КӨР АЗАБЫ (әңгіме)

Күн күйіп тұр. Шілденің шіліңгір ыстығы ми қайнатады. Мынадай күні көшеге шықпақ былай тұрсын, көлеңкеде жатқан адамның өзі жалын жұтып тұншығып өлер. Көктегі күн құм арасында қоңырқай тірлік кешкен мына ауылдың іргесіне көшіп келіп, ауыл маңын айнала дөңгелеп жүргендей апшыңды қуырады-ау. Онсыз да жасыл желектен жалаңаштанып қалған бұл қоныстан жаныңа сая болар көлеңке табуың да неғайбыл. Жарық бағандарының немесе үй мен қора-қопсының көлеңкесі болмаса, шақырайған мына күн шақша басыңды құман қылып, басыңа шәй қайнатып жіберердей…
Осындай аптап алқындырған ауылдың кәрі-жасы түскі астан кейін далаға шықпайды-ау, шамасы. Ойын баласы да саман кірпіштен салынған салқын үйге бекініп алады. Қора маңындағы көлеңкеде жатқан бірлі-жарым бұзаудың да аузы ақ көбіктеніп кетеді. Ауық-ауық өріске мойын созып, мөңіреп қояды. Ит атаулының тілдері – сала-құлаш.
Тірі жан атаулы тірідей шыжғырылған мына күнде көшеде кездесе қалған екі кексе әйелдің жалын бүріккен күн астындағы әңгімесі түгесілер емес.
…Ауылдың орталық көшесіндегі дүкеннен керек-жарағын түгендеп, артынып-тартынып келе жатқан Арзыкүл қарсы жолыққан Сәлиман замандасын аңғармай қалды.
– Қыз-ау, жан-жағыңа қарамайсың ғой, түге…
Оқыс дауыстан селк ете қалған Арзыкүл абдырап қалсын.
– Көтек, жер астынан шыға келдің бе?
– Миың атала болар мына ыстықта атқақтап қайдан келесің? – деді Сәлиман тершіген маңдайын қолының сыртымен сүйкей салып.
– Е, өзің ше? Қырық күндік шілденің аптабында емес, ақпанның ақ талқан боранынан ыққан саулықтай дедектеп мына жүрісіңе жол болсын! Мен дүкеннен келе жатырмын. Үйде қант-шәй таусылып қалған екен, – деп бір тоқтады. Аз ғана демін басып, алқына сөйлеп кетті. – Мына ыстықтың беті жаман ғой, тәйірі. Тозақтың оты мұндай болмас… Уһ!
– Е, тозақтың отының қандай болатынын ана құдайсыз Құлыбектен сұрарсың… «Құдай жоқ! Менің пайғамбарым – Ленин» деп, жағы сембеуші еді. Кетіпті ғой өз пайғамбары кеткен жаққа. Ленин атасы құсап қара жер қабылдамай қойсайшы албастыны!
– Астапыралла! Не дейді? Құлыбек өліп қалып па?
– Сен қайда өмір сүріп жатқан пендесің өзі? Кеше өліпті ғой.
– Әй, жаңа ғана соның үйінің жанынан өттім. Шашын жайып жоқтаған қатынын, өкіріп жылаған баласын, аңырап дауыс қойған ағайынын көрмедім ғой, – деп, қолындағы дорбаларын жерге қоя салған Арзыкүл бетін шымшыды.
– Ойбуй, бетім-ай! Сен шынымен де көктен түскен екенсің… Кеше таңертең жан тәсілім етіпті. «Нашарлап жатыр» дегенде, сақалдары шоштаңдап, балақтары шолтаңдаған екі бақабис ұлы қаладан келген екен. Солар байғұстың шыбын жаны шыққаны сол екен, қабірін демде қаздырып, түс ауа жерлеп тастапты дейді. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарының, ағайындарының қарсы болғанына қарамапты. Ал, саған керек болса!
– Астапыралла! Астапыралла! Өзімен кетсін! Саңырау болғыр жарғақ құлағым естімегенді естіді-ау… Шыққыр көзім көрмегенді көрді-ау… Ақыр заманың осы шығар… Жоқтаусыз өлді, тоқтаусыз көмді деген не сұмдық? Астапыралла! Өзімен кетсін! Байғұс-ай! Құлын-тайдай тебісіп, қатар өскен кешегі Құлыбек еді ғой, – деп, жанарына жас үйіріліп, замандасын жоқтағандай зарлай жөнелген Арзыкүлді Сәлиман тыйып тастады.
