Мемлекет басшысының халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес Балқаш өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жақында балқаштық көпбалалы алты ана пәтерлі болды. Пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсырған шаһар басшысы Қайрат Амангелдіұлы ел демографиясының өсуіне үлес қосып жүрген аналарға барлық жағдай жасалатындығын атап өтті.
– Көпбалалы отбасылар мәселесі назардан тыс қалмайды. Көмек, мейлінше, әрбір мұқтаж отбасыға көрсетіледі. Мемлекетіміз көпбалалы аналарды үй алу кезегіне жеке қойып қолдау танытып отыр. Облыс әкімінің бастамасымен бүгін көпбалалы аналар баспаналы болды. Биыл көктемде бірнеше үй аналардың игілігіне берілді, – деді Балқаш қаласының әкімі Қайрат Амангелдіұлы.
Баспаналы болған көпбалалы аналар Анар Бейсенбекова, Әсел Шынбаева, Гүлден Тілеубекова, Келбет Совет, Жанерке Шәкішева, Алуа Таутановалардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, Жанерке Ерболатқызы осы күнді көптен күткен екен.
– Бесінші кішкентайымызды күтіп жүрміз. Бізге ерекше қолдау білдірген қала әкіміне, қалық әкімдіктің өкілдеріне алғысым шексіз. Енді Қоңырат шағын ауданында төрт бөлмелі үйге қоныстанамыз. Әр баланың өз несібесі бар. Барлық баспаналы болған отбасылардың қонысы құтты болсын, – дейді Жанерке Ерболатқызы.
Айта кетейік, бұл жолы көпбалалы аналарға Қоңырат шағын ауданынан екі, Балқаш стансасынан төрт үй берілді.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ.