Көненің жалғасы, жаңаның басы
Әлем таныған жыр алыбы Жамбыл – ұлт әдебиетінің мақтанышы. Шығармашылық әдеби мұрасы сан-салалы, әр алуан. Арнау-толғау үлгісімен жыр шығарған Жамбыл айтыскер ақын да, дастаншыл жыршы да болған. Жамбыл мұрасын біз көненің жалғасы ғана емес, жаңаның басы деп қарауға тиіспіз. Оның біздің заманымызға жеткен шығармаларынан қазақ даласындағы өзгеріс-жаңарулар, тәуелсіздік үшін ту көтерген қилы кезең көрінісі бедер тапқан. Сонымен қатар, халықтың әр кезеңдегі елеулі тарихи оқиғаларға берген бағасы да танылғандай. Елге ұйытқы, ер-азаматқа ақылгөй болған Жамбыл қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік мұратын да айқындап кетті.
Жамбыл кейінгі ұрпаққа болашаққа жол сілтейтін туындылар қалдырды. Ол адамшылық, имандылық, қаһармандық, жігерлілік һәм жайсаңдық мәселесін дәуір дидарына сай қазақтың рухани келбетімен сабақтастыра кестеледі. Солай болды да… қазақ халқының бар болмысы мен арман-мүддесі мәдениетінің өркендеп дамуы айқын көрінді. Жаугершілік заман талабына сай ғұмыр кешкен, кейде, тіпті батырлық, ерлік сарынды отаншыл «Өтеген, Сұраншы» сияқты жырлар туғызды. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер Жамбыл поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас арқауына алынады. Жамбыл поэзиясының дамып, өркендеуіне Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар жырау өнернамалары айрықша әсер етті. Жамбыл өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды. Батырлардың өз басын өлімге тігіп, қанды шайқастарға қатысып, ата қонысын қорғаған ерліктерін сүйіспеншілікпен толғайды. Жорық тақырыбына арналған жырларында «елі жері үшін өлген ердің арманы жоқ» деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Айтайын деген ойының қуатын еселеп арттыру үшін көркемдік тәсілдерді жиі қолданады. Сөйтіп, оларды ұтымдылықпен пайдаланып, ойдың әсерлілігі мен, өткірлігін күшейте түседі.
Қоғам, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік жайлы сан салалы ойлар тоғысқан туындылар Жамбыл поэзиясының дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жамбыл – жұрт қадірлейтін ақын. Оның жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Оның поэзиясы – өмірді танытушылық, дидактикалық мағынасы мол мұра. Ол өлең-жырымен халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы бола бiлдi. Поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Оның ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ. Ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан ақын мұрасы өз мәнділігін жоғалтпақ емес. Қазақ жұртына құтты мекен – Жерұйық іздеген Асан Қайғыдан бастап, көненің күмбіріндей болып бүгінде аман-есен ұрпағымен қауышқан Жамбыл поэзиясының ұрпақ тарихымен ұштасып жатқаны еш даусыз. Ол көшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірін салды. Көшпелі қазақтың суырып салып айтушылығы мен тапқырлығын бүгінгі заманға жеткізіп шыңдаған, жетілдірген Жамбылдың ақындық өнері халық поэзиясының осы заманғы биік үлгісі. Орыс жазушысы Л.Соболев өзінің пікірін «Жамбылдың халықтың ақындық дәстүрлерін сақтаушы ретіндегі зор таланты, оның айқын дүние танымы қазақ әдебиетінің екі бағытын: бұрынғы ауызша поэзия мен қазіргі кәсіби поэзияны біртұтас етіп біріктіреді», – деген оймен қорытады.
