Көптен күткен жол

Биыл көптен күткен Қызылорда–Жезқазған жол жобасын жүзеге асыру басталады. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды.

Қарағанды облысында жол инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады. Облыс басшысы өңірді дамыту үшін Қарағанды- Қарқаралы, Жезқазған-Арқалық, Жезқазған-Қарағанды секілді маңызды жол жобаларын атап өтті.

– Бүгінгі таңда, министрліктің мәліметі бойынша, Жезқазған-Қызылорда облысының шекарасы автожолының 208 шақырымын қайта жаңартуға жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды. Жезқазған және Қарағанды қалалары арасындағы байланысқа, оның ішінде туристік кластерді дамыту үшін қажеттілік зор, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Айта кету керек, автожолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы республикада бесінші орында тұр. Қызылорда-Жезқазған учаскесі бұрыннан жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені облыс тұрғындары да бірнеше рет көтерген болатын.

– Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 6 мың шақырым автожолдарды қайта қалпына келтіру, жөндеу және салу бойынша, оның ішінде 1,2 мың шақырым жолда қозғалысты аша отырып, ірі жобаларды аяқтау қажет, мысалы, Талдықорған-Өскемен (768 км), Қарағанды-Балқаш-Қапшағай (645 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км) және басқалары сияқты ірі жобалар іске асырылатын болады. Қызылорда-Жезқазған – бұл өте маңызды жоба. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысаны салынады, – деді Асқар Мамин.

Жергілікті маңызы бар жолдарға келетін болсақ. Биыл жөндеу жұмыстарымен 700 шақырым автомагистраль қамтылатын болады. Жөндеу жұмыстары 80 ауылда, сондай-ақ облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі. Өңірдің 59 асфальт-бетон зауыты, 3 мың бірлік арнайы техника және 5 мың адам тартылатын болады. Қолданылатын материалдар мен жүргізілетін жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылады. Ол үшін жол активтері сапасының ұлттық орталығымен шарттар жасалды.

Сондай-ақ, биыл Қарағанды-Балқаш және Балқаш-Бурылбайтал учаскелерінде жұмыстар жалғасатын болады. Жыл соңына дейін төрт жолақ бойынша қозғалыс ашылады және жеке учаскелер пайдалануға беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.