Көпке пайдалы көшпелі жәрмеңке
Өткен аптада Орталық мәдениет және демалыс саябағында 20 мемлекеттік орган, 60 жұмыс беруші, 10 үкіметтік емес ұйым, құқық қорғау органдары мен прокуратура, пробация қызметі, Қарағанды қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы өкілдерінің қатысуымен қала тұрғындары үшін ауқымды іс-шара өтті.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы ПД бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Ә.Әбілдин, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Л.Ақылжанова, Қарағанды қаласы полиция басқармасының басшысы Ш.Салин және Қазыбек би аудан прокурорының орынбасары К.Мұратов, «Amanat», «Ақ жол» «Байтақ» партияларының өкілдері және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Консультативтік-көшпелі жәрмеңкеде қала жастары балалардың құқығын қорғау, балалардың жазғы демалысы, қамқоршылық мәселелері, жұмысқа орналасу, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау мәселелері, интернет алаяқтықтан қорғау туралы жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауының маңызы және т.б. мәселелер бойынша кеңес алып, заңнаманы түсіндірді есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша профилактикалық консультациялар өткізді.
– Бүгінгі шараға 50-ден астам жұмыс беруші келіп отыр. Қазір 5-ші жәрмеңке өтіп жатыр. Біз мұндай шараны Сұрыптауда, Майқұдықта, Пришахтинскте өткіздік. Енді Қарағанды қаласында өткізіп жатырмыз. Біз бұл іс-шарадан соң жыл басында және жыл аяғында қанша сұрақ түсті сол бойынша сараптама жасаймыз. Әлеуметтік және коммуналдық мәселелер бойынша сұрақ көп түсіп жатыр. Халыққа ақпарат жетіспейді, тұрғындар көп ақпаратты білмейді, мемлекеттік бағдарламалардың қандай жұмыс атқаратынын толық білмейді. Білсе де қорқақтайды. Ал, біздің кеңесшілер қандай жерге бару керектігін нақты әрі түсінікті айтады, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Келушілерге 2600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Өткізілген іс-шарада 457 азаматқа кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде кеңес берілді. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша консультациялық жұмыс ұйымдастырылды. 86 азаматқа жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Оның ішінде пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға 12 жолдама, алимент бойынша берешегі бар азаматтарға 9 жолдама берілді.
Көшпелі консультативтік іс-шаралар әлі де жалғасады. Өткізу күні мен уақыты туралы ақпарат қосымша хабарланады.
Жұпар АСХАТҚЫЗЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің II курс студенті