Ресми

Күш – бірлікте

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия су тасқынынан зардап шеккен аймақтар тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинауға бастамашы болды.

Суреттер әкімдіктің сайтынан

Қарағанды облысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері Шет ауданында зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек қолын созды.

Нақтырақ айтсақ, 30 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді. Оның ішінде, жөндеу жұмысына қажетті цемент және азықтүлік бар.

– Халықаралық Отбасы күнінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмекпен керуендер жолға шықты. Жерлестерінің қайғы-қасіретіне ешкім бейжай қарамайды. Шет ауданында зардап шеккендер үшін біз 30 тонна көмек жинадық. Красная Полянадағы үйлерді жөндеуге цемент қажет екенін білдік. Сондықтан, бұл жүктің негізгі бөлігі – 20 тонна цемент. Сондай-ақ, азықтүлік өнімдері, макарон, қант және тағы басқа қажеттіліктер бар, – деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Қожахметова.

Көмек жинауға кәсіпкерлер, Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы көмектескенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, сатудан жиналған қаражатты жиып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде берді.

– Елде осындай оқиға болған кезде біз қол қусырып отыра алмадық. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмектесу үшін қайырымдылық жәрмеңкесі мен фильм көрсетілімін өткіздік. Өз қолымызбен жасалған заттарды саттық. 300 мың теңге жиналды. Бізде жыл сайын қайырымдылық жәрмеңкелері өтеді. Атап айтқанда, бұған дейін емдеуді қажет ететін балаларға қайырымдылық жасалды. Бір-біріңізге көмектесуді ұмытпаңыздар. Біз бірге болғанда ғана күштіміз! – дейді ­Назарбаев­ Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Назым Отыншиева.

Алдағы уақытта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері Шет ауданында кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Елімізде орын алған су тасқынының салдарынан зардап шеккен азаматтар осылайша қажетті көмекке қол жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл бірқатар мерекелерді тойлау тоқтатылды. Өйткені, осындай қиын шақта той тойлап жүру ақылға сыймайды. Мұндайда ел болып бірігіп, қиындықтан шығар жол іздеу құба-құп.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button