Көпбейінді ауруханада жетістік көп
Аймақта профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананы білмейтін жан кемде-кем. Былтыр клиника мамандары 242 мың адамға медициналық көмек көрсетіпті. Бұл Қарағанды қаласының әрбір екінші тұрғыны деген сөз. Ауруханаға жатып, ем алып шыққандары 25 мыңға жуықтаса, алты мыңы күндізгі стационарда болған. Мұнда күнделікті жүздеген науқасқа кеңес беріліп, ондағанына ота жасалады. Жүйелі жұмысқа келуші де, дәрігер де үйренген. Әлбетте оның барлығы бірден қалыптаспағаны рас. Дегенмен, мемлекеттің тұрақты қолдауы, дұрыс басқаруы әрі стратегиялық айқын бағыты нәтижеге жеткізетініне бүгінде көз жетті деуге болады.
Іздемей-ақ табылар
– 2018 жылы біз травматология орталығы мен облыстық медициналық орталықты біріктірдік. Содан кейін пациенттерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін жақ-бет хирургиясы бөлімі қосылды. Бұған дейін, мысалы, бас жарақатын алған адам кем дегенде үш жерге баруы керек еді. Алдымен миға келген зақым травматологиялық пунктте, кейін жақ-бет ауруханасына, сосын лор дәрігерге басқа жерге баратын еді. Оған қоса, офтальмологтың көмегі керек бола қалса, оны іздеп қаланың басқа шетіне баратын-ды. Өзі науқас адамға мұның бәріне бару әжептәуір жұмыс. Бүгінде науқасқа қажетті маман, диагностика, зерттеу мен емдеу, жалпы, барлық шұғыл көмек бір жерде көрсетіледі. Яғни, бір науқаспен мультидисциплинарлық топ жұмыс істейді. Бастапқы идея осы болатын. Бүгінде уақыттың өзі сол шешімнің дұрыстығын көрсетіп берді, – дейді аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Мұнда пациентті емдеуде диагностика, неврологиялық, хирургиялық, травматологиялық және терапевтік емдеу кезеңінен бастап оңалтуға дейінгі толық сабақтастық бар. Қажетті деген тексерулердің барлығы заманауи аппараттарда орындалады. Биыл тағы да медициналық жабдықтар алу жоспары тұр.
Аурухананың биылғы жоспары зор. Материалдық-техникалық жабдықталу, маман даярлау, қызметкерлерді қолдау барлығы қамтылған.
– Биыл облыстық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Ол ангиограф пен жаңа КТ аппаратын сатып алуға ғана кетеді. Қазір үш КТ аппараты бар, бірақ, оның өзі бізге жеткіліксіз, – дейді Еркін-Дәуір Төлеуұлы.
Тәулік бойы кісі арылмайтын клиникада халық көп қолданатын КТ аппаратынан үнемдеу пациент үшін дұрыс шешім емес деген пікір айтты директор.
– Қазіргі қолданыстағы аппараттарға жүктеме үлкен. Күніне 120-дан астам зерттеу жасалады. Салмақ түскен сайын тезірек тозатыны белгілі. Сондықтан, жүктемені бөлу керек. Реанимация кабинеттерін жабдықтауға да қаражат бөлінеді. Одан бөлек, біз табысы бар мекеме ретінде өз қажеттіліктерімізді өзіміз ала аламыз. Әрине, ондай қомақты қаражат емес, десе де, жылына 300-400 млн. теңге жабдықтауға жұмсалады. Жалпы, біздегі техникалық паркті 10-15 пайызға жаңартуға тырысамыз, – дейді ол.
Соның арқасында диагностикадағы заманауи әдістер, шағын инвазивті хирургиялық көмектің барлық түрі жасалады. Кез келген адамның өзіне қажетті көмекті уақытылы, сапалы алуы басшылықтың ғана емес, аурухананың абыройы. Сондықтан, мұнда технология қашанда адами капиталдан кейін тұрады.
Әуелі – адам
Мына заманда ештеңе бір орында ұзақ тұрмайды. Үнемі жаңарады, жаңғырады. Әлемдік медицинада да даму зор, роботтар, жасанды интеллект. Алайда, Еркін-Дәуір Төлеуұлының пікірінше, ол да адамсыз жұмыс істемейді.
– Жасанды интеллект оны адам қолдану үшін жасалады. Адам қашанда бірінші орында, техника екінші кезекте. Техника адамсыз жұмыс істемейді. Кейде материалдық жабдықталудың соңынан қуып, адамдарға назар аударуды ұмытып кетеміз. Дегенмен, білікті маман бірінші кезекте, – дейді ол.
