Жаңалықтар

Көпшілік кент келешегіне алаңдайды

Облыс халқымен жаңа формат аясында есептік кездесулер өткізіп жүрген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл жолы Ақтоғай ауданының Шашубай кенті тұрғындарымен жүздесті. Басқарма басшыларының қатысуымен жергілікті тұрғындарды жеке қабылдады. Алыстағы ауылға барып, халықпен бетпе-бет отырып сөйлесіп, олардың өтініш-тілегін, сын-ескертпесін тыңдады. Кездесу барысында 36 мәселе көтеріліп, сұрақтар тіркелді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жол жабындысы жарамсыз

Шашубайлықтар жаңа ас­фальт­қа наразылықтарын білдірді. Жолды жөндеу жазда жүргізілген. Ауылға салынған сапасыз жол қайта жөнделеді. Жұмыстар қабылданбауына орай, мердігер компания – қарағандылық «Лидер Строи Груп» ЖШС-інің ісі сотқа жолданған. Биылғы жолды жөндеу жұмысына 143 млн. теңгеге қаржы бөлінген. Кенттің Шашубай көшесіндегі жұмыс сапасы нашар болған көрінеді. Мамандардың айтуынша, көшені асфальттаған мердігер енді сапасыз учаскелерді қайта қырып, жаңасын салуға міндеттеледі.

– Биыл Шашубайда жалпы ұзындығы 2,1 шақырым көше мен тұйық көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Негіз дұрыс жасалды, бірақ асфальт төсеу тәртібі бұзылды. Мердігердің жұмысына қанағаттанбадық. Шарт бұзылып, сотқа мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыз береміз, – деп түсіндірді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Саян Мұратұлы.

 

Бос тұрған үйлер жөнделеді

Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – көп жылдардан бері бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру. Тоқсаныншы жылдары бос қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру көзделеді. Ауылда осындай төрт үй бар. Олардың біреуін қайта құру биыл басталды. 100 пәтерлі бес қабатты үй қалпына келтірілгеннен кейін әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санаттағылар баспана алады. Біртіндеп, қалған үйлерді қалыпқа келтіру жоспарлануда.

– Біз техникалық қорытынды алдық. Бос үйлерді қалпына келтіруге болады. Төрт үй бойынша меншік иесін анықтау жұмыстары жүргізілді. Содан кейін коммуналдық меншікке рәсімдедік. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Кейін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Шашубайда тұрғын үй алу кезегінде 215 адам тұр. Бұлардың арасында көпбалалы отбасылар, баспанаға мұқтаж жандар бар. «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан Ақбергенов көшесіндегі 96 пәтерлі үй қазіргі уақытта 85 пайызға аяқталды. Бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі, – деді Шашубай кентінің әкімі Нариман Маңғышев.

 

Жарық жиі сөнеді

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың дені жарықтың жиі сөнуі төңірегінде. Олар қолайсыз ауа райы кезінде жарыққа қатысты апатты жағдайлар жиі орын алатынын атап өтті. Электр желілерінің уақытша ажырауы туралы хабарландыру әлеуметтік желілер, жеке парақшаларда уақытылы жарияланған.

Сегіз жылдан бері электр желісін жергілікті әкімдік қадағалауына ал­ған. Өйткені, жауапты мекеме жоқ. Кенттің 28 шақырымдық электр желісінің бойында 13 трансформатор бар. Трансформаторлардың 40 пайызы жаңартылған. Кеңес үкіметінен келе жатқан трансформатордың 60 пайызына жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кент әкімі Нариман Маңғышев қа­зір электр желісінің коммуналдық мен­шікке беріліп жатқанын мәлімдеді.

 

Шашубайлықтар орталық жылу жүйесін сұрайды

Кент тұрғындары Балқаштағы Қоңырат тұрғындары үшін басты мәселе шешілгендігін айтады. Еске салсақ, ескірген қазандықтың орнына енді үйді Балқаш жылу электр орталығы жылытады. Бұрын қуаттылықтың жетіспеуіне байланысты әр жылыту маусымында тұрғындар пәтерлерінің суықтығына шағымданып келген еді. ЖЭО-дан 17 шақырым жаңа жылу магистралі тартылып, орамішілік желілер салынды. Шашубай кенті Балқаш қаласынан бес шақырым жерде орналасқан. Кенттегі барлық әлеуметтік нысан мен барлық үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу туралы ұсыныстарын айтты. Шашубайда жылытуға тиісті аумақ – 23 мың шаршы метр. Биыл Ақбергенов көшесіндегі тоғыз үй қосылғанда 27 мың 500 шаршы метрді құрайды. Мамандардың мәлімдеуінше, әзірге жылу орталығына қосылу мүмкін емес. Шашубай кентіне келер жылы 800 млн. теңгеге қазандық орнату жоспарланып отыр. Қазандық іске қосылған бойда барлық үйлерді жылумен қамтуға мүмкіндік бар. Бұл мәселені келер жылдың еншісіне қалдырды.

 

«Жолбарыс жұртымыздан айырмақшы»

Тұқымы тұздай құрыған Тұран жолбарысын қайта тірілтіп, Балқаш жеріне жерсіндіру жобасы қолға алынғалы айдынның арғы бетіндегі шаруашылық иелері қоныс аударуға мәжбүр болып отыр. Осы жағдайға шаруашылық иелері алаңдаулы. Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылы Тұран жолбарыстары популяциясын жандандырмаққа жұмысын бастап кетті. Бүгінде жолбарыс жіберіледі деген жерде Ғалымжан Бекқожин, Ерғазы Серіков, Мадияр Дәкенов, Нұртас Өмірсеков сынды азаматтар үй салып, көп жылдан бері мал өсіріп, балық аулаумен айналысып келеді. Аталмыш 10 гектар жерге жолбарыс өсіру туралы шешім шыққалы шаруа иелеріне жерді босатып, үйлеріңді бұзыңдар деген бұйрық келген.

– Біз бірнеше жылдан бері осы жерге салық төлеп, шаруашылықты дамытып келеміз. Заңдастырамыз деп жүргенде, бұл жерлерде адам тұрмайды, мал өсірілмейді деген жалған ақпаратпен жолбарыс өсіруге қорық құрғандар бізді қудалауда. Олар жолбарыс өсіретін аумаққа қоршау да орнатқан жоқ. Және ол жер Орда-Дересін ауылына төрт шақырым аумақта орналасқан. Біз облыс әкіміне Бақанасқа жер телімін өзгерту туралы ұсыныс-хат әзірлеуін өтіндік, – дейді жеке кәсіпкер Алмаз Сәтбеков.

Кенттегі кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент тапсырмасын жүзеге асыруда қарқынды жұмыс­тар жүргізіліп, мәселелер қолға алынып, жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын жария етті.

 

Мыс шаһарында да мәселе көп

Бұдан кейін облыс әкімі жұмыс сапарымен Балқаш қаласында болды. Тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету – Балқаштағы басты міндет. Қазір қалада сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Екі жыл ішінде 124 шақырым құбыр ауыстырылады. Биыл 43 шақырым ретке келтірілген. Келесі жылы толығымен аяқталуы тиіс. Балқашқа жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыстырылатын су құбырының проблемалық учаскелерінде болды. Бүгін Балқаштағы су құбырларының тозуы 75%-ға жеткенін атап өтті қала әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

– Бұрын тұрғындардан жертөлелерді су басу және судың қысымы төмен деген шағымдар түскен. Бұл мәселелер шешімін табуда. Жоба 2024 жылы да жалғасады.  Жөндеу кезінде тұрғындарды қосымша сумен қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Темірхан Айдарханов.

Ермағанбет Бөлекпаев абаттандыруды созбауды тапсырды. Су құбыры желілерін ауыстыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдарды жөндеуге дереу кірісу қажеттігі айтылды. Қазіргі таңда Балқашта жылыту маусымы басталған. Биыл 18 шақырым жылу желілері ауыстырылды.

Нұрдос КӘРІМ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button