Көрнекі ақпараттың көрінісі қандай?
Елімізде мемлекеттік тілдің тұғырына мықтап орналасуы үшін тіл саясатының жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып, замана талабы, уақыт ағымына сай туындайтын жаңа міндеттерді айқындау – бүгінгі күндегі жауапты мәселе. Тіл жанашырлары мен еріктілер бұл күнде мемлекеттік тілге қатысты заң талаптарының орындалу барысын қадағалауда.
Осы ретте, сәуір айында Қарағанды қаласында «Көрнекі ақпаратпен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы басталды. Бұл жоба – кез келген қызмет көрсету орындарында, мемлекеттік, жекеменшік сауда-саттық саласында дүкен маңдайшасындағы жазу, тақтайшадағы хабарландыру сынды жалпы көрнекі ақпараттың заң аясында жазылуын, деректемелердің дұрыс орналастырылуын қадағалайды. Кем-кетік, келеңсіздікті жою үшін кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетуге негізделген ауқымды іс.
«Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасын облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы тапсырысымен облыстық жастар мен балалар ұйымдарының одағы жүзеге асыруда.
Жоба аясында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылып отырғанын да айтқан жөн. Бұл акция қаламызда орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚРЗ 21-бабы, «Жарнама туралы» ҚРЗ 6-бабына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, 2021 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіру, кәсіпкерлерге тегін аударма қызметін ұсыну мақсатын көздейді.
«Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы аясында арнайы құрылған жұмыс тобы мен еріктілер бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге жарнаманы заң аясында сауатты жазуға шақырып, тегін әдістемелік көмек көрсетуде. Бүгінде 200-ден аса кәсіпкер аудармашыға жүгініп, көрнекі ақпарат мәтінін аудартып, сауатты жарнамасымен «Сауатты кәсіпкер» атанып отыр.
Мемлекеттік тілге қатысты заң тәртібін талап етушілер сапындағы жастар мен еріктілердің еңбегі ерен. Қазақ тілінің тұғырын биіктетуге студенттерден құралған еріктілердің атсалысуы, тіптен, қуантады. Жігерлі жастар – тіл жанашырларымен иық тіресе жүріп, әрекет етіп, берекелі жұмыс көрсетуде. Мәселен, волонтерлар бұл күнде Майқұдықтағы Магнитогорск көшесі, Оңтүстік-Шығыс аумағындағы Мұқанов, Сатыбалдин, Язев көшелері мен Кеншілер және Құрылысшылар даңғылы бойындағы сауда-саттық, кәсіпкерлік нысандарын аралап, «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы аясында іскер жандарға түсіндірме жұмысын жүргізді. Акция шеңберінде кәсіп өкілдеріне ақпараттық парақшалар, заңнама талаптары жазылған жаднамалар таратуда.
Айта кету керек, «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы 2020 жылы басталған. Биыл дәстүрлі үрдіспен төртінші жыл жалғасын табуда.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz