Күресте күш біріктіргендер марапатталды
9 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына 20 жыл толды. Осыдан бастап, бұл күн Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланды. Атаулы күнге орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан 35 тұлғаға грамоталар мен Алғыс хаттар табыстады.

Салтанатты шара барысында қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адал бол LIKE» марафонына белсенді қатысқан өңірлер де аталды. Бұқар жырау, Осакаров және Шет аудандары әкімдерінің аппарат өкілдері Алғыс хат және естелік сыйлықпен марапатталды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында өткен байқау нәтижесінде «Үздік газет мақаласы» номинациясы бойынша, «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің меншікті тілшісі Самал Шиль жеңімпаз болды. «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымында, бейнеоператор Қуаныш Сүлейменов үздіктер қатарынан көрінсе, «Ең үздік пост» номинациясындағы дипломды «LIFE 09» интернет редакциясының ұжымы еншіледі. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік сюжет» номинациясында «Atameken business» республикалық арнасының тілшісі Айман Сағатай қара үзді. «Вайн форматындағы үздік бейнеролик» аталымында вайнер Баян Қабденов үздік деп танылды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz