Бас тақырып

Көрермен көзайымы

Күллі өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино деп біледі көпшілік жұрт. Киноның айрықша бір қасиеті – ұлттық идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Әр фильм рухани құндылықтар, көзқарастар мен идеологияға бағытталады және осы картиналар арқылы әр көрерменнің санасына сіңіп, болмысына бойлайды. Осы ретте көптеген кинокейіпкерлерінің заманауи мәдениеттің бір бөлшегіне айналып, қоғамдық пікірге әсер етіп жататыны әмбеге аян. Мінеки, ұлт рухы үшін кино өнерінің маңызы дегеніміз осы.

Суреттер «Сарыжайлау» кинотеатрынан

Бүгінгі көркем фильмдер – мәдени мұралар мен салт-дәстүр, тарихымызды дәріптейтін, насихаттайтын көрнекі құрал. Кейінгі 14 жылда Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен қазақстандық кинематография премьералары «Сарыжайлау» репертуарының ажырамас бөлігіне айналды. «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Қарағанды облысындағы күндері әрдайым өткізіліп тұрады. Бүгінде «Сарыжайлау» отандық жаңа фильмдердің премьералары өтетін кинотеатр деген ұғымнан кең мағынадағы мәдени-рухани демалыс алаңына айналған десек, қателеспейміз.

«Сарыжайлау» киноэкранындағы әрбір премьера маңыздылығы, ауқымдылығы жағынан облыстың мәдени өміріндегі айтулы оқиға деңгейіне көтеріледі. Тек 2023 жылдың өзінде режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Қаныш», Бекарыс Елубайдың «Ақ боз үй», Қаршыға Игеннің «Бетпе-бет», Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!», Әзизжан Заировтің «Анашым, мен тірімін!», Арман Әлімжановтың «Өмірдің құны» картиналарының премьералары болды. Әр фильм ұлттық кинематографиямызды жан-жақты танытып, еліміздің көрнекті тұлғаларының қалыптасуы, олардың өмірі мен еңбек жолдарынан, мемлекеттің тарихынан сыр шертеді, әлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық мәселелерді көтереді.

Басты рөлдерді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының артистері сомдаған «Бетпе-бет» фильмінің тұсаукесерінде айрықша атмосфера орын алды. Ал, «Міржақып. Оян, қазақ!» деректі-көркем фильмінде көрермен артистердің шебер ойындарына баға ретінде шығармашылық топқа үздіксіз қол соғумен құрмет көрсетті. Фильм Алаш қайраткерлерінің ауыр тағдырымен, ұлттың жарқын болашағы үшін жанын да, қанын да аямаған Міржақып Дулатов сияқты арыстардың өмірімен бүгінгі және келешек ұрпақты таныстырады, ойландырады, толғандырады.

Қаламыздың шығармашылық өміріндегі елеулі резонанс туғызған мүгедек жандар мен дауасы жоқ, ауыр сырқаттар туралы кинотрилогияның жалғасы болған «Анашым, мен тірімін!» фильмінің премьерасы ешкімді бейжай қалдырмады.

Жалпы, «Сарыжайлау» кинотеатрының тұрақты көрермендері премьераларға әрдайым қызығушылық танытады. Жетекші актерлермен, продюсерлермен және режиссерлермен кездесулер жиі ұйымдастырылады.

Кинотеатрдың қонақжай бөлмесінде өтетін қызықты да танымдық киносабақтарды көрермендеріміз жақсы біледі. Оның бағдарламасына аймағымыздағы белгілі тұлғалар, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары, шығармашылық тұлғалармен, мәдениет саласының өкілдерімен, жоғары оқу орындарының ұстаздарымен кездесулер кіреді. Киносабақтың әрбір тақырыбы деректі немесе көркем бейнематериалмен толықтырылып отырады. Өткен жылы қала мектептерінің оқушылары «Ауған соғысы – жүректегі жара», «Алаштың ақырғы ақиығы» атты сабақтарға қатысты. Киносабақ тыңдаушылары Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығы, Мартбек Мамыраевтың 115 жылдығына арналған киносабақ, Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығы, қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, аңыз әрі абыз актер атанған Қалибек Қуанышбаев, Қазақстанның халық артисі Қарғамбай Сатаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбековтің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнематериалдармен байытылған қызықты дәрістерді тыңдады.

Республика күніне, Тәуелсіздік күніне арналған танымдық шаралармен қатар, Арқаның абыз театры – Сәкен атындағы театрдың актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, драматург-актер Кеңес Жұмабековпен 75 жасқа толған мерейтойына орай шығармашылық кездесу ұйымдастырылды.

Бұқар жыраудың 355 жылдық мерейтойы аясында өткен «Халыққа мейірім мен ізгілік идеяларын жеткізуші данышпан» атты тақырыптық кеш көрермендердің үлкен қызығушылығын туғызды. Бұл іс-шара ақындар мектебі мен бейнелеу өнері мұражайымен бірлесіп өткізілді.