– Тәйт, әрі! Қырық жыл қойнында жатқан ана қара қатынының қыңқ еткен дыбысы шықпағанда, құдайды қарғап өткен Құлыбектің жоқтауын сен келістірейін дедің бе? Оны несі-ей?! Ел естімесін мынауыңды.
***
Күн ұясына еңкейген шақта ауылдың шал-шауқаны, бала-шағасы өрістен қайтқан малдың алдынан шыққан. Күні бойы үйге қамалып, әбден іштері толған балалар құм үстінде алысып-жұлысып, асыр салып жатыр. Ал, үлкендердің әңгімесі – Құлыбектің қазасы.
Әңгімені Шалдияр шал бастасын:
– Жаназасын да хабарламады ғой…
Мықырайған Мырқы қария іліп әкетіп:
– Сапқа тұрып, «Жақсы адам» деп айқайлайын деп пе едің? Жаназасы оқылды ма екен өзі? – деді де, шақшасын етігінің өкшесіне екі қағып, астыңғы ернін толтыра насыбайын атып алып, теріс айналды. Назары – өрісте.
Орта жастағы Орақ шал шариғат жолымен күстаналады:
– Иә, Алла, өзің кешіре көр! Жоралғысыз жөнелткен деген не сұмдық? Құдайдың құзырына бұлай барған пендесін Алла қабылдамайды ғой. Ақ жуып, арулап, жоқтауын келістіріп, ардақтап жөнелту керек қой шариғат шартымен!
Мырқы мырс-мырс күлді.
– Немене, Құлыбектің сүйегін жуып, кебісін алмақ дәмең бар ма еді? Өз кіндігінен туған баласы дұға қылып, бет сипамай көмгенде, сенің дұғаң қабыл болады деймісің?
– Не болып барамыз?
– Масқара!
– Балаларының не ойлағаны болды екен?
– Не ойлаушы еді? Әкелерінің абыройын ойлаған адамның тірлігі емес қой мынау.
– Жасағаны – ұрлық пен ойнас. Ойнағаны – құмар. Жазғаны – домалақ арыз. Құдай оның қаперіне де кіріп-шаққан жоқ. Бәріміз де – пендеміз. Бірақ, Құлыбек пендешіліктің де шегінен жырақ шыққан нағыз күнәһар еді ғой. Жүрегіне шайтан ұялаған адамға қаңғып келген абырой болмаса, адами абырой қайдан келсін?! Сен де айтасың-ау…
– Былай болғанда, ол кәпірді ауыл қорымына қойғызбау керек еді ғой…
Әп-сәтте май құйған оттай лап ете қалған гу-гу әңгімеге Қанапия қарт араласты. Ауыл әкімінің есепті жиналыстарында да, басқа да басқосуларда да бұл ауылдың жас-кәрісі осы Қанекеңнің аузын бағатын. Тіпті, омыртқа-шекеде де сақалы сапсиып саясат соғатын замандастарын да осы Қанекең еді тыйып тастап отыратын. Бұл жолы әңгіме ауанының ауа жайылып бара жатқанын өздері де аңғармай қалса керек, Қанапия қарт орнынан қозғалақтап, жөткірініп қалғанда, барлығы сілтідей тына қалды.
– Доғарыңдар! Қайтқан адамның артынан лас әңгіме, ғайбат сөз айтпас болар! Осы әңгімелерің арқылы сол Құлыбектің жарты күнәсін өздеріңе жамап алып жатқандарыңды білесіңдер ме, өңкей қызталақ неме?! Ол байғұстың да таңдап алған тағдыры емес. Пендешілігі басым болған шығар… Жасаған күнәсі, қылған күпірлігі болса, Алланың алдында есебін өзі береді. Оған бола шаршамаңдар!
– Ғайбат емес қой, ақсақал. Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстаған ақиқатты айтып отырмыз.
– Иә, Құлыбектің кәпір екенін бала-шағаға дейін біледі. Оның несі ғайбат?
– Доғар дедім сендерге! Құлыбекті ақтап алайын деп отырғаным жоқ, сендерге жаным ашып айтып отырмын. Тірлікте айтқан сөзіңнің де, жасаған ісіңнің де ешқайсысы Алланың назарынан тыс қалмайды. Амал дәптерлерің жабылғанша ізгілік ойлаңдар! Алланың сүйген құлы болудан дәмелі болыңдар!
Көпшілік өре түрегеліп, өрістен ауылға қарай шұбырған малдың соңынан шұбатылған шаңға сіңіп бара жатты.
***
Жер бетіндегі Құлыбек туралы әңгіме желдей есіп жатқанда, бес күндік дәуренін имансыз қалыпта шиырлап кеткен күнәһар пенде үшін барзақ әлемінің әлегі басталып кеткен.
…Кірш-кірш, сарт-сұрт еткен күрек даусы толастап, Құлыбекті жерлеуге келген туғандарының абыр-дабыры басылған сәтте-ақ қараңғы қабірге Мүңкір мен Нәңкір де жеткен. Әлгінде ғана қалғып кеткен Құлыбектің рухы шошына оянды. Өзіне ентелей төніп келген екі періште бағанағы өлім періштесі Әзірейілден де қорқынышты көрінді. Қорғанып, әлдеқандай әрекет қыларға дәрмен жоқ. Осынша қараңғы, осынша тар жерге Мүңкір мен Нәңкір қалай сыйып тұр десеңші… Қап-қара киінген екі періштенің сұлбасын ғана аңғарды. Көздері көк пе, әлде, шырақ болып сәуле шаша ма, әйтеуір, жақын жерден төрт бірдей сәулелі нүкте көрінді. Көзге түртсе көргісіз көр қараңғысында бұл не қылған сәуле? Қимыл-қозғалысы елеске мүлде ұқсамайды-ау.
Сырттағы адамдардың аяқ тықыры ұзап барады. Тірі кезіндегідей естіп, сезініп жатыр. Дауыс шығарып, көмек сұрарға да не қол-аяғы, не тілі икемге келер емес. Періштелер жауап алуды бастап кетті.
– Раббың кім?
Жауап жоқ.
– Пайғамбарың кім?
– Лен-лен-ле-ленин, – деуге шамасы әрең келген. Қабірдегі қиналысы осы сәтте басталды. Қозғалғысы келіп, талпынады. Дем жетпей, тұншығады. Жаны шырқырап, тәні жаншылып бара жатқандай. Әрекет қыларға мұрша жоқ. Рух денеден бөлінген секілді еді. Бірақ, дәл қазір екеуі де азап шегуде…
– Дінің?
Тағы да жауап болмады. Құлыбектің «Аһ! Уһ!» деп қиналған дауысы ғана шығып жатыр. Қанша уақыт өткені белгісіз. Қабір іші тарылып келеді. Сүйек-сүйегін сықырлатып, қабырғалары бір-біріне жабысып қалғанша қысты. Өлімнен кейінгі өлім келгендей. Бірақ, рухы да, тәні де азап шегіп жатыр. Сөз аңдып, семіз етті көмейлеп, құлқын тойдырмаққа құдайы астар мен шекеде әлгі молдалардың «О дүниедегі өмір, қабір азабы» деп сұңқылдап отыратын өмірі осы ма екен?
Бір сәтте тынысы мүлде тарылып, мойнынан әлдене оралғандай тұншықты. Әрең дегенде икемге келген оң қолымен мойын жағын барлай сипап көріп еді, ұстағаны – сұп-суық жылан. Жуандығы білектей жылан мойнына оралып алып, қылқындырып барады. Біржола матап тастады. Тұла бойын шынжырмен матап тастағандай қиналды. Қабір іргесінен жыландар өріп шығып жатыр, шығып жатыр. Барлығы мұның тәніне шырмалып, ысылдаған қорқынышты дыбыстар шығарады.
Мүңкір мен Нәңкір көрінбейді. Олардың орнына құбыжық кейіптегі сұлба пайда болған. Тұрқы адамға ұқсағанымен, бейнесі – қорқынышты. Әзірейіл періште жанын алғанда, Мүңкір мен Нәңкір жауапқа тартқанда бұлай қиналмағандай еді. Шошынбаған да. Ал, мына құбыжықтың сонша қорқынышты бейнесі жанын жай таптырар емес…
– Сен кімсің? – деді азап шегіп жатқан Құлыбек. Таңдайынан мың сан иненің ұшы шығып тұрғандай. Осы екі ауызды айтқанша, әлгі инелер тіліне қадалып, әрең сөйледі.
– Мен – сенің тіршілікте жасаған жаман амалдарыңмын. Енді мына дүниеде қияметке дейін сенімен бірге боламын. Жасаған күнәларыңды Алла тағалаға мен дәлелдеп, әрбір амалыңды парақтап отырамын, – деп, әлгі құбыжық адамша сөйлеп берді. – Тарының түйіріндей ізгі амалың болмаған екен. Жүрегің тасқа айналып, мейірімнен де, иманнан да алшақ ғұмыр кешкен екенсің. Енді азабын тартасың!
Тар қабірі әлгі құбыжықтың үрейлі үнімен жаңғырып кеткен. Құлыбек талықсып кетті. Тағы да қанша уақыт өкені беймәлім. Есін жиып, әлгі құбыжықпен тілдеспекке ыңғайланды. Темірдей сіресіп қалған мойны ырқына бағынар емес. Барымтада небір шу асауларды тақымдаған қара күші қайда? Зор күшеніспен басын сәл көтерген болып еді, маңдайына қатты соққы тигені. Жылқы тепті. Таныды. Есіне түсірді. Ана жылғы өз ағайыны Жарастан ұрлап, соғымға сойып алған көк айғыр. Жануардың кетпен тұяғы оңдырмады. Тағы да талықсып кетті. Әлден уақыттан кейін тура сол көк айғырдың қанына тұншығып жатып, есіп жиды.
Түс көріп, елес кезіп жатыр дегенге келмейді. Басынан өтіп жатқан шым-шытырық оқиғаның барлығын тура тірі кезіндегідей сезініп жатыр. Қазір көріп жатқан азабаның әрқайсысы тіршіліктегі қиянаттары мен күпірліктерін көз алдына алып келді. Көр азабына өзегін өртеген удай ащы өкініш қосылған.
Әлгі құбыжық бейнелі сұлба мұны орнынан жұлқи көтеріп алды. Сүйектері салдырап, шашылып қалардай. Қабірінің оң жақ бүйірінен бір есік ашылды. Айналасына ерекше нұрлы сәуле шашырап, қара түнек қабірінің ішінен бұрын сезініп көрмеген жұпар иіс аңқыды.
– Егер, тіршілігіңде жақсы адам болып, иманың кәміл, ісің ізгілікке толы болғанында, осы жаққа барар едің. Жалған өмірдің сынағынан өте алмадың. Өкінбе! Бұл – жұмақтың бақшасы. Саған арман – бұл бақша, – деп жаңғырған дауыс қайдан шыққанын да болжай алмады Құлыбек. Ентелеп, осы есіктен әрі өтіп кеткісі бар. Жақындады. Сұр жылан матап алған аяғы әріге бастырмады. Жанары жарқ ете қалды. Анау жұпар аңқыған жәннаттың бағында жүзі нұрланып, әке-шешесімен бірге шалқып отырған Жұманды бірден таныды. Оның үстінен домалақ арыз жазып, нақақтан-нақақ соттатып жіберген өзі еді ғой. Қиянат жасаған. Жұманның күнәдан пәк, қылмыстан таза жан-жүрегі бұл жасаған қиянатты көтере алмай, денсаулығы сыр берді. Түрмеден шығып келген соң қайтыс болған. Сол аз ғана ғұмырын салиқалы қалыпта кешіп, ақиқат жолында өткізді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, өмірінің соңғы жылдарында Құдайға құлшылық етуден айныған жоқ.
Жұман жұмақтың қақпасынан бұған мүсіркей қарап тұр. Нұрлы келбетінен мұны табалаудың ұшқыны да сезілмейді. Жұманның айналасындағылардың біразын таниды. Дені – Құлыбектің қиянатынан жапа шеккендер. Бұл күйінді. Қарау көңілін жалын шарпып, қабірінің өзі отырған жерінен от бүркіп тұрғанын сезінді. Тозақ оты осы шығар, бәлкім. Сонда тозақта бұл жалғыз өзі бола ма?
Жұмақтың есігі жабылып, жәннат мұны табалдырығынан аттатпады. Әлгі сұлба қараң етіп жанынан табылды да, мұны тағы жұлқи жөнелді. Қабір ішін адам төзбес сасық иіс кеулеп кетті. Құлыбек үшін көр азабы енді басталды.
– Шеш анау ақыреттік кебініңді. Имансыз жанға бұл киім лайық емес! Ки, мына тозақтың жейдесін!
Бұған дейін ырыққа көнбеген Құлыбектің денесі ширақ қимылдап, әмірлі үннің айтқанын істеп жатыр. Кигені – жейде емес, оттан жаңа ғана алынған темір сауыт секілді бірдеңе. Денесін шыжғырып барады. Тіршіліктегідей жанына батты. Осы сәтте қабірдің сол жағынан тағы бір есік ашылды. Ол есік бағанағы есіктей емес, жалын бүркіп, от шашады. Арғы жағынан шыңғырған, қиналған дауыстар естіледі. Құбыжық бейнелі серігі мұны сол есіктен алып өтті де:
– Бұл – тозақтың қақпасы. Алла Тағаланың әмірімен саған лайықталған орын – осы. Қиямет күні туғанда, сен қабіріңдегі тозақ шұңқырынан осында ауысасың да, жәһаннамдағы өмірің осында өтеді. Тіршіліктегі жасаған қиянаттарың мен күпірліктеріңнің өтеуі саған осылай тозақ оты болып бұйырды, – деді.
Жаны да, тәні де азап шеккен Құлыбектің соқыр санасы сонда ғана оянған. Бағана мына құбыжық та сол жақтан шыға келген. Мына тозақтың отқа оранған қақпасы да сол жақтан ашылды. Байғұс молдалар қайтқан адамға дұға бағыштап, бата жасағанда: «Амал дәптерін оң жағынан бұйырта көр!» деп жататыны осы екен ғой. Мұның сыбағасы сол жақтан бұйырып жатыр. Молдалар құран оқығанда, мұның білегі әрең көтеріліп, жүрегі «О дүниеде өмір бар» дегенге сене қоймайтын. Енді міне, сол молдалар айтқан шариғаттың ақиқатын мойындап, өкініп жатысы – мынау. Өкінгеннен не пайда?!
«Қиямет кешіксе екен!» деді. Бұл – Құлыбектің тұңғыш рет айтқан ізгі тілегі еді.
Әміршіл дауыс қайта жаңғырды:
– Жүр, әр күнәһарға қияметке дейінгі барзақ әлемінде бұйырған тозақ шұңқырларын аралатып қайтайын.
Қарсылық қыларға амалы жоқ Құлыбек құрдай жорғалап барады.
Тозақтың табалдырығын аттады.
– Уһ, аһ!
– Ойбай-ай, күйіп барамын!
– Көмектесіңдер! Қиналып кеттім…
– Қайран, шыбын жаным!
Айқайлаған, ыңырсыған, шошынған дауыстан құлақ тұнады. Бәрі де өзі секілді күнәһарлар болса керек. Күйіп жатыр. Жанып жатыр. Қиналып жатыр. Азапталып жатыр. Мұның адамға қиянат жасап, «Құдай жоқ!» деп дау құрғанда, байы бар әйелдің көрпесін ашып, көңілдеске айналдырғанда, жетімді жылатып, жесірді қорлағанда бүлк етпеген жаны түршігіп кетті.
Мына жерде он екі қанатты киіз үйдің орынындай үлкен ошақта лаулаған оттың жан-жағына қозыдай көгенделген қатындар шыжғырылып жатыр.
– Бұлар – күйеуінің көзіне шөп салған жеңіл жүрісті әйелдер. Алланың үкімімен осындай жазаға кесілген, – деді жолбасшысы.
Құлыбек олардың бірнешеуін таныды.
Келесі бір кезеңде тілінен шеге қағып, тасқа бекітіп тастаған әйелдерді көрді. Олар аяқтары жерге тимей, тілінен шегеленіп, салбырап тұр. Төменгі жақтарынан тозақтың оты лаулайды. Иістері де – өте жағымсыз.
– Бұлар – өсек тасып, ғайбат сөйлегендер және туған бауырлардың арасын ашып, араздастырған әйелдер.
Тілінен ілініп, аяғынан отқа қақталғандардың да арасында Құлыбектің ауылынан да бірнеше қатын бар екен.
Шамалы жүргенде, еңістеу жерге кез келді. Мұнда да аянышты үн, шыңғырған дауыс. Қалың тау-тас. Бірақ, көгерген бір шыбық жоқ. Ашық алаңқайдың ортасындағы көлшіктегі су қайнап жатыр. Бұрқ-сарқ қайнаған ыстық көлге лақтырылған күнәһарлардың да қарасы – қалың.
