Руханият

Саран қаласының тұрғыны үй пішіндес тоқаш пісіреді

Өмірге келген соң, әр адам бойындағы талантын, мұратын табуға талпынады, мән іздейді. Сол бойындағы мөлдір бұлақтың бастауын табу жолында бірден үлкен ерліктерге, үлкен істерге бару шарт емес. Бәрі қарапайым дүниелерден басталады. Мәселен, Саран қаласының тұрғыны Виктория Лаппа әр жаңа жыл мейрамы қарсаңында үй пішінінде тоқаш пісіреді. Бір қарағанда назар аударып, таң қаларлықтай қабілет емес. Бірақ аспаздың тоқашы әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинап, өңір тұрғындарының көзайымына айналды. Бұл жасаған еңбегіңнің үлкен, не кішілігі емес, нені болса да махаббатпен, шын пейілмен жасағаның маңызды екенін көрсетеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Виктория Лаппа – төрт баланың анасы. Қыл қаламмен сурет салатын өнері де бар. Биылғы мерекеге карамельді терезелі немесе заманауи A-frame үлгісінде жасалған екі қабатты үйдің пішінінде тоқаш пісіріпті.

Викторияның айтуынша, бұл идея аяқ асты пайда болған. Жаңа жыл алдында ол қалалық стадион аумағындағы ғимарат қабырғасын тапсырыспен бояп жүрген.

– Сол сәтте «неге біздің Мәдениет үйімізді тоқаш түрінде жасап көрмеске?» деп ойладым. Балалар бұл ойды бірден қолдап, қуана-қуана пісіріп, бірге жинадық. Эскизді өзім жасағаныммен, бөлшектерін қамырдан қолмен қиып шықтым. Құрастыру оңай болды. Әдетте бір бөлшегі екінші бөлшекке жапсарласпай құлап, қиындықтар туындайтын. Бұл жолы бәрі оңай жасалды. Тек шатыры сәл сырғып кетті. Оны глазурьмен тез бекіттік, – деді Виктория.

Аспаз әрі суретші ретінде ерекше тоқаш пісірудің құпиясын бөлісті.

– Ең маңызды кезең – жақсы күйдірілген қант дайындау. Қант пен дәмдеуіштерден (зімбір, даршын, қалампыр) дайындалған карамель, оған лимон қабығы мен шырыны қосылады. Кейін бал, сары май, жұмыртқа, ас содасы мен ұн араластырылады. Нақты өлшемдер жоқ. Ингредиенттер дәмі мен қоюлығына қарай интуитивті түрде араластырылады. Глазурь дайындауға жұмыртқа ақуызы, қант ұнтағы және лимон шырыны керек. Қоюлығын жасайтын өніміне қарай реттейді. Қою глазурь бөлшектерді біріктіруге қажет болса, сұйығы қабырғалар мен терезелерді өрнектеуге қолданылады, – деді аспаз.

Үй пішіндес тоқашты пісіру мен құрастыру процесін аспаз үнемі бейнетаспаға түсіреді. Биылғы контентін өңірдегі бірнеше паблик бөлісіп, мыңдаған қаралым жинапты. Аспаз «әр пабликте жарияланған бейнеролигімізге жа­ғымды пікірлер жазылғанын көріп, қуанамыз», – дейді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button