Білім

Көркем әдебиет көштен қалдырмайды

Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани жаңғыру жолында ұлттық идеяны нығайтудың мәні орасан. Егеменді еліміздің ұлттық идеясының негізгі діңгегі – салт-дәстүріміз, халқымыздың мәдениеті мен өнері.

Сурет old.syrboyi.kz

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, насихаттау, жаңғырту бүгінгі білім саласының маңызды тақырыбына айналып отыр. Білім беру саласында өскелең ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруға негіз болатын бірден-бір жол қазақ әдебиеті пәнін оқу барысындағы халық ауыз мұралары мен әдеби туындыларды қарастыру, жетік меңгеру, ұлттық болмысымызды айқындайтын көркем туындыларға арқау болған оны кеңінен насихаттау керек екенін атап өткім келеді.
Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мектеп оқушыларының рухани-адамгершілікті және ұлттық құндылықтарын қалыптастыруда әдеби білімді, атап айтқанда, мазмұны өз елінің өнегелі, саналы азаматын тәрбиелеуге ықпал ететін тәрбиелік әлеуеті зор поэзиялық туындыларды ұсынатын едім.
Отанды қорғау, татулықты сақтау, туған тілді мансұқтау сынды ұлттық құндылықтарды көксеген тақырыптар қазақ поэзиясында ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басы, кеңестік кезең әдебиетінде жүйелі жалғасын тауып отырды.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарына ең әуелі – туған жер, туған тіліміздің қадір-қасиеті, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің, тарихымыздың мән-маңызы жатады. Осыған сәйкес, оқушылардың отансүйгіштігін, патриоттық рухын асқақтатып, туған жеріміз бен елімізге, тарихымыз бен ана тілімізге деген құрмет сезімдерін қалыптастыратын поэзия туындыларын кеңінен оқыту олардың ұлттық саналарын қалыптастырары сөзсіз.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Туған жер» өлеңінде:
«Сенен басқа жерде маған
қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым,
сен – Күнім.
Тәтті суың дәмі аузымнан
еш кетпес,
Қалың нуың, қыр,
суыңа жер жетпес», –
деп, туған жерге деген махаббатын нәзік сезіммен жырлайды. Өз Отанын құрметтейтін, шексіз сүйетін әрбір адамға туған жерінен артық жер жоқ.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та туған жер тақырыбын жырлаған ұлтжанды ақындардың бірі. Өз туындыларында Отанның, туған жер мен туған тілдің қымбаттығын атап өтіп, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сыршыл поэзиясына қосқан мұзбалақ ақын өзінің «Отан» атты өлеңінде:
«Мен оның түнін сүйем,
күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау,
гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті
үнін сүйем», –
деп, өзінің патриоттық сезімін қара өлеңге арқау етеді. Қазақ тілін қасиетке, қазақ үнін құдіретке балаған ақынның ой астарында туған жердің бәрінен биік тұратын үлкен құндылық екенін түсінеміз.
Ұлттық құндылықты білім бүгінгі оқыту кезеңінде, оның ішінде, қазақ әдебиетін оқыту үдерісінде маңызды өзектілікке айналып отыр. Ұлттық құндылықтарды өз желісіне арқау еткен тамаша поэзиялық туындылар жетерлік. Олардың бәрі де өз оқырмандарын биік мұраттарға үндеп, жас ұрпақтың ұлттық саналарын қалыптастыруға қызмет етеді.
Қазақ әдебиеті сабағында дарынды ақындарымыздың рухты шығармаларын заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып, оқыту негізінде әдеби шығармаларды ұлттық дүниетаным, төл құндылықтарымызбен ұштастыру жемісті нәтижесін беретініне сенімдімін.

Жанна РҮСТЕМОВА,
Жараспай жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Нұра ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button