Көрмедегі өмір
Қарағанды – кеншілер астанасы, мұндағы негізгі кәсіп – «қара алтын» өндіру. Кеншілер өздерінің ерен еңбегі, батылдығымен біздің әрқайсымыздың шаңырағымызға жылу береді. Кейде өмірін де қияды.
Жер астындағы тар соқпақтармен, шаң-тозаңды жұта жүріп, кеншілер тұтас қалаға, ел үшін қажетті көмірді өндіреді.
Кенші мамандығының тарихы сан ғасырлардан бастау алады. Олар экономика мен өнеркәсіпке орасан зор үлес қосады. Қауіп пен қатерге қарамастан, тәуекелге барып, өздерінің батылдығы мен кәсібилігін сақтайды.
Кеншілер күніне орай Абай атындағы балалар кітапханасы жас оқырмандарға ерекше тарту әзірледі.
«Кеншінің абыройлы еңбегі» авторлық көрме-инсталляциясы жастарға ғана емес, үлкендерге де қызық. Көрме мәліметтерге толы. Балалар шахтаны өз көздерімен көргендей әсер алады. Кішкентай кеншілер ауылының өз шаруашылығы бар, құрылыс жүріп жатыр, адамдар саябақта серуендеп жүр.
Ал, шахтада жұмыс қызып жатыр, көмір өндіріліп, пойызбен жөнелтіледі. Мұнда кеншілердің Құрмет тақтасы да бар.
Оны жасаған Қарағандыға белгілі миниатюра шебері Валерий Роголев.
Көрме көздің жауын алады, шынайылығымен баурайды. Өзіңді сол ауылда жүргендей сезінесің. Балаларға қатты ұнап жатыр.
– Мен бұл көрмеден көп нәрсе алдым. Кеншілердің өмірі қызығы мен қиындығы мол екенін кітаптан оқығанмын. Интернеттен олар туралы бейнежазбаларды да көріп тұрамын. Олар жердің астына тереңге түсіп жұмыс істейді. Көмір қазады. Сол көмірмен барлығымыз үйімізді жылытып, қыстан аман шығамыз. Мен көрмеге қарап, кеншілерді бұрынғыдан да қатты жақсы көріп кеттім, – дейді кішкентай оқырман.
Марина Подгайнова,
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі
Сурет ұйымдастырушылардан