Руханият

Көркемсөз шеберлері бақ сынасты

Қазақ халқының ұлы ойшылы, данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қарағандыда көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы ұйымдастырылды. Кемеңгер тұлғаның рухани мұрасын дәріптеу, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіруді мақсат еткен бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Биылғы сайысқа аймақтың түпкір-түпкірінен 25 талапты жас қатысып, өзара бақ сынасты.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлер Абайдың және оның шәкірттерінің өлеңдерін жатқа, көркемдік шеберлікпен, мәнерлеп оқыды. Бұл сында олардың дауыс мәнері, сөз ырғағын сақтау, өлең мазмұнын ашып жеткізу қабілеттері бағаланды.

Ал, екінші кезеңде үміткерлер Абайдың «Қара сөздерін» жатқа оқыды. Бұл – ерекше дайындықты талап ететін бөлім болды. Себебі, қара сөздер терең философиялық мазмұнға ие, ал оны көркем жеткізу үшін нағыз шеберлік қажет. Қатысушылар бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, Абай ойларын тыңдаушы жүрегіне жеткізе білді.

Үміткерлердің өнерін арнайы бекітілген қазылар алқасы бағалап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.

Байқаудың жүлделі I орынын Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің түлегі Мөлдір Еркін жеңіп алды. Оның мығым дайындығы сахнаға шыққанынан-ақ көзге ұрып тұрды.

– Былтыр дайындығым шала болып, осы байқаудан Алғыс хат алған едім. Биыл намысымды қамшылап, топ жару үшін, жатпай-тұрмай дайындалдым. Сақадай сай келдім. Сәйкесінше, оза шаптым. Алдына мақсат қойып, соған барын салған адам дегеніне жетеді екен. Сондықтан, кез келген байқау­ға қатысушыларға мығым дайындықпен баруды айрықша атап айтамын, – дейді Мөлдір Еркін.

Ал, II орын Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының волонтері Алтынай Марат пен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Мадияр Сайлауханға бұйырды.

III орын биігінен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің түлегі Бірлік Ережеп, Ақтоғай аудандық мәдени бос уақыт өткізу орталығының маманы Құлмұхамед Серікғалыұлы және Шет ауданы, Нұраталды ауылдық кітапханасының «Жас қалам» жас ақындар клубының мүшесі Ару Дәрібай көрінді.

Барлық қатысушыға Алғыс хат берілсе, жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Абайды тану – өзіңді тану. Оның қара сөздері – адам болмысы мен рухани тазалыққа апарар жол. Байқауға қатысқан әрбір жастың бойынан Абайды түсінуге деген ұмтылыс, өнерге деген махаббат анық көрінді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button