«КҮНГЕЙГЕ» қатынас қалай?
Қарағандыдағы «Күнгей» ықшам ауданының тұрғындары балалардың мектепке баруы қиындағанына шағымданады. Тұрғындардың айтуынша, карантин уақытында «Күнгей» ықшам ауданынан қалаға қатынайтын №16 автобусы жол маршрутын қысқартқан. Бұл – мектепке баратын оқушыларды сабақтан қалуға мәжбүр еткен. Жаяу мектепке қатынауға мәжбүр балаларды қаңғыған иттер қуып, мектепте бару қиындай түскен.
Аталған мәселені көтеріп, редакцияға шағымданған күнгейлік Еркебұлан Олжабековтің екі баласы бар. Балаларын көлігімен күн сайын мектепке таситын азамат өзі секілді күнгейлік жас отбасылардың мектепке баратын балаларының жағдайына алаң.
– Карантин уақытында №16 автобус жол маршрутын қысқартты. Қаламызда карантиннің талаптары жеңілдегенімен, автобус маршрутын әлі ұзартқан жоқ. Күнгейліктердің 80%-ы – жастар, көпбалалы аналар болғандықтан, қатынас қиындап тұр, – дейді Еркебұлан Олжабеков.
Еркебұлан мырзаның мәселесін назарға алып Күнгейден қалаға қанша оқушы қатынайтынын білдік. Қалалық білім бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, күнгейлік тұғындардан осы уақытқа дейін №16 автобусқа, әсіресе, оқушыларға байланысты шағымдар түспеген.
– Жалпы қалалық мектептерге Күнгейден 160-қа жуық бала қатынап оқиды. Олардың басым көпшілігі Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда білім алады. Ата-аналартарапынан «автобус кешігеді» немесе «балаларымыз қиналып жүр» деген шағымдар түспеді, – дейді білім бөліміндегі мамандар.
Ал, Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия әкімшілігінің айтуынша, қазіргі таңда карантинге байланысты сабақтар қысқартылып оқытылуда. Оқушыларға тек 4 пәнді оқыту міндеттелген. Сабақтан кеш қайту немесе автобусты күтіп қалу жағдайлары орын алмаған.
– Көп жағдайда күнгейлік оқушыларды ата-аналары жеке көліктерімен әкетеді. Кейде өз баласымен қатар көрші үйдің де балаларын бірге әкететін ата-аналар кездеседі. Әзірге автобус үшін шағымданған ешкімді көрмедік, – дейді Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әділжан Қайыржанұлы.
Мәселені нақтылау мақсатымен «№3 автобус паркі» ЖШС-не қоңырау шалдық.
– №16 автобусқа қатысты күнгейліктерден шағым түскен жоқ. Автобус бұрынғыша 2 қозғалыс бағытында 16 аялдама бойынша жүреді. Ол жақта арнайы автобус бақылаушы өкіл бар. Шағым болса айтар еді, – дейді «№3 автобус паркі» ЖШС пайдалану бөлімінің басшысы Тимур Есекеев. Мәселенің түп-төркініне тереңінен үңілер болсақ, көп жағдайда қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі мектептерде білім алатын күнгейлік оқушылар ауа райының қолайсыздығынан сабаққа келмейді екен. Өйткені, оқушылар тұратын үйлердің көбі аялдамадан алыс орналасқан.
Аяулым СОВЕТ