Спорт

Күрестің үш түрінен үздік шыққан

Жаратқан иеміздің бізге берген басты сыйының біріншісі – өмір, екіншісі – талант. Тіршіліктің қаншалықты қымбат екенін білеміз. Ал, таланттың өлшем бірлігі қандай? Шексіз… Айтпағымыз жас спортшы Ажар Салықова хақында…

Ажар Амангелдіқызы кім? Ол – дзюдошы. Ол – самбошы. Ол – джиу-джитсу шебері. Күрестің бір емес, үш түрімен шұғылданып, әлемдік ареналарда көк туды көкке көтеріп жүрген қазақтың қайсар қызы. Қаршадай қыздың атынан ат үркеді. Жаратқан бойына дарытқан талантының арқасында арман-мақсатын жүзеге асыра алған жан. Талантын тұтатқан бірден-бір жан – ағасы Олжас. 7-сыныпта оқып жүргенде ағасы Олжасқа еріп, Ботақара кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі дзюдо үйірмесіне барады. 8-сыныпқа көшкенде Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжіне түседі. Мінекей, кішкентай қыздың үлкен спортқа қадамы осы жерден басталды…

– Кішкентай кезімде волейбол­шы болғым келетін. Алайда, ауыл мектебіндегі волейбол үйірмесіне тек орыстың қыздары қатысатын болғандықтан, барғым келмеді. Күндердің күнінде сыныптағы құрбыларым, «Жүріңдер, күрес үйірмесіне қатысайық» деп қолқа салды. Сөйтіп, бәріміз жиналып күрес үйірмесіне келдік. Алайда, екі-үш күн өткен соң, бірге келген құрбыларым қайтып табалдырықтан аттамады. Уақыт өте келе турнирге қатысып, жүлделі ІІ орын иелендім. Сол уақыттан бастап спорттың осы түріне қызығушылығым оянып, «жоғары дәрежедегі турнирлерде жеңімпаз атанамын» деп өзіме серт бердім. Алайда, әкем бұл спортпен шұғылдануыма қарсы болды. Бірақ, уақыт өте жетістіктерімді көріп, маған қолдау көрсетті, – деді Ажар Амангелдіқызы.

Содан бері 7 жыл. «Спорт шебері», одан бөлек, Азия чемпионатының күміс жүлде иегері атанды. Әлем чемпионатында да бағын сынады. Азия және Еуропа кубогінен де олжамен оралады. Алайда, соңғы уақытта жиі жарақат алып, сәтсіздікке жиі ұшырағаны. Уақыт өте самбо күресіне ауысып, татами үстіне қайта шығады. Спорттың осы түрімен шұғылданғанына екі жыл ғана болса да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ел және Азия чемпионатын бағындырады. Әлем чемпионатынан ІІІ орын иеленіп, Әлем кубогін де бағындырады. Қазіргі таңда самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 

2021 жыл. Самбодан Мәскеуде Әлем кубогі ХХХХІІ мәрте өткізілуде. Карантиннен кейін өткізілген турнирдің бірі. Ажар Амангелдіқызы 65 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, алтыннан алқа тақты. Әрі осынша мәрте өткізілген Әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта аты қалды.

– Турнирдің басталуына бір күн қалғанда ауырдым. Жауырыныма суық тиіп, мойным бұрғызбай қалды. Соған қарамастан турнирге қатысып, чемпион атандым. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізе алсамшы. Осы турнирде алтын алған тұңғыш қазақ қызы атандым. Көк туымыз көкке көтерілгенде көзімнен жас тоқтамады, – деп әсерімен бөлісті спортшы.

Алайда, бұл спорт түрінен кетуіне де өзіндік себептер болыпты.

– 2022 жылы Самбодан Қырғызстанның Бішкек қаласында Әлем чемпионаты өтті. Осы турнирді «қайтсем де жеңемін» деп мақсат қойдым. Әрі дайындығым да керемет еді. Қатысушылар жарысқа тіркелуде. Бәріміз кезекпен салмақ өлшеп болдық. Енді сайыс басталып, татами үстіне шыға бергенімде, маған «сіз күреспейсіз» деді. Сондағысы: «Хиджаппен күресуге болмайды» дейді. Бірақ, турнир жарғысында хиджап мәселесі айтылмаған. Сонымен не керек, турнирге қатыса алмай кері қайтқан болатынбыз. Елге келген соң «Әлем чемпионатынан жүлде алмадың» деп алып отырған жалақымды да қиып тастады. Осындай дүниелерден кейін татамиге қайтып шыққым келмеді, – дейді ол.

Осы бір келеңсіз сәттерден кейін жас спортшы джиу-джитсудан бақ сынауды жөн көрген. Күреске бейім, тәжірибесі мен шеберлігі ұштасқан жас спортшы үшін бұл спорт түрі де қиынға соқпады. Жақында ғана Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатынан жүлделі ІІІ орын иеленді. Одан бөлек, төрт жылда бір келетін Азия ойындарына жеңіп алған жолдамасы және бар.

Өткір кездік қын түбінде жатпайды. Бойдағы талант пен қайсарлық мақсатқа жеткізбей қоймайды. Ажарға Алла осының бәрін үйіп-төгіп берді. Себебі, спорттың қай түрінен бақ сынаса да, үнемі алдыңғы лекте көрініп келеді. Оған спорт сүйер қауымның өзі куә. Ажар талай жарыста Қазақтың көк туын көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатып жүр. Мен деген талайдың қолынан келе бермейтін іс. Әттеген-айы да жоқ емес… Бірақ, шын талантқа Тәңірдің өзі шабыт береді емес пе?!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button