Жамбыл айтыс шебері ретінде де жақсы танылды. Ол айтыс үстінде шыңдалып, тапқырлыққа толы уытты сөздерді табан астында тауып айтуға дағдыланған, сөйтіп шеберлігін ұштаған. Оның айтыстарында ақынның осы жолдағы ізденістерінің алуан түрлі үлгісі бар. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыс-қақтығыстарында жас ақын аңсарын өлеңмен сездіріп, өзімен замандас, тілектес жастарды сырласуға шақырады. Бақтыбаймен, Сарымен, Майкөтпен, Жүнісбаймен кездесулерінде жас ақын егде ақындар алдында өнерін көрсетіп, олардан ақындық жолға бата алады. Орайлы жерінде ол ақындардың өзін сөзден бөгеп, үлкен өнер иесі екендігін мойындатады. Жамбыл айтыстарының ең үздік үлгілері – Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен айтыстары. Құлмамбетпен айтыс – Жамбылдың ең көлемді және поэтикалық күш-қуаты мол айтыстарының бірі. Жамбыл шығармаларының осы бір тұста шарықтап көрінуі кездейсоқ та емес еді. Ауызша шығарылып, тараған әдебиет үлгісін, халықтың сөз өнерін жетік білген Жамбыл бойында екінің бірінде кездесе бермейтін, елден ерек талант бар еді. Ол сол талантын жаңа жағдайда дамытып, байытты. Сөзге жаңа мазмұн, өзгеше өң берді. Эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, әсірелеу сияқты көркемдік құралдар оның тіл байлығымен қатар заман бейнесін танытар сөздерді табуға жәрдемдесті. Мұның негізінде ақын еңбегінің халық шығармашылығымен тығыз байланысы жатыр.
Ол туған халқының қуанышы мен қайғысын терең толғап айта білді, өзін ғасырлық тарихтың куәсі ретінде алда ұстап отырды. Жамбыл мұрасының мәңгілік сипаты ұлт мұратын, азаттық ұранын, тәуелсіздік талаптарын кең көлемде жырлап, ұлы халық пен ұлан даланың дауысын, тыныс-тірлігін жан-жақты көрсетіп, сол өлең – өнердің құдірет-киесін биік белеске көтеруінде болса керек. Ұлттық қажеттіліктерді жүзеге асыру мәселесіне терең мән берген Жамбыл идеялары, дәстүрлі қазақ қоғамының сонау көне түркілерден бері қалыптасқан болмысының бұзылмауына ықпал етті. Ол көтерген елінжерін сүю идеясының мақсаты ұрпақ санасында қазақтың әлеуметтік өмір этикасы мен эстетикасының болмысын сақтап отыру. Өлең-жырдың адамға берер рухани қуатын дұрыс пайымдаған. Елдің тағдыры туралы ой толғамдар ұлттық рухты көтерудің мәселесіне айналған. Жамбылдың еліне айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Бұдан оның ұлтының ұраншысы, халқының қамқоры болғанын аңғарамыз. Ол «Халық поэзиясының алыбы, ХХ ғасырдың Гомері» деп атанды. Бұл – оның ақындық еңбегіне берілген зор баға. Жамбылды қазір әлем біледі. Оның шығармалары көптеген халықтардың тіліне аударылды. Әлемдік әдебиеттің көрнекті қайраткерлері жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық мұрасына үлкен құрметпен қарап келеді. «Ол өз халқының өмірін терең, толғана жырлаумен заманының ұлы ақыны болып қалады», – деп жазды үнді жазушысы Рабиндранат Тагор. Тәжік ақыны Мирзо Турсун-заде Жамбылға арнаған сөзінде: «Қазақ халқы ұлы жыршы Жамбылды дүниеге келтірді. Оның өлеңдерін оқыған кезде көз алдыңа Алатау елестейді. Жамбылдың поэзиясы ғасырлар бойы жасайды, әрқашан да өлмейді. Ең биік шың – адамның жаны, адамның жүрегі, Жамбыл өзінің поэзиясымен бұл шыңға жол таба білді және шыңды бағындырды», – дейді. Бұл айтылған құнды пікірлер – Жамбылдың шығармашылық өмір баянына, жүз жыл жырлаған жүректің ерлікке толы поэзиясына берілген зор баға.
Мейіржан ТАПАШЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің доценті.