Көптен күткен көгілдір отын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйді газдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Тіпті, Президент Үкімет пен әкімдік тарабына газдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ал, Қарағанды қаласын газдандыру бүгінде 4 кезекті 16 іске қосу кешенін қамтиды. Бірінші кезек шеңберінде 7 іске қосу кешені іске қосылып, Қазыбек би ауданы мен шаһардың Михайлов бөлігі газға сәтімен қосылды.
Инфрақұрылым игілігі
Қазыналы қаланы газдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жалпы өңірді дамытуға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Ауқымды бастама бірнеше жыл бұрын басталысымен экономиканың бойына да қан жүгіріп, кейінгі кезде айтарлықтай қарқын алды. Бірнеше жүз шақырымды құраған газ құбырлары тартылып, бірегей жоба кенді өлкенің орталық аудандарын қамтыды. Әзірге жеке үй кешендерін көгілдір отынға көгендеу амалдары іске асырылуда. Негізгі күш-жігер түпкілікті тұтынушыларға газ беруді қамтамасыз ететін магистральдық газ құбырлары мен тарату желілерін құруға сарп етілуде.
Сонымен, газ тарату желілері 4 166 жеке тұрғын үйге жалғанды. Осы жылдың 28 мамырына жеке тұлғалар үшін көгілдір отынға қосылуға 3 046 техникалық шарт беріліп, 2 459 үй қажетті жабдықпен қамтылды. Иә, бір қарағанға оп-оңай көрінген газдандыру үдерісі сайып келгенде, қарапайым тұрғынның қос иығына жүк боларлық әжептәуір қаражатты талап етеді. Сондықтан, 5 жыл мерзімге пайызсыз несие рәсімдеу арқылы жаңғырту орталығы 260 үйді газдандырып үлгерген. Осы жұмысты әрмен қарай жалғастыру үшін әкімдік жаңғырту орталығына қосымша 300 мекенжай тізімін жолдады.
– Газды әркім өз қалтасынан қаражат шығара салып, қоса алмасы белгілі. Әлбетте, мұндай істі бөліп төлеу тәртібімен жеңілдетуге болады. Адамдар алдымен бізге хабарласады. Тәртіп былай. Мердігер газға қосылу ақысын айғақтайды. Біз оны атаулы мерзімге пайызсыз негізде бөліп, мердігерге қаражатын төлейміз. Ал, қосылған үй иесі межеленген уақыт аралығында берешегін біртіндеп өтейді. Былтыр бұл бағдарлама қанатқақты қалыпта іске асып, тиімділігін көрсеткен еді. Нәтижесінде 300-ге тарта үй көгілдір отынға қосылды. Биыл 70 үй газбен қамтылды. Ендігі жоспар бойынша 420 үй межеленді. Газға қосылудың орташа бағамы 800 мыңнан басталады, – деді облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы директорының орынбасары Әлібек Аденов.
Таудан үлкен табалдырық
Кирзавод аумағы, Таугүл және Күнгей шағынаудандары маңындағы 4, 5, 6 іске қосу кешендеріне жауапты талдықорғандық «МБК Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып танылса, техникалық қадағалау «ГрандТауэрСервис» ұйымына жүктелген. Бесінші іске қосу кешенінде мердігер ескі әуежай ауданында Штурманская, Самал көшелерінде газбен жабдықтаудың орамішілік желісі тартылып, абонентке жалғаудың 512 торабы орнатылды. 29 техника, 100-ге тарта маман жұмылдырылған. Бұдан әрі, 2026 жылы Әлихан Бөкейхан ауданын газдандыру барысын жобалау амалдары басталмақ.
Рейдовая көшесінің тұрғыны Әбікен Кушкенов осы уақытқа дейін баспанасын көмірмен жылытып келген. Алты ай қыста 7 тоннадай сарп еткен көрінеді. Ендігіде газға қосылып, тұрмысының ғанибетін көрмек ниетте.
– Мұнда 2011 жылдан бері тұрып келемін. Отбасым үлкен. Шыны керек, көшемізге газ тарту үдерісі заманауи қалыпта іске асып жатыр. Ың-шыңсыз жұмыс істеп жатқан жұмыскерлерге қарап, қайран қалдық. Көгілдір отынның көкжиегі жақындады деген осы. Пеш жағып жүріп, кейде қонағымыздан қағаберіс қалып қойып жататын кезіміз болған. Жақсы жаңалық! Басы басталған екен, аяғы ойдағыдай тәмамдалса деген ниет қой. Көмірдің бағамын өздеріңіз білесіздер. Жыл сайын қымбаттамаса, арзандамайды. Тоннасы – 22 мың теңге. Орталықтандырылған газды көптен бері тағатсыздана күткен едік. Омыртқасы он бөлек отын желісі таудан үлкен табалдырық екенін сезінсек керек-ті. Табалдырық еңсерілді! – деп ағынан жарылды Әбікен Достайұлы.
Алтын көпір
Газдандыру қала мен оның тұрғындарына бірқатар артықшылық әкеледі. Біріншіден, бұл экологиялық жағдайдың айтарлықтай жақсаруы. Көмірмен жылытудан табиғи газға ауысу атмосфераға зиянды заттың шығарындысын едәуір азайтады. Екіншіден, газдандыру жаңа жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту арқылы аймақтың экономикалық дамуына едәуір ықпал етеді. Үшіншіден, газды жылыту, тамақ дайындау үшін пайдалану тұрғындар үшін тиімдірек. Бұл – өз кезегінде коммуналдық шығынның төмендеуіне сеп. Есесіне, газдандыру үдерісі бірқатар маңызды мәселелерге де ұласатыны түсінікті. Негізгі түйткілдің бірі – айтарлықтай қаржылық инвестиция қажеттілігі. Үкімет пен жергілікті билік инвестор тарту, жұмысты жалғастыру үшін бюджет қаражатын бөлу тұрғысында белсенді жұмыс жүргізуде.
– Жалпыдай алсақ, қала аумағында осындай 26 мыңға тарта жеке тұрғын үй газ жүйесіне кезекте тұрған еді. Оның ширегі газ желісіне сәтті қосылды. 2020 жылдан басталған келелі істі қарашада енгізу актісіне қол қойып, «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының өңірлік филиалына табыстаймыз, – деп хабарлады қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
«QAZAQGAZ AIMAQ» – газ тарату мен газбен жабдықтауға маманданған қазақстандық компания. Бұл ұйым тұрғындар мен кәсіпорындар атаулысын табиғи газбен қамтамасыз ету тізбегіндегі алтын көпір десек те болады. Компания – газ тарату желілеріне техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге жауапты. Тұрақты тексеру мен уақытылы жөндеу жұмысы – газбен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін сақтауға кепіл. Бұған профилактикалық қызмет көрсету, жабдықты диагностикалау және төтенше жағдайларды жою кіреді.
– Газға қауіпсіз әрі кепілді негізде қосылу айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде сақтықты талап етеді. Әр тұрғын біздің тараптан техникалық шарт алады. Кез келген қарапайым абонент техникалық құжатты тегін иемденеді. Арызын жазған адам үйінің техникалық куәлігін, жерінің актісі мен жеке куәлігін көрсетеді. Мұнан соң құрылыс жұмысы жалғасады. Нәтижесінде мамандарымыз жабдықтың қауіпсіздігін тексеріп, газ таратады. Тарифке келетін болсақ, алдымен шығын есептеледі. Әрине, көптеген күрделі үйлер барлығын да ескереміз, – дейді «QAZAQGAZ AIMAQ» өңірлік өндірістік филиалы директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.
Жаңа тарау
Қарағандының ақшамдағы шұғылалы шамдары шексіз далада шағылысатын жұлдызды аспан астындағы жаңа дәуірді әйгілейтіндей. Ғасырлар бойы күрес пен еңбектің куәсі болған кенішті қала болашақтың тың тынысына ие болды. Газдандыру, тағдырдың алтын жібі сияқты, өткен мен бүгінді біріктіріп, көрікті көшесі мен зәулім ғимараттарын дүсірлі даму мен үзім үміттің нышанына айналдырғандай.
Қарағанды Қарағанды болғалы төрткүл жаһанға еңбек адамының қасиетті өлкесі ретінде бой көтерген. Жер астынан көтерілген кенші, болат балқытқан металлург тарихы кенен шаһарды маңдай терімен көтерді. Жүз жылдықтар көш керуеніне кешікпей ілескен өндірісті өңір ендігіде табиғи газдың нығметі артқан даңқты дәуірмен тұспа-тұс келді. Әр үй мен кәсіпорынға көгенделген көгілдір отын жайлылық пен қауіпсіздік көрінісін сыйлауда. Сонау бір кездері ауыр жұмысты ән қылған көшелер міне-міне жарқын болашақ жоба-жоспарларына ойысқандай. Газдың келуімен қала жарқын, жылы, жайлы бола бастады. Қыста қою түтін шығаратын пеш мұржасы заманауи батареяларға жол берсе, газ плиталарының көгілдір ошағы баспанаға әлдебір жайлылық әкеліп, адам жүйке-жүрегіне жылылық ұялатты.
Әредік аула сәкілерінің біріндегі егде кісінің немересіне бұрынғы мен бүгінгіні астастырған астарлы әңгімеге желі тартып жатқанын құлағымыз естіп қалады. Оның дауысында өткен күнге мақтаныш, келер заманға алғыс аңдалады. Газдандыру әлгі қарт үшін тек техникалық жетістік қана емес, еңбек адамының еселі еңбегі мен ғани өмірін тану мен құрметтеудің белгісі іспеттес. Газдандыру – даңғайыр дәуірдің жаңа тарауының бастауы. Бұл – жылу, жарық және әл-ауқат тарауы…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz