Руханият

«Көненің жазып кеткен хатындай мекен»

Сайын дала төсіндегі тарихи ескерткіштер – өткен күннен қалған хат секілді. Өткеніңді білгің келсе және соны ұрпағыңа жеткізгің келсе, жәдігерлерді көзіңнің қарашығындай сақтаған абзал. Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айтты. «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеу­іміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері» деп еді. Арқа даласы осындай тарихи ескерткіштерге бай. Соларды сақтай алып жатырмыз ба? Осы тақырып төңірегінде облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының ғылым жөніндегі орынбасары Гүлдана Бейсенғалиевамен сұхбат құрған едік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Өткен жылдары Балқашқа таяу жатқан Бектау атаның етегі қазылып жатыр деген шу шыққан еді. Бектау ата тауының мәселесі не болып жатыр бұл күнде? Қазба жұмыстары тоқтатылды ма?

– Ашық ақпарат көздерінен алынған мәлімет бойынша, Бектау ата қорығының тікелей маңында «Алматы» ЖШС «Дәнекер-Жол» ұйымы жол құрылысына қажетті жару және тау жыныстарын (тас) өндіру жұмыстарын жүргізген. Ұйымның жауабы бойынша, тас өндіру заңды түрде жүргізіліп, барлық қажетті құжаттар берілген. Сонымен қатар, аталған ұйымның жауабында – жарылыс жұмыстары жүргізілген аумақ қорық ауданына кірмейтіні туралы атап өтілді.

Қазіргі уақытта Бектау ата қорығы аумағында жарылыс жұмыстары жүргізілмейді.

– Өңірде тарихи орындарды сақтау үшін қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма?

– Тарихи мұраны сақтау, насихаттау біздің басты міндеттеріміз болғандықтан, әрине, оның келер ұрпаққа жетуі үшін жыл сайынға абаттандыру жұмыстары, реставрациялық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Және де студенттер мен оқушылардың қатысуымен, жастар ресурстық орталығымен ЭКО-турларға шығып тұрамыз. Ол жерде ескерткіш бойынша экскурсия, сенбіліктер, жинастыру жұмыстары жүргізіледі. Мысалға, мұндай шара 2021 жылы Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағында ұйымдастырылды.

– Шет ауданындағы Талды қорымында биыл қазба жұмыстары жүргізіле ме?

– Шет ауданындағы Талды қорымында қазба жұмыстары сонау 40-шы жылдардан бастау алған болатын. Экспедицияның алғашқы жылдарын үш кезеңге бөлуге болады: Біріншісі – 40-шы жылдардың ортасынан 60-шы жылдарға дейін. Бұл Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Әлкей Марғұланның жетекшілігімен өтті. Екіншісі – 60-шы жылдардан бастап 2014 жылға дейін фрагменттік қазба жұмыстары жүргізілді. Ал, 2014 жылдан бастап Талды археологиялық паркін құру үшін тұрақты негізде археологиялық жұмыстар жүргізілді. Биыл да қазба жұмыстары өз жалғасын тауып, қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің қорғандары, сондай-ақ, Беғазы-Дәндібай кезеңінің Ақкезең тұрғын үйіне жасалған қазба жұмыстары зерттелетін болады. Көзделген қалпына келтіру жұмыстары да болады.

– Облыс аумағындағы тарихи орындар қалай насихатталуда және солардың төңірегінде этнотуризм ұйымдастырылып жатыр ма?

– Тарихи орындарды насихаттау бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінде бірнеше бағытта жұмыс жүреді. Біріншіден, тарихи орындарға транспорттық экскурсия, яғни Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия, Теміртау қаласына экскурсия, Ақмола облысындағы АЛЖИР музейіне экскурсия және өзіміздің Қарағанды қаласы бойынша, сондай-ақ, Талды тарихи-археологиялық паркіне экскурсиялар ұйымдастырып тұрамыз. Екіншіден, жаңағы айтқан ЭКО-тур. Бұл ЭКО-тур жастарға тарихи-мәдени мұраны насихаттап, оларды болашақ ұрпаққа осы қалпында жету үшін сақтауымыз керек екендігін түсіндіріп көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Ол жерде белгілі бір ескерткіш тарихы баяндалып, экскурсия жүргізіліп, абаттандыру, сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Бұл шара аясында біз 2021 жылы Талды паркінің аумағына, 2022 жылы Бұқар жырау кесенесіне, 2023 жылы Спасск мемориалдық кешеніне барған болатынбыз. Үшіншіден, облыстық білім басқармасымен бірлесіп ескерткіштердің кішігірім макетін жасайтын облыстық байқаулар өткізіп тұрамыз. Бұл байқауға қатысқан оқушылар белгілі бір ескеркішті таңдап, сол ескерткіш туралы ізденіп, зерттеу жұмыстарын ұсынады. Бұл конкурс музейде 2022 жылы өткен болатын. Келер жылы міндетті түрде тағы жалғасын табады.

Сондай-ақ, былтыр бірінші рет Талды тарихи-археологиялық паркінде «Талды – әлемдік өркениеттер тоғысында» атты І халықаралық фестиваль өткен болатын. Фестиваль Талды тарихи-археологиялық паркін, парк аумағындағы тарихи ескерткіштерді насихаттау, парк аумағында жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Фестиваль аясында алыс-жақын шетелдерден археолог ғалымдар келіп, республикалық музей, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталықтарының қызметкерлері қатысты. Бұл фестиваль да енді жыл сайын өтеді деген сенімдеміз.

Жалпы, Арқа атырабы – көне дәуірдің жазып кеткен хатындай қастерлі мекен.

– Толыққанды ақпарат бергеніңіз үшін алғыс!

Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button