– Бұлар – кісі ақысын жегендер мен Аллаға серік қосушылар.
Екеуі қанды құбырмен келесі кезеңге өтті. Құлыбек қанға тұншығып қала жаздап, лоқсып, келесі бетке әрең жеткен. Бұл жерде көргендері – мүлде қорқынышты. Бірнеше адамды екі көзінен ұзын шеге қағып, тас қабырғаға бекітіп тастапты. Олар да сөйлей алмайды. Ыңырсып, қиналып тұр.
– Бұлар – исламды тәрк етіп, өзге діннің жетегінде кеткен соқыр сенім иелері және дүниеге көзі тоймай, ел ырысын тонаған жемқорлар, – деп таныстырды да, сөзін әрмен жалғап кетті. – Қазір өз қабіріңе барғанда, сенің де үкімің оқылып, өзіңнің тозақ шұңқырыңдағы азапты өмірің басталады.
Құлыбектің құр сүлдері қалды. Қияметке дейінгі тозақ шұңқырларында өтіп жатқан күнәһарлардың барзақтағы өмірі шошындырып тастады. Тозақтағы сасық иістен басы айналып, жүрегі лоқсиды. Бірақ, жайлылық сезіну мүмкіндігі мүлде жоқ.
– Мұнда сан алуан түрлі тозақ шұңқырлары бар. Әр тағдыр иесі сынақ өмірдегі ниет-пейіліне қарай жаза тартады. Барзақ әлеміндегі азапты пенденің артынан оқылған дұға ғана жеңілдеті. Қанша уақыт өтті, сенің артыңнан бірде-бір дұға бағышталмады, – деді де жолбасшысы ғайып болды. Бұл қас-қағым сәтте өз қабіріне оралды.
Қайтадан азап. Қайтадан жылан матап тастады. Қайтадан қабір тарылды. Қайтадан қанға тұншықты. Жылқы тепті, өгіз сүзді. Қабірінің астынан от жанды. Бұл жалынға қақталып, қатты қиналды. Шыңғырды.
Қиналып жатып, ойына ана бір аста Қоқымбай молданың айтқан уағызы оралды. «Мүшріктер (Аллаға серік қосқандар) қабірлерінде қатты азапқа душар болады. Олардың шыңғырған дауыстарын тек қана жануарлар естиді» деп еді ғой Қоқымбай молда. Сонда бұл мырс етіп күліп, Қоқымбайды мазақ қылған: «Өлген адамда не қылған дауыс?» деп. Міне, өзі шыңғырып жатыр.
***
Құлыбек жерленген қорымның айналасы қоршалмаған. Ауылдың саяқ малдары осындай ыстық күндері сол қорым маңына жайылып, бейіттердің көлеңкесін сая тұтады. Қорымның шет жағынан орын тепкен жас қабірдің жанында жайылып жүрген буырлы ат әлденеден шошынғандай осқырынып, бар даусымен кісінеп, шұрқырап шаба жөнелді. Құлыбектің қабірін айналып шабады. Тұра қалып, алдыңғы екі аяғымен жер тарпиды. Мөңкиді. Бұл – ана жылы Құлыбек ұрлап, соғымға сойып алған Жанділдәнің қасқа айғырының тұқымы еді…
Бесін намазы мен екінті намазының арасы. Күн жарықтықтың тас төбеге шығып алып, шақырайып тұрған кезі. Үп еткен жел жоқ. Күннің ыстығына қарамай, аруақтарға құран бағыштап қайтайын деп, қорымды бетке алған Қоқымбай молда қорым басындағы оқыс жағдайға өз шешімін айтып келеді.
– Е, мынау жер қойнына кеше ғана тапсырылған Құлыбек жарықтықтың қабірі екен ғой. Байғұс көр азабын тартып, қатты қиналып жатыр екен-ау… Буырлы ат оның қиналған даусын естіп, жер астынан жеткен дауыстан үркіп жүр. Лә Илләһә Илаллаһ! Алла өзің кешіре көр!
…Қалаға шығар күре жолға қосылатын жайдақ сүрлеу де осы қорымды жағалап өтеді. Құлыбектің екі баласы да осы жолмен қалаға қайтып барады. Қорым жанынан әкелеріне қол жайып, бет сипамай өте шықты. Әкелері азап шегіп жатыр…
Ерсін МҰСАБЕК