Спорт

Көш бастап келеміз

Көк түріктің баласын көгілдір экранға телмірткен V Дүние­жүзілік көшпенділер ойынының көкжиегі көрініп, нәтижесі нақтылануға шақ қалды. Көпшіліктің көл-көсір тілегі орындалды десе, болады. 97 медальды таласқа салған Ұлы аламанда Қазақстан құрамасының бабы мен бағы қатар келеді. Бүгінгі таңда 21 алтын, 10 күміс, 17 қола еншілеген ел спортшылары әлемдік есепте 48 медальмен көш басында тұр. Ал, бізден кейін Қырғыз­стан құрамасы 23 медальмен күміс тұғырға қонды. Одан кейінгі үздік үштікке Өзбекстан спортшылары табан тіреді.

Ресей құрамасының әу бастағы қарқыны күшті болғанымен, төртінші орынға түсіп қалды. Ресейден соң Мажарстан, Польша, Үндістан, Франция, Индонезия және Италия құрамалары көңіл толарлық ондықтың қатарында. Алайда, командалар қоржынында әзірге бір-бір алтын және төрт-бес қола медаль ғана бар.

Ұлттық спортты былай қойғанда, өзбек пен сахалықтардың курашы мен мас-рестлингінен өзге елдің спортшыларын қарсылас құрлы көрмей жатқан қазақ балуандары әлемді абдыратып тастады. Сайыстың әр түрін бақыласақ та, боз кілемге, не алаңға шыққан қазақ шетелдіктерді алып та, шалып та жыққанын анық көрудеміз. Қазақ құрамасына ең көп жүлде әкелген – қазақ күресі, аударыспақ және өзбек курашы. Бұдан бөлек, командалық сайыстарда көкпардан жерлестер Өзбекстан, АҚШ, Ресей құрамаларын айқын басымдықпен жеңді. Енді ақтық сында көршілес қырғыз ағайындармен сынға түседі. Қос құрама да халықаралық дәрежеде ең жоғары көрсеткіш көрсетіп жүрген мықты командалар. Осы тұста көкпардан ел құрамасының команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек пікіріне назар аударсақ.

– Көкпар тек балуандар бақ сынар сынақ емес. Додада аттың да ептілігі мен естілігі ескеріледі. Қаншама еңбектенген жаттығудың арқасында аттарымызды тактикалық жүйеге үйреттік. Әуелгі қарсылас өзбек ағайындар да осал емес еді. Балуандардың жерден ілу шеберліктері мықты. АҚШ құрамасы да көне батыстың атақты ковбойларының ұрпақтары екенін дәлелдеп бақты. Аттары икемді әрі шапшаң. Тізгін қағып, тақыммен бұрылады. Алайда, Алаш жаудан қайтқан ба?! Олар аттың құлағында ойнаса, біз жылқымен бірге туғанбыз. 18:00 есебімен бір мүмкіндік берместен тас-талқан етіп жеңдік. Басты қарсылас – айыр қалпақты Қырғызстан Республикасы. Алла қаласа, өз алаңымызда, өз жерімізде бар күшімізді саламыз. Дәл осы көшпелі ұлт мәдениетін маңдай термен дәлелдегенімізді мақтан тұтамыз. Бізге үміт артқан 20 млн халықтың тұрғанын естен шығармақ емеспіз. Өзімізге сенім жүктелгенін білеміз. Бұйырса, сол сенімді ақтаймыз, – деді ол.

Расында, көкпардан қазақстандықтар әзірге шаң ілестірмей келеді. Тіпті, бір ойында салған салымы 15-18-ге дейін жетуде. Қарап тұрсақ, қарсыластар, тіпті, қимылдамаған сыңайлы. Қимылдауын қимылдап қорғанса да, қазақ жігіттері салымды доғарар емес. Осыдан болар америкалықтар, француздар мен италияндықтар қазақ көкпаршыларынан дәріс алмаққа ниетті екенін білдірген.

Бұл аз десеңіз, жарыс басталғаны кеше болса да, қазақ күресінен 15 медаль алып үлгерген балуандарымызға кореялық делегациядан шақырту түскен көрінеді. Делегация өкілі Бэ Хансун қазақ күресін өз елдеріне дәріптеуге және нағыз балуан шығаруға ниетті. Сол үшін де дода соңында балуандарға Корея елінен жаттықтырушы жұмысы дайын тұр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары жалақы төлеуге дайын екенін жеткізіпті Бэ Хансун.

Сондай-ақ, тоғызқұмалақ ойнап, төрткүл дүниені тамсандырған румыниялық 11 жастағы Разван Андрей Мучица көптің көзайымына айналды. Ол небары 4 жасында тоғызқұмалақ ойнауды бастаған. Кейін мектеп оқып жүріп те, Қазақстанда өткен халықаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған. Қазіргі таңда ЮНЕСКО бойынша, тоғызқұмалақ ойынын насихаттауда Румыния елі көш басында. Айтпағымыз V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны көксеген мақсатына жеткендей. Ұлы даланы мекендеген көшпелі елдің мәдениеті Әлем мәдениетіне айналса, жеңіс емей немене?!

P.S. Бет қатталып жатқанда Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бес медальға толықты. Бұл жолы спортшылар тоғызқұмалақтан екі алтын, бір күміс және бір қола медаль еншіледі. Оның ішінде, қарағандылық Аңсаған Қожанәсіп екі медаль жеңіп алды. Жеке біріншілікте – күміс, командалық жарыста – алтын.

Еске салайық, Қарағанды облысынан барған қос қарлығашымыз – Ажар Салықова мен Аңсаған Қожанәсіп екеуі де ел үмітін ақтады.
Сонымен қатар, дәстүрлі садақ атуда жамбы ату стилі бойынша қазақстандық Батыр Бексауыттың бағы жанып, күміс жүлдеге иелік етті.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер Ұлттық спорт қауымдастығының сайтынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button