Көрнекті ғалымға – құрмет
Өткен жұмада Петропавл қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын ТАЙШЫБАЙДЫҢ 75 жасқа толуына арналған «Қазақстанда журналистер даярлаудың өзекті мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми–тәжірибелік конференция өтті.
Шараға еліміздің бірнеше өңірінен ғалымдар мен ұстаздар келіп, қытайлық, ресейлік және қырғызстандық мамандардың баяндамалары тыңдалды.
Конференцияның секциялық мәжілісінен соң, университеттің Құрмет аллеясына профессор Зарқын Тайшыбай да өз ағашын отырғызды.
Пленарлық мәжілісте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің өмір жолы мен еңбегі туралы айтылды. Ғалымды 75 жасқа толуымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын әкім аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет жеткізді.
Мерейтой иесіне Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жолдаған ақ тілекті Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Рымбала Омарбекова мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай жеткізіп, облыс әкімінің атынан З.Тайшыбайдың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Зарқын Сыздықұлының атына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, министрлер мен бірқатар жоғары оқу орындарының басшылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері арнаған жылы лебіздер оқылды. Бұл қатарда Парламент Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев, Нұрлан Дулатбеков және Кәрібай Мұсырманның құттықтау хаттары да бар.
Конференцияны университет ректоры С.Өмірбаев жүргізіп отырды. Елімізге аты мәлім ғалымдар Сағатбек Медетбек, Есмұханбет Смайылов, Қойлыбай Асанұлы, Болат Сыздықов, Ақмарал Ибраева, Сәуле Мәлікова мерейтой иесінің ғылым мен білімге, мәдениет пен рухани жаңғыруға сіңірген еңбегіне тоқталды.
Конференция үстінде Зарқын Тайшыбайдың әлі сиясы кеуіп үлгермеген үш бірдей жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары.
ПЕТРОПАВЛ қаласы.