Көнені жаңғыртушы қариялар
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Кеншілер мәдениет сарайында «Өнерім-өмірім» атты ата-әжелер арасында ашық өнер байқауы өтті. Байқау «Жеке ән» және «Хор ансамбль» болып, екі аталымға бөлінді.
– Бұрын орындалып, ұмытылып бара жатқан көне әндер қайта жаңғырды. Нағыз, қазақы ән орындаушылық, дауыс ырғағы мен әншілік талғампаздық дерсің. Қатысушылар ескі көше әндерін қайта жаңғыртып, оған жаңа заманның тың музыкалық әуендерін қосып, қайта түлетті. Міне, біздің ата-әжелеріміз таланттарынан әлі тая қойған жоқ. «Таза табиғи талант кім десе?» осы жандар дер едім, – деді байқау көрермені Аманбай Мейрамов.
Расында, байқаудың мақсаты – өнерлі ата- әжелердің басын қосып, рухани қолдау көрсетіп, жеке немесе хормен ән салу, мәнерлеп оқу сынды өнерлерін халыққа жеткізуге жол ашу еді. Қарттарымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата-әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан, ұмыт болған әндерді қайта жаңғырту болатын. Ұйымдастырушы Кеншілер мәдениет сарайы өкілдері діттеген мақсатына жетті. Жыл сайынғы ұйымдастырылатын байқаудың бұл жолғы қарқыны анағұрлым жоғары болды. Оған көрермен халық та куә.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен, «Хор және ансамбль» ән салу номинациясы бойынша бас жүлде Халықтық «Шахтерский» ардагерлер хорына берілді. Жеңімпаздарға 100 000 теңге ақшалай сыйлық және дипломдар табысталды. І орын Қарағанды қаласының «Ақниет» ардагерлер ансамбліне бұйырса, ІІ орынды Көкшетау қаласының «Халықтық ардагерлер хоры» алды. Ал, үздік үштікті Балқаш қаласының «Балқаш сазы» хоры иеленді.
«Жеке ән салу» аталымы бойынша І орынды Бұқар жырау ауданынан келген Зәуре Төлеубаева жеңіп алды. ІІ орын Бейбітгүл Абдраманованың еншісіне берілсе, ІІІ орынды Галина Федотова алды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары, ал, жетекшілерге алғыс хаттар табысталды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz