Жаңалықтар

Көрмедегі көркем мұра

Халықаралық студенттер күнінде Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде «Түркі модерні» жанрында ерекше қолтаңбасын қалдырған қарағандылық суретші Ерлан Ғаймолдиннің картиналар көрмесі ашылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Үш жыл бұрын өмірден өткен Ерлан Ғаймолдиннің артында қазақтың ұлттық нышандары, көшпенділер тарихы, фольклор мен Тәңіртану мифологиясы секілді бір-бірімен біте қайнасып жатқан өзіндік көркем мұра қалды. Оның бабалар рухы мен заманауи бейнелерге толы картиналары дәстүрлер мен жаңа көркемдік формалар арасында ерекше көпір жасайды.

Суретшінің достары, әріптестері және туыстары ұйымдастырған көрме этникалық мотивтерді заманауи өнер тенденцияларымен батыл үйлестірген. Картина арқылы шебердің шығармашылық мұрасына енуге шақырады.

– Ерлан Ғаймолдин мамандығы бойынша – суретші және дизайнер, жүрегінде – музыкант және ақын, өз кезегінде – ұстаз және өнертанушы. Көрменің мақсаты – COVID-19 індеті кезінде өмірден өткен Ерлан Ғаймолдиннің рухына тағзым ету және студенттер мен көрме қонақтарын оның өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстыру.

Көрме 28 картинадан тұрады. Автор ерекше және тіпті таң қалдыратын мәнерде өз қолтаңбасын қалдырған. Оның шығармаларының тақырыбы қазақ халқының мәдениеті мен эпостарынан бастап сақтар мен түріктердің мифологиясына дейінгі дәуірлерге бағытталған, – деп атап өтті Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мұражайының директоры Қарлығаш Айтбайқызы.

Көрмені тамашалағандардың айтуынша, импрессионист-суретші Модильянидің шығармашылығынан, сондай-ақ, телебағдарламалардан шабыт алған. Қазақстанның заманауи өнері мен ұлттық мұрасына мән берген суретші шығармашылығын жарқын және жан-жақты жеткізуге тырысқан. Оның бірегей көркемдік тәжірибесі мен эксклюзивті авторлық көзқарасы әр адамға өнердегі жаңа бағыттарды сезіндіреді.

Қайта ойластырылған қазақ мәдениетінің әсері мен сұлулығын сезінуге және дәстүрлі түркі мұрасының шебердің батыл, мәнерлі еңбектерінде қалай өмір сүретінін көруге мүмкіндік береді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button