Бас тақырып

Күре жолда күрделі мәселе көп

Автожолдардың сапасы жұртты жиі әуре-сарсаңға салуда. Облыс бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді. Шұрық-тесік асфальттан көлік апаты да жиіледі.

Мамандар Қарағандының жолын тегістеуге болатынын айтады. Оған ресейліктердің «ANT Stone Roads» технологиясы мүмкіндік береді. Қазақстанда қолданысқа енген жаңа технологиядан тек Қарағанды облысы тыс қалған. Жол жөндеу­де кәдеге жарайтын қиыршық тас та пайдаланусыз тұр.

Күре жолда күрделі мәселе көп

Облыстың автожолдарды жөндеуде «ANT Stone Roads» технологиясын неліктен пайдаланбай отырғаны түсініксіз. Дегенмен, қиыршық тасты қолдану арқылы жол сапасын арттыруға болатынын мамандар талай дәлелдеген. Жол сапасын бақылайтындар баға жағынан тиімді қиыршық тастың күн тәртібінен тыс қалуына «салынып жатқан республикалық маңызы бар жолдардағы жемқорлық кінәлі» дегенді алға тартады.

Жақында ресейліктер облысқа арнайы келіп, «ANT» технологиясын таныстырды. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қарағанды облыстық филиалы ұйымдас­тырған халықаралық семинарда «Аnt-engineering» ЖШС ұйымының директоры Виктор Батаков Қазақстандағы жол сапасына тоқталды. Әсіресе, қиыршық тасты пайдалану арқылы тау-кен және металлургия өнеркәсібінің қалдықтары сияқты әртүрлі материалдардан монолитті тас тақтаны «ANT» арқылы жасайтын мүмкіндік бар екенін айтып бақты. Бүгінде Қазақстанның алты облысында қолданысқа жараған «ANT» тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен.

– Заманауи және қауіпсіз жолдар керек десеңіз, «ANT» – бәрінен озық технология. Технологияның негізгі элементі – «Топырақ тұрақтандырғыш «ANT» препараты. Ол жол төсемдерін жаңа техника арқылы жасау­ға мүмкіндік береді. Технология құрылыс шығындарын азайтады, арзан материалдарды пайдалануға мүмкіндік береді, жұмыс уақытын қысқартады. Бірқатар техникалық мәселені шешеді.

Компания әртүрлі климаттық аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, Қазақстанның төтенше жағдайларын қоса алғанда, әлемнің 11 елінде 1000 шақырымнан астам автожолдар салған, – дейді Виктор Батаков.

Семинар аясында «АNТ» автомобиль жолдарын салу және жөндеу технологиясын Прибалтика, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген өкілдер тамашалады. Семинарға қызығушылық танытқандар арасынан тек Нұра ауданынан келген жол сапасының мамандары ерекшеленді. Жастар салынып жатқан қалаішілік жолдың 90 пайызы сапасыз деп санайды. Сапасыз жобалар арқылы жол салуды болдырмау мақсатында тәжірибе жинақтауға арнайы келіпті.

Семинарда Қазақстанға алғаш «ANT-ны» ұсынған Орал қаласының тұрғыны Рахым Баяновқа сауал қоюға мүмкіндік туды. Ресей жобасын жетік меңгеріп келген ол 2022 жылы Президент Батыс Қазақстан облысы автожолдарының 70 пайызының сапасы сын көтермейтінін айтқаннан кейін елімізде жолдарға қатысты сең қозғалды деп есептейді.

– 2017 жылдан «ANT-мен» жұмыс істегеннен кейін, Орал облысында 400 шақырым жол жөнделді. Бұған дейін БҚО-на қиыршық тас пен битумды жеткізу мәселесі қиындық тудырды. Жол құрылысын аяқтау үшін 1931 тонна қиыршық тас, оны әкелуге 28 мың вагон қажет болды. Битум тапшылығын шешуде Ресейден битум импортына тыйымды алып тастауды қолға алдық. Жыл сайын 100 мың тонна жол битумын әкелуге келісім жасалды, – дейді Рахым Баянов.

Рахым Баянов Қарағандыда жолды тақтайдай қылуға бәрі дайын, артық ештеңе тасымалдаудың қажеті жоқ деп есептейді.

– Батыс Қазақстанға қиыршық тас дайындау үшін 3505 бірлік жартылай вагон тартылған. Оның 2 995-і «ҚазТемірТранс» АҚ-на Ақтөбе облысынан жеткізуді (500 шақырым) жүзеге асырады. Қарағандыда ондай тапшылық жоқ. Табиғи қиыршық тас­тың өзін кәдеге жаратып, жолды тегістеуге мүмкіндік көп, – дейді ол.

Маманның сөзіне сүйенсек, 1 шақырым жерге екі қабат асфальт жабынын салуға шамамен 190 млн. теңге жұмсалады. Ал, жаңа технологияны қолдану арқылы кететін шығындар 90 млн. теңгені құрайды.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қарағанды облыстық филиалы директоры Нұржан Темірханов жөнделіп жатқан жол сапасы биыл қатаң бақылауға алынатынын айтады.

– Бұрын қаладағы сапа мәселесіне техникалық бақылаушылар ғана жауап беретін. Тендерді төмен бағаға ұтып алған олардың көбі кемшіліктерге көз жұма қарайтын. Биыл ұлттық сапа орталығына жүктелген міндет салмақты, – дейді Нұржан Темірханов.

Төрт күндік семинар аясында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалында топырақты нығайту және тұрақтандырудың жаңа әдістері көрсетіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, ресейліктер асфальтбетонды регенерациялауды зертханалық жұмыс түрінде ұсынбақшы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button