Күнгей тұрғындары кәріз жүйесіне заңсыз қосылған
Қарағанды қаласы, Күнгей ықшамауданы тұрғындарының тарапынан кәріз суына байланысты шағым көптеп түскен. Осы мәселені анықтау мақсатында облыстық экология департаменті мамандары полиция қызметкерлері, Қазыбек би ауданы әкімдігінің өкілдері мен шағымданушылармен бірге тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Күнгей тұрғындары кәріз жүйесіне заңсыз қосылғаны анықталып, экологтар оны заң бұзушылық деп таныды.
Тексеріс барысында экологияға теріс әсер ететін өндіріс ошақтары анықталмады. Арнайы құрылған комиссия Күнгей ықшамауданының бірнеше көшесіндегі кәріз бойындағы ағынды сулар рельефке ағып жатқан жеріне зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, Ақселеу Сейдімбек, Жүсіпбек Алтайбаев, Жақан Смақов, Мәтен Рахымбеков көшесінің тұрғындары су құбырына заңсыз қосылғаны анықталды. Яғни, шаруашылық-тұрмыстық ағынды сулардың жалғанған құбырлары кәріз жүйесіне тазартусыз төгілген.
Енді осы анықталған жағдай бойынша экология департаменті тиісті шаралар қабылдау үшін қалалық әкімдікке хат жолдамақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz