Көптің көкейіндегі мәселелер қаралды

Қарағанды облыстық мәслихатында бес тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Соның бірі – әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия. Ол халықтың әлеуметтік жағдайын бағамдап, облыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселесін жоспарлы түрде қарайды. Сол қызметтердің дұрыс көрсетілуін зерделейді. Осы мақсатта комиссия мүшелері арнайы жұмыс топтарын құрып, өңірдің қала, аудандарын аралап та шығады. Депутат – халық өкілі болғандықтан, ел арасындағы барлық мәселенің жай-күйін біліп, оны оңтайлы шешудің мүмкіндіктерін қарастыруы керек.

Депутат жұмысы жан-жақты

Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия өз жұмысында «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Заңын, облыстық мәслихаттың регламентін, сонымен бірге, жылдық жоспарды негізге алады.

Біздің комиссия облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, жастар саясаты, тілдерді дамыту, дін істері жөніндегі басқармалармен, сондай-ақ, еңбек инспекциясымен бірлесіп жұмыс жасайды. Биылғы жылы комиссия 15 отырыс өткізіп, 26 мәселе қарастырды. Оның барлығы халықтың әлеуметтік мәселелеріне қатысты.

Мәселен, жыл басында коронавирустың өршуі, облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен оған қатысты қабылданған шараларды айтуға болады. Бұл уақытта депутаттар медициналық жоғары оқу орындарында санитариялық-эпидемиологиялық бағыттағы кадрларды даярлауды қайта қарау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарының еңбекақысын арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңарту, цифрландыру сынды мәселелерді денсаулық сақтау басқармасы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс ретінде жолдау үшін көтерді.

Денсаулық, білім, әлеуметтік сала – негізгі бағыт

Облыстық мәслихат депутаттары денсаулық сақтау жүйесіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі кемшіліктерді және білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар жүйесінде проблемалық мәселелердің бар екенін анықтады. Осы мәселелерге арнайы өткізілген сессияда тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеу және материалдық-техникалық базаны нығайтуға, облыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін денсаулық сақтау нысандарында тамақтануды қамтамасыз етуге арналған шығындарды қаржыландыру мәселелері бойынша нақты ұсыныстар енгізу туралы шешім қабылданды.

Медициналық қызмет көрсетудің сапасы, ана мен бала өлімінің өсуі сынды өзекті мәселелерді депутаттар үнемі көтереді. Дені сау ұлтты қалыптастыру үшін салауатты өмір салты, аурудың алдын алу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Комиссия төрағасымен бірге комиссия мүшелері А.Түкбай, А.Тұрмұхамбетова, К.Біржанов облыстың бірқатар емханалары мен аудандық ауруханаларын аралады. Нәтижесінде медициналық ұйымдарда салауатты өмір салты орталықтары жабылғаны белгілі болды. Оларда жұмыс істеген мамандар жұмыссыз қалған, ал, заманауи құрал-жабдықтары жекеменшік қолға су тегін өтіп кеткен. Осы уақытқа дейін бұл бағытта жұмыстар жүргізілсе де, нәтижесі көзге көрінбейді. Сондықтан, тұрақты комиссия бұл мәселенің министрлік деңгейінде шешілуі үшін денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жолдады. Комиссия төрағасы ретінде Парламент депутаты Г.Бижановаға депутаттық сауал жолдадым. Келген жауапта тиісті көрсетілген мәселе бойынша анализ жасалатыны және министрлік бюджет қаражатының 60%-ын осы бағытты жүзеге асыру үшін өңірлерге жіберетіні айтылған.

Балаларға арналған паллиативтік көмек орталықтарын ашу, балалар санаторийлерін қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау, Қарағанды қаласындағы облыстық балалар санаторийі мен «Үміт» оңалту орталығының емдеу корпусына күрделі жөндеуді жалғастыруға және аумағын абаттандыруға қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылды. Теміртау және Балқаш қалаларындағы облыстық балалар санаторийі филиалдарының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге қаражат бөлу мәселесі де қаралды.

Сапалы және тиімді білім беруді ұйымдастыру мәселелері, мектептер мен колледждерде патриоттық тәрбие беру, білім алушылардың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ балалардың жай-күйі мен жазғы демалысын ұйымдастыру депутаттардың тұрақты бақылауында. Мұның барлығы жай сөз емес, депутаттардың нақты қарағанын, арнайы зерттегенін айту керек. Осы мақсатта олар аудандар мен қалаларға, сондай-ақ «Алау» және «Жас қанат» жазғы лагерьлеріне барып, осы мекемелердің басшыларымен және мұғалімдерімен, оқушылардың ата-аналарымен кездесті. Онда анықталған мәселелер бюджетті нақтылау кезінде шешілді.

Балалардың жазғы демалысының ұйымдастыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, тарихи және мәдени мұраны сақтау, халықтың тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дамытуға жәрдемдесу бойынша өткізілетін іс-шаралардың сапасы мен тиімділігі де тұрақты комиссияның назарында.

Білім бағытында шешімін күтетін мәселенің тағы бірі – арнаулы білім беру ұйымдарында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін бейінді мамандармен қамтамасыз ету. Аталған білім беру ұйымдары тиісті жоспар жасауы тиіс.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шеңберінде Қарағанды облысының «Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мобильділігі төмен қызмет алушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін сыртқы шахта көтергішін орнатуға және аумақты абаттандыруға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

NEET жастарына қолдау керек

Ел Президентінің жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету жөніндегі тапсырмалары аясында NEET жастарының жұмысқа орналастыру – біз көтерген мәселенің бірі. Елдегі жұмыссыздық деңгейін, оның ішінде, NEET жастарын қоса алғанда жастар арасындағы деңгейді есептеу әдістемесін қайта қарау мәселесін Парламент Мәжілісі деңгейінде қарастыруға бастама болу ұсынылды. Сонымен қатар, аудандар мен қалалар деңгейінде аталған жастардың жеке тізімін жасау қажеттілігі айтылды. Бұл топтық немесе жеке көмек түрінде нақты жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Бұл комиссия қараған жұмыстардың бір парасы ғана. Бұл ретте облыс тұрғындары көтерген өзге де мәселелер де назардан тыс қалмайтынын айтқым келеді. Ол жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде ауылдағы қосымша білім беру мен бұқаралық спорттың жай-күйі мен дамуы, қала және ауылдық елді мекендердегі балалар аула клубтары мен спорт алаңдары жұмысының тиімділігі, облыстағы құқық бұзушылықтардың, балалар мен жастар қылмыстарының алдын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, волонтерлік қызметті дамыту және қолдау шаралары тәрізді мәселелер.

Депутаттық фракция жетекшісі ретінде мен фракцияның 9 жиынын өткіздім. 22 қаулы қабылданып, 96 ұсыныс жасалды. Оның 82%-ы, яғни, 79-ы орындалды. Қалған 17-сі ұзақмерзімді бақылауда.

Қ.ОСПАНОВА,

әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы,

«AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі.

Оrtalyq.kz