Бас тақырып

«Күнгей» көгілдір отынды көп күтпейді

Алдағы уақытта Қарағандыда газбен қамтылған тұрғын үйлердің саны 3 мыңға жетеді деп сүйіншілеп отыр жауаптылар. Осы жаңалықтарына қарап, кеншілер шаһарында газдандыру қарқынды жүріп жатқанын аңдауға болады. Сосын, «қаланың дәл іргесіндегі «Күнгей» шағын ауданына көгілдір отын қашан жетеді?» деген сауал көпшіліктің көкейіне орнағалы қашан. Бұл сұраққа да жағымды жауап айтылды. Келесі жылы жұмыс басталмақ. Бұны Қарағанды газ шаруашылығының директоры Асыл Байдүйсеновтің аузынан естідік. Айтуынша, қажетті қаражат бөлініп қойған. Тек, мердігер анықтау шаралары жүргізілуде. Осы қаладағы газдандыруды қолға алған «QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясының өкілдері аймақ журналистеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Баспасөз туры барысында Қарағандыға газдың қайдан келетінін, қалай таратылатынын көзбен көрдік. Арзан отынның қызығын көріп отырған тұрғындардың үйіне де ат басын тіредік.

Газ қайдан?

Қарағандыға жылу беретін газ құбыры сонау Қызылордадан Жезқазған арқылы тартылған. «Сарыарқа» деген атау алған магистральді құбыр бұл. Жезқазғаннан жеткен көгілдір отын Дубовка елдімекенінің іргесінде орналасқан автоматты газ реттеу­ші станцияға 12 кг салмақпен түседі. Дубовкадан келетін газды кеншілер шаһарының төрт жеріне орналасқан газ реттеуші пункттер 6 кг етіп қабылдайды. 4 пунктен 62 реттеуші шкафқа тарайды. Дәл сол шкафтардан газ үйлерге 3 кг болып барады.

Қала көшелерін шырмауықтай шырмаған сары түсті құбырлардың жалпы ұзындығы 2036 жылға қарай облыс бойынша жалпы ұзындығы шамамен 80 292 шақырымды құрауы мүмкін. Болжам солай. I дәрежелі жоғары қысымға арналған құбырдың ұзындығы – 14 737, II дәрежелі жоғары қысымдағы құбыр – 2276, орташа қысымда – 7042, төменгі қысымда – 56 236 шақырым. Мамандар 2023 жылы көгілдір отынмен аймақтың шамамен 28 902 тұрғынын қамтимыз деп отыр.

Қарағанды газ шаруашылығының директоры Асыл Байдүйсенов газды үлестіретін маңызды нысандарды күтіп ұстау жұмыстары қалай жүргізілетінін және қалай қорғалатынын айтып берді.

– Бұл пунктер мен шағын шкафтардың орнатылғанына бірнеше жыл өтіп кетті. Содан бері ешқандай апат, келеңсіз жағдай болған жоқ. Біз жаз бойы құрылғыларды, құбырларды жаңартып, қысқа дайындаймыз. Жаңарту шараларына аса ұқыппен қараймыз. Өйткені, Арқаның қақаған қысында тұтынушылар жау­рамауы керек. Содан кейін, аталған нысандарды вандалдардан қорғаудың цифрлық жүйесіне көшкенбіз. Мәселен, қоршалған аумаққа бөтен біреу кірсе, орталыққа дабыл түседі. Біз дереу арада сол нысанға жолға шығамыз. Өрт сөндіру және полиция қызметімен тығыз байланыстамыз. Су мен жарыққа жауапты компания­лармен де арнайы келісім шарттар бар. Сонымен қатар, озық үлгідегі компьютерлік жүйе қай құбырдан газ тарап жатқанын анықтап бере алады. Апат қызметі тәулік бойы қызметте, – деді Асыл Байдүйсенов.

Арзан әрі қауіпсіз

Қалың журналист көш түзеп, Дубовск көшесінің бойында тұратын Светлана Захарованың үйіне бардық. Ол бірнеше жыл бойы газ тұтынып келеді екен. Көмір жағудың бейнетінен арылған. Көмір іздеп сабылмайды, оны отын қораға тасып әуреленбейді, пеш аузын күзетіп отырмайды.

– Алдымен қызыммен ақылдастым. Ол Ресейде тұрады. Ол жақта табиғи газ барлық жерде қолданылады екен. Тиімді тұстары өте көп. Ойланбастан, газ тұтынамын деп шешім қабылдадым. Ең бастысы – арзан және қауіпсіз. Айына 16 мың теңге төлейміз. Қажетті құрылғыларды орнатты. Бәрі ақау­сыз жұмыс істеп тұр. Газдың иісі шықпайды. Осы қызметтің ақысын бөліп төледік. Барлық жағдай жасалған. Келісім берсеңіз болғаны. 2021 жылдан бері тұтынып жүрміз. Көмір тасып, күл шығарып бейнеттенбейміз. Үйімізде артық шаң жоқ. Өкінбейміз. Түнде де көмір салу үшін оянбаймыз, – деді Светлана Захарова.

Үйдегі ас пісіретін плита мен су жылытқыш та газға қосылған. Әуелде Светлана Захарова қажетті жұмыс­тар үшін мердігерлерге 900 мың теңге төлепті. Бірақ, сол кезде қызметтік компаниялар өте аз болған. Қазір елуден астам мердігер бар. Бәсекелестік артқаннан кейін қызмет көрсету бағасы да әжептәуір арзандаған.

– Қосылу алгоритмі қандай? Инфрақұрылым үйден шыққаннан кейін техникалық шарттарды алу керек. Бұған 5 жұмыс күні кетеді. Бұл қызметтер тегін. Одан кейін тұтынушыға жергілікті атқарушы орган арнайы есептегіш береді. Ол үшін де төлеудің қажеті жоқ. Содан кейін тұрғын мердігер ұйымды таңдайды. Онымен келісім жасайды. Ол жабдықты орнатады, үй- ішілік желілерді жүргізеді. Содан кейін, бұл компания бізге барлық құжаттарды тапсырады. Біздің қыз­меткерлер нысанға барып, орындалған жұмыстарды қабылдайды және тұтынушыны газға қосамыз, – деді «QAZAQGAZ AIMAQ» Қарағанды өндірістік филиалының күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы Ерлан Кенжебеков.

Техникалық шарттар онлайн режимінде, «QAZAQGAZ AIMAQ» сайты арқылы немесе портал арқылы беріледі екен. eGov.kz. порталында да осы қызмет бар. Қалай десек те, кейбір тұрғындарға газға қосылу арзан болмайтыны анық. Сол себепті, облыс әкімінің бастамасымен бағдарлама әзірленген. Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы халыққа 5 жылға пайызсыз бөліп төлеу ұсынылады. Былтыр осы жеңілдікпен 300 үй газға қосылған.

Газдандырудың ең басты артықшылығы – қауіпсіздік. Үйге таралған газ бен түтінді бірден анықтайтын қондырғылар орнатылады. Дабылдың салдарынан газдың құбыры автоматты түрде жабылады.

Зауытта да – газ

Тұрғын үйлерді былай қойғанда, аймақтағы ірі өндіріс орындары да осы көгілдір отынды тұтынып отыр. Мәселен, Саран қаласындағы «KamaTyresKZ» шина зауыты ғимаратты газбен жылытып, өндіріске қажетті материалдарын жоғары температурада балқытып отыр. Зауыт басшылығы бұл әлдеқайда тиімді екенін айтты.

– Қазір бәрі өзгеріп келеді. Тұтынушының қалауына қарай барлық жағдайды жасауға болады. Зауытқа газ келгелі көп жұмыс жеңілдеді. Ғимаратты әп-сәтте жылытады. Айта берсек, тиімділігі көп, – деді «KamaTyresKZ» ЖШС өндірістік бөлімінің басшысы Максим Белявский.

Сондай-ақ, баспасөз турына «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының депутаттары, қоғам белсенділері, табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің өкілдері қатысты.
2026 жылы газдың сары құбыр­лары Әлихан Бөкейхан атындағы ауданға да барады екен.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button