Көрермен белгілі әнші-композитор Сейіл Аяғанды еске алды
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде халқымыздың дарынды перзенті, белгілі әнші-композитор Сейіл Аяғанды еске алуға арналған «Сейіл сазы» атты шығармашылық кеш өтті. Көрермен жүрегіне жылулық пен сағыныш ұялатқан рухани кеште өнер мен өмір қатар өрбіді.

Сейіл Аяған – қазақ эстрадасында өзіндік үні, қайталанбас қолтаңбасы қалыптасқан дара тұлға. Оның есті әндерінің әуені мен сөзі қазақы болмыстан, махаббаттың терең иірімдерінен сыр шертеді. Сейіл ағамыздың репертуарында халық арасына кеңінен тараған бірнеше ән бар екені көпшілікке мәлім. Сонымен қатар, ол тек әнші ғана емес, қазақ саз өнерін жаңа белеске көтерген белді композитор.
Шымылдық ашылғанда сахна төріндегі экранда Сейіл ағамыздың асыл бейнесі аққан жұлдыздай жарқ етті. Кештің прологында Тілеген Әділовтің «Жылауық» атты өлеңі терең толқыныспен оқылды. Кеш барысында Сейіл Аяғанның әсем әндері шырқалғанда, халық та тебіреніспен қосылып шырқады.
Кеш соңында сахнаға Сейіл Аяғанның өмірлік серігі Қымбат Түсіпбекова көтеріліп, жұбайының есімін ұлықтаған барша өнер иелеріне, ұйымдастырушылар мен көрермендерге риясыз ризашылығын білдірді.
Ернат МАҚАТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу
университетінің ІV курс студенті