«Көп – түкірсе көл»
Арыс қаласындағы қайғылы жағдайға байланысты көмекке зәру ағайындарға қолдау ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі «Арыс балаларына» атты бірыңғай республикалық акциясын өткізген болатын. Шара аясында Қарағанды облыстық Аналар кеңесі этномәдени бірлестіктер өкілдерімен және қала жастарымен кездесу өткізді. Кездесуде Қарағанды облысы бойынша кеңес төрайымы Жанар Кенжеғалиева жиналғандар алдында сөз сөйлеп, апаттан зардап шеккен Арыс қаласының үйлерін, балабақшалары мен мектептерін қалпына келтіруге жәрдем беріп, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсетуге үндеу жасады.
Жанар Бейсембекқызы сондай-ақ, қазіргі таңда қалада Түркістан облысына барып, зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін еріктілер топтары құрылып жатқанын айтып, жастар арасынан ниет білдірушілер болса, осы топтарға жазыла алатындығын атап өтті.
Аналар кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы сарбаздар аналары кеңесінің төрайымы Мария Фатеева және ҚарМТУ ИТК колледжінің директоры, аналар кеңесінің мүшесі Нұрбибі Смағұлова да ниетті екендіктерін білдіріп, жүрекжарды толғанысын жеткізді. Сондайақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыр халге тап болған азаматтардың қарыз жүктемелерін төмендету туралы Жарлығын да тілге тиек етіп, Арыс қаласының балаларына аналық тілектерін хат арқылы жолдады.
Айта кету керек, ел бойынша «Арыс. Біз біргеміз» акциясы да қолға алынды. Осы мақсатта арнайы қорлар құрылып, есеп-шоттар ашылды. Жалпы алғанда, «Арыс. Біз біргеміз!» – «Арыс. Мы вместе!» жалпыреспубликалық акциясын қолдау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы осы күнге дейін елу екі миллион теңге жинаған.
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.