Осы бағытта Қарағанды облысында субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламасы арқылы түрлі жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – қоғамдық жұмыстар. Қоғамдық жұмыстарды мансап орталықтары ұйымдастырып, оған жұмыссыз азаматтармен қатар бос уақытында еңбек етуге ниетті студенттер мен жоғары сынып оқушылары да қатыса алады. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың еңбекке араласуына мүмкіндік беру. Қатысушыларға төленетін жалақы мөлшері кемінде 24 айлық есептік көрсеткіштен басталады, ал қатысу мерзімі 12 айға дейін жалғасады.
Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бұл жағдайда жұмыс берушілер мен мансап орталықтары арасында келісімшарт жасалып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұнда жалақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтар үшін жалақының 35 пайызы мемлекет есебінен төленеді, ал, үкіметтік емес ұйымдарда құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан мүгедектігі бар адамдар үшін субсидия мөлшері 70 пайызға дейін жетеді.
Жастарды қолдауға бағытталған маңызды бағдарламалардың бірі – Жастар практикасы. Бұл жоба колледждер мен жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға соңғы бес жыл ішінде оқуын тәмамдаған, алған мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ 35 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Жоба аясында қатысушыларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы төленеді. Мұндай тәжірибе жас мамандардың еңбек нарығына бейімделіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне ықпал етеді.
Еңбек мобильді орталығының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Бастау Бизнес» бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған. Оқу онлайн форматта өтеді және толықтай тегін. Қатысушылар бизнес жүргізу, қаржылық жоспарлау, маркетинг және бизнес-жоспар әзірлеу бойынша білім алады. Оқуды сәтті аяқтаған азаматтарға электрондық сертификат беріліп, кейін мемлекеттік грант алуға мүмкіндік беріледі.
Мұндай гранттардың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 1,7 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қаржы кәсіп бастауға қажетті құрал-жабдық сатып алуға, өндірістік шығындарды өтеуге немесе шағын бизнес жобаларын іске асыруға бағытталады.
Сонымен қатар, азаматтардың жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін «Skills Enbek» онлайн платформасы жұмыс істейді. Бұл ұлттық білім беру платформасы арқылы кез келген азамат цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік, қызмет көрсету саласы және басқа да бағыттар бойынша тегін онлайн курстардан өте алады. Курсты аяқтаған қатысушыларға сертификат беріліп, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
Түйін
«Қолыма жұмыс бергенің – жаныма тыныс бергенің» деген аталы сөздің астарында үлкен әлеуметтік ақиқат жатыр. Жас буын үшін тұрақты еңбек – тек табыс көзі емес, бұл олардың қоғамдағы орнын айқындап, ертеңіне сеніммен қарауына мүмкіндік беретін басты рухани және материалдық тірек. Аймақ жастарын нәтижелі жұмыспен қамту – өңірдің әлеуметтік тынысын кеңейтіп, экономикалық тамырына қан жүгіртумен тең екені хақ.
Жұмыссыздықпен күрес – тек жұмыс орнын ашу емес, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мемлекет ұсынған тетіктерді тиімді пайдаланған жас қана бүгінгі құбылмалы нарықта өз орнын таба алады. Өйткені аймақтың экономикалық қуаты дипломның санында емес, маманның сапасында.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