Кинотеатр ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Имашевқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуы аясында танымдық іс-шара өткізіп, бір жыл бұрын өмірден өткен Арқаның аяулы әншісі, композитор Сейіл Аяғановты еске алуға арналған ескерткіш тақтаның ашылуына мұрындық болды.

Кинотеатрда әркез Жастар фестивалін өткізу – дәстүрге айналған. Биылғы жылы Қарағанды колледждерінің студенттері «Қарағанды – достық пен бірліктің астанасы» атты жарқын сәттерімен есте қаларлық мерекелер аясында кинотеатр сахнасында кездесті.

«ArtShort» қысқаметражды фильмдер фестивалі жастар үшін есте қаларлық оқиға болды. Аталған өнер мерекесіне әуесқой режиссерлердің, актерлердің және операторлардың туындылары ұсынылды. Жігіттер қысқаметражды фильмдерінде өзекті де өткір тақырыптарды қозғады. Әрбір жобаны тамашалағаннан кейін мазмұнды әңгіме өрбіп, пікір алмасты.

Жыл сайын өткізілетін «Фильм! Фильм! Фильм!» балалар шығармашылығының кезекті фестивалі керемет көңіл күй мен әдемі әсерлердің отшашуына айналды. Фестивальдің «Менің досым – кинематограф» тақырыбын қатысушылар барынша аша түсті. Балалар танымал фильмдерден вокалдық шығармалар мен монологтарды шебер орындады. Фестивальға қатысушылар мен олардың жанкүйерлері толып отырған зал кезекті қойылымды ыстық ықыласпен қабылдап, қолдау көрсетті. Фестиваль аясында жас суретшілер салған жұмыстардың көрмесі ұйымдастырылып, келушілер қызыға тамашалады. Фестивальге барлығы 150-ден астам оқушы қатысса, олардың әрқайсысы диплом мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша кинотеатрда «Кино және достарымыздың шығармашылығы» циклы бойынша шаралар өтеді. Румын халқы мәдениетінің «Мэрцишор-2023» фестивалі керемет көңіл күйдің мерекесі болды. Поляк киносының «Висла» фестивалі де мазмұнды бағдарламаға құрылып, танымдық дәрежеде өткізіліп тұрады.

Көрнекті мүсінші Анатолий Билыктың 95 жылдығына орай оның шығармашылығы мен өмірі жайлы деректі фильм мен интерактивті көрме ұйымдастырылды. Тамаша суретші, жерлесіміз Мыңғыш Әбілқасовтың туғанына 80 жыл толуына байланысты Бейнелеу өнері музейінің қорындағы картиналардан көрме қойылды. Мұражай қорындағы тақырыптық суреттер жиынтығы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған көрме жасақтауға пайдаланылды.

Кинотеатр көрермендеріне жаңа бейнебаяндарын ұсынған танымал әнші жерлесіміз Ұланғасыр Қамиді қарағандылық жастар мен аға буын өкілдері қошеметпен қарсы алып, бірге ән шырқаған демалыс кеші ұйымдастырылды.

Жазғы демалыста «KINOLAND» жобасы аясында балалар аудиториясымен бірқатар іс-шаралар өткізілді. Мектеп лагерьлерінің балалары жарыстарға, викториналарға қатысып, анимациялық фильмдерді тамашалады.

Наурыз мейрамы алуан дизайнерлік сыйлықтармен және қызықты мерекеге ұласты. Аз қамтылған отбасылардың балалары сайыстарға, түрлі ойындарға және интерактивті концерттік бағдарламаға қатысты.

Әр жылдың соңында жаңа жылдық мерекелер аясында үлкен ойын-сауық және концерттік бағдарлама өткізіледі. Дәстүр бойынша бұндай шараларға балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылады. Балалар ертегі кейіпкерлерімен танысып, анимациялық фильмдерді тамашалап, жаңа жылдық сыйлықтар алды.

Кинотеатр «Барлығына арналған өнер» қалалық жобасын насихаттауға, қазақ тілінде фильмдер көрсетуге белсене атсалысатын бірден-бір демалыс орны.

Кинотеатр қызметкерлерінің облысымыздың ауылдары мен қалаларына барып, фильмдерді тегін көрсету жұмыстарын белсенді жалғастырып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Мәселен, бір жылда 3 мыңға тарта сеанс қойылған болса, соның 112-сі ауылдық жерлердегі көрсетілім. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері мен қарттар үйлеріндегі қарттарға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.

Кинотеатрдың көрме залында живопись, қолданбалы өнер көрмелері, тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері, кітап және иллюстрациялық көрмелер тұрақты түрде өткізіледі.

Қорыта айтқанда, «Сарыжайлау» кинотеатры көрерменге қызмет ету, көпшілікпен жұмыс істеу, олардың демалысын қызықты да, мағыналы етіп ұйымдастырудағы негізгі принциптерінен ешқашан айнымайды.

Саят ӘБДІҒАЛИ,
«Сарыжайлау» кинотеатрының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button