«Көп тудың ішінен Көк Туды желбіретсем…»
Түбі бір түркі ағайындармен қатар елі басқа Еуропа елдері сайысқа түскелі жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына санаулы күндер қалды. Қарағанды жұртшылығы да Ұлттық ойынның сайыпқырандарын сайлап, ұлы додаға жасақталып болды. Тіпті, ұлттық спорт түгілі өзбек ағайынның ұлттық күресі кураштан да сайысқа түсер саңлақтарымыз бар. Бұқар жырау ауданы Шалқар ауылының тумасы Ажар Салықова – V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеуден іркілмей өткен балуан қыз. Орайы келіп дода алдында Ажармен әңгімелесіп, жарысқа жолдама алу жолындағы кезеңдері жайлы сұраған едік.
– Ажар, ең алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз… Спортқа қалай келдіңіз, талай мықтыны сүріндірген іріктеуден өтуіңіздің сыры неде? Өзбек ағайынның курашын қалай тез игеріп алдыңыз?
– Мектепте оқып жүргенде 8-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде оқыдым. Кейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында дене шынықтыру факультетінің бакалавр және магистрлік дәрежесін игердім.
Негізі спортты дзюдо күресінен бастағанмын, одан кейін самбоға ауыстым. Осы екі спортпен 10 жылға жуық айналыстым. Кейін джиу-джитсу спортына қатты қызығып, соған бет бұра бастадым. Қазір екі жыл болды джиу-джитсудан күлгін белбеу дәрежесін алып, Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін қола жүлдегері атандым.
Жоқ, іріктеуден өтуімнің сыры да, құпиясы да жоқ. Өзбек елінің курашымен айналысқаныма көп болған жоқ. Бұл спорттан жүлделі жарысқа алғаш 2022 жылы 70 келі салмақта шығып, ел чемпионатының жеңімпазы атандым. Ал, келесі жылы тағы Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, Азия чемпионатына жолдама алдым. Ол жерден күміс медаль бұйырды. Бұдан соң араға көп уақыт салмай Әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алдым. Биыл наурыз айында осы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына кураш күресінен іріктеу өтіп, сол жерде бас жүлдеге ие болдым. Осылайша дүбірлі додаға жолдама нәсіп болды.
– Ала шапанды ағайындардың кураш күресі – 3500 жылғы тарихы бар көне спорт. Бір ғана кураш сөзінің мағынасы – «адал жолмен мақсатқа жету» деп аударылады екен. Десек те, оның әдіс-тәсілі көпшілікке беймәлім. Соны өзіңізден сұрасақ, кураш қай елдің күресіне көбірек ұқсайды? Айырмашылығы қандай? Несімен ерекшеленеді?
– Кураш өзбек елінің ұлттық спорты болған соң, көбісі оны қазақ күресіне ұқсайды деп ойлайды. Алайда, кураш жапондардың дзюдосына көбірек келеді. Екеуінің айырмасы дзюдода партер, яғни, жерде жатып айқасу бар, ал, курашта тек тұрып белдесу керек. Тіпті, арнайы киімі (кимоно) де ұқсас. Тек, түстері жасыл және көк болып бөлінеді. Оны «яхтак» деп атайды. Қос балуан боз кілемге жалаң аяқ шығуы тиіс. Мұнда да қырқа, жамбас, артқа тастау, іштен ілу, иықтан асыра тастау сынды әдістер бар. Әр әдістің өзіне сай ұпайы болады. Ерекшеліктеріне келер болсақ, алаң сыртындағы жасаған әдіс саналмайды. Егер әдіс алаң ішінде жасалып, сосын алаң сыртында аяқталса, онда әдіс толық жасалған болып есептеледі. Ұру, буындыру, қылқындыру, қол қайырып, ауырту әдісін жасау және аяқтан ұстауға қатаң тыйым салынады. Ондай әрекет жасаған спортшы бірден алаңды тәрк етуі тиіс. Ол спортшыны төреші тіпті кураш спортынан аластатып жіберуге де толық құқылы.
– Еліміздің атынан кураш күресінен қанша балуан белдеседі? Олардың салмақ дәрежелері қандай болмақ?
– Нақты қатысатын спортшыларды білмеймін. Бірақ, дода бойынша кураш күресінен қатысушылар алты салмақ сапында ерлер, үш салмақ дәрежесінде қыздар белдеседі. Ерлер 60, 66-ға дейін және 73, 81 келіге дейінгі һәм абсалюттік салмақта болса, қыздар 57, 70, 87 келіге дейін күреседі. Күрес уақыты ерлерге 5 минут, қыздарға 3 минуттан беріледі.
– Қарсыластар қай елдерден келеді? Олардың деңгейлері жайлы не айтасыз? Және қай елдің спортшысы сізбен ақтық сында жолықса қауіп төндірер еді?
– Ең мықтылар – әрине, өзбек елінің балуандары. Себебі, кураш олардың ұлттық спорты. Сонымен қатар, түркімен, ирандықтар және қырғыз елінің спортшыларын атап өтуге болады. Қарсылас деп еске алып елеп, әдісіне қарымта шабуыл ойластыратын спортшының бірі – қырғыз қызы Айсулуу Тыныбекова. Ол – 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Сосын өзбек қызы Актенге Кеунимжаева шығып қалатын шығар. Алайда, олармен белдесе қалсам, қам жемеймін. Себебі, біздің де қанымызда батырлық пен қайтпас қайсарлық бар. Жеңем деген үміттемін. Көп тудың арасынан Көк туымызды желбіретіп биікке көтерсем – еңбектің еш кетпегені. Қазақта айтады ғой «Һас тұлпардың баласы аз оттап, көп жусайды, Һас жақсының баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды» деп. Сол секілді, сөзден гөрі ісіміз күшімізге сеп болсын!
– Әңгімеңізге мың алғыс, Ажар!
Сұхбаттасқан Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»