Жаңалықтар

Квотамен шетелден жұмыс күшін тартып отырмыз. Өзімізде маман жоқ па?

Тəуелсіздік алғалы бері көптеген елдермен тығыз қарым-қатынас жасап келеміз. Осы тұрғыда көші-қон заңнамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенімен, үнемі сақтала бермейді. Күннен-күнге елімізге заңсыз келіп-кетушілердің саны артып келеді. Бұл мемлекеттің саяси жағдайы үшін ғана емес, халықтың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Осы орайда, аймақтағы көші-қон мəселесі жəне өзгерістер туралы облыстық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтаров инстаграм желісіндегі тікелей эфирде баяндап берді.

Қандас

Қандас мəртебесін қалай алуға болады?

Басқарма өз құзыреті шегінде халықтың жəне босқындардың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысады. Сонымен қатар, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар «Қандас мəртебесін беру немесе ұзарту» жəне «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жəне (немесе) ұзарту». Алғашқы қызмет түрін алу үшін тұрып жатқан мекенжайындағы жергілікті мемлекеттік корпорация (ХҚКО) көмегіне жүгінеді. Өтініш толтырып, өмірбаян жазып, отбасы мүшелерінің жеке басын куəландыратын құжаттарының көшірмелерін, туу туралы куəлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куəлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттарды жəне үміткерлердің ұлтын растайтын құжаттарды нотариалды куəландырып, қазақ жəне орыс тілдеріндегі аудармаларын тапсырады. Үш жұмыс күні ішінде қандас куəлігін алады, – дейді.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған жағдайда қандас мəртебесін ұзарту туралы аталмыш корпорацияға немесе жергілікті атқарушы органға өтініш береді. Бұндай шешім заң бойынша алты айдан аспайтын мерзімге бір-ақ рет қана қабылданады. Аймақта қандас мəртебесін 1 шілдеге дейін 191 адам, 139 отбасы алды. Оның ішінде, 104-і – ер адам, 87-сі – əйел.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл аймаққа 321 этникалық қазақ келуі жоспарланған. Бүгінде Өзбекстан, Монғолия, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Беларусь мемлекеттерінен келуде. Қандастар Теміртау мен Қарағанды қалаларында ең көп қоныстанған. Экономикалық белсендісі – 127 адам, кəмелетке толмағандар – 48, зейнеткер – 16 адамды құрады.

Шетелдік жұмыс күші жəне квота

Көші-қон мəселесіндегі ең өзектісі – шетелдік жұмыс күшін тарту. Бұл қызмет түрі автоматтандырылған www.elicense.kz. веб-порталы арқылы жүзеге асады. Шешім жеті жұмыс күні ішінде қабылданады. Рұқсат беру бір жылға жарамды. Сонымен қатар санатына қарай, үш жылға ұзартылады.

Егер еңбек шарты бұзылған немесе шетелдік жұмыскер келмеген жағдайда басқа рұқсаты бар шетелдік адамды қайта ресімдеуге болады. Ол үшін де шетелдік жұмыскердің жеке басына қатысты барлық құжаттар талап бойынша тіркеледі. Бұл рұқсат түрі бес жұмыс күні ішінде жүзеге асады, бірақ рұқсат электронды түрде беріледі.

Корпоративішілік ауыстыру аясында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу немесе қайта ресімдеу үшін жұмыс беруші де өзіне тиесілі бірқатар құжаттарды ұсынады. Дегенмен, бұл жұмыс процесі – рұқсат алу, мерзімін ұзарту, қайта ресімдеу қызметі тегін көрсетіледі.

Еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен ел аумағында еңбек ету үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгіленген.

Атап айтқанда, жыл ішінде аймаққа шетелдік жұмыс күшін тартуға 912 бірлік көлемінде квота беру жоспарланса, бүгінде 337 маман тартылды. Олардың басым бөлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Карцемент» АҚ, «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС жəне тағы басқа да компанияларда еңбек етеді.

1 шілдеге дейін шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 604 рұқсат берілді. Олардың көпшілігі Қытай, Үндістан, Түркия елдерінен келгендер. Сондай-ақ, оларға рұқсат беру мен мерзімін ұзартудан облыстық бюджетке 250 млн. теңгеден астам қаражат түскен.

Аймақта босқын тіркелмеді

Аймақта босқындар тіркелмеген, жағдай тұрақты, алайда баспана іздеушілер бар. Дегенмен, босқын мəртебесін алу үшін де елге келген күннен бастап, бес күн ішінде белгіленген тəртіппен босқын мəртебесін алу туралы өтініш жазады. Бүгінгі таңда облыс бойынша пана іздеуші мəртебесі бар 14 отбасы немесе 15 адам тіркелді. Оның бесеуі – Украина, оны – Ауғанстан азаматтары, яғни, 11 – ер адам, 4 – əйел.

Пана іздеушілер негізінен Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларына қоныстанған. Он бірі – еңбекке қабілетті, төрт адам – зейнеткер. Пана іздеуші куəлігі бір жылға дейін жəне ұзарту құқығымен үш айға беріледі.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button