Ауруханадағы 236 дәрігер, 470 орта және 248 кіші медициналық персонал, одан бөлек, 200-ге жуық адамның күнделікті еңбегінсіз аурухана сияқты алып құрылымның алқынбай жұмыс істеуі мүмкін емес.
– Біреулер зейнетке кетеді, біреулері бала тууына байланысты жұмыстан қол үзеді. Ал, біздің жұмыс тоқтамауы керек. Қазір маман тапшы дейтін емес. Осыдан 5-7 жыл бұрын расымен мұқтаж едік. Қазір өз қаражатымызға резидентурада 30 шақты маман оқытып жатырмыз. Бұл мемлекеттік грант пен облыс әкімінің грантынан бөлек. Жылына соның 10-15-і келеді. Негізінен нейрохирургия, травматология, анестезиология-реанимация, акушерлік-гинекология, онкология, радиология мамандықтарына оқытамыз, – деді директор.
Медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Ол жыл сайын кезең-кезеңімен орындалып келеді. Клиникада да барлығы күткен мөлшерге жетті.
– Біз медициналық қызметкерлеріміздің еңбекақысына өзіміз қосымша үстеме төлей аламыз, – дейді Еркін-Дәуір Құрманғалиев. – Басқа медициналық мекемелермен салыстырғанда шамалы болса да артық. Әлбетте, жұмысына қарай алады. Жақсы істесе, миллионға дейін алады. Топ мамандар бар. «Қолы алтын» дейді ғой. Олардың алатын ақысы бұрыннан жоғары. Күндіз жұмыста, кешкісін кезекшілікте жүретін еңбекқор мамандар бар. Оларға да ынталандыру жасалады. Айырмашылық көбінесе адамға байланысты.
Сапа үшін білім керек
Табыстың еңбегіңе қарай, оның сапасына қарай болатыны нарық заңы. Жұмыс сапалы болуы үшін әуелі білім мен тәжірибе қажет.
– Оқусыз, тәжірибесіз сапалы білім мен сапалы медицина мүмкін емес. Сондықтан, біз мамандарымыздың білімін арттырып, тәжірибе жинақтауына аса мән береміз. Бұл жағынан биылға үлкен жоспарлар бар. Оған да жергілікті бюджет қолдау көрсетіп отыр. Сырттан мамандар шақыртамыз, біздікілер де барады. Біреулер «Бұлар неге шетелге бара береді? Неге сонша ақша құртады?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ, білімсіз ештеңе болмайды. Мысалы, сол америкалықтар Еуропаға барып оқиды, еуропалықтар Африкаға барып білімін жетілдіруі мүмкін. Біздің мамандар Израиль, Үндістан, Түркия, АҚШ, Еуропаның бірқатар елдеріне барды. Карантин кезінде де аз-аздан болса да, барып жүрді, – дейді басшы.
Алдағы уақытта медициналық университет жанынан клиника ашылады деген жоспар бар. Оны өңірге Мемлекет басшысы келгенде де, кейіннен облыс әкімі Президенттің қабылдауында болған кезінде де айтылды.
– Бұл өте маңызды. Университет клиникасы базасында студенттер білім алады, тәжірибе жинайды. Қазір олар әр жерде жүр, – деді директор.
Бас дәрігердің айтуынша, тәжірибе бар жерде нәтиже де болады.
– Жүйелі жұмыс кезінде қателік аз кетеді, бұл – бір. Екіншіден, пациенттері көп жерде көмек көрсету сапасы да жоғары. Барлығы мұны керісінше санайды. Адам алғаш келгенде хирургты бағалай алмайды. Ол әуелі қызмет көрсету деңгейін бағалайды. Келушілер көп жерде сервис төмен болуы мүмкін. Бірақ, адам күнделікті операция жасап, белігілі бір ем-шараларды орындайтын болса, оның тәжірибесі де, машығы да, білігі де артады емес пе? Дәрігерлер қолы жүруі үшін аптасына кемі он операция жасауы керек. Нейрохирург көбірек операция жасаған сайын үйрене түседі, дамиды, тәжірибе жинайды. Бізді сол үшін де таңдайды. Қарағанды ғана емес, республиканың басқа да қалаларынан келеді. Біз өзіміздің үздік екенімізді білеміз, – деді ол.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz