Көрмеде – көшпенділер өркениеті
Баламалы энергия көздерін паш ететін Халықаралық көрме – «ЭКСПО – 2017» көрмесінің басталуына, міне, 109 күн қалыпты.
Әлем көз тіккен іс-шарада халқымыздың бай мұрасын, терең тарихымызды, төл өнеріміз бен мәдениетімізді де кеңінен насихаттайтын боламыз.
Көрме барысында «Этноауыл» этно-мәдени кешені есігін көпке айқара ашатын болады. Ол «Қағанат» ипподромының аймағында орналаспақ. Аумағы 2500 шаршы метр.
Мұндай ақпаратты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ, департамент директорының айтуынша, этно-мәдени кешен қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсетудің Орталығына айналады.
– Этонауыл келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және дәстүрлерімен таныстырып, келген қонақтың әрқайсысына көшпенділер өркениетінің этно-мәдени ортасын, өткен ғасырлар сырын өз бетінше сезінуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