Көненің көзі, тарихтың өзі
Мұражай – жәдігерлер мекені, тұнып тұрған шежіре. Ал, тарих туған жерден бастау алады. Сондықтан, еліміздің ертеңі өткен жылнамамен етене байланысты екенін естен шығармауымыз керек.
1992 жылы Жұмыскер ауылы, Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп жанынан ұстаздар Бота Мансұрова, Рая Шабденованың бастамасымен ашылып, бүгінде өз жұмысын жандандырып, ел тарихынан сыр шертетін өлкетану мұражайы оқушыларды ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, шежірелі туған өлкесінің тарихын біліп-тануға, септігін тигізуде. «Өткеніңді білмесең, болашағың бұлыңғыр» демекші, мектеп мұражайының іші-сырты сырлы тағылымға толы.
Биыл Жұмыскер ауылының торқалы 90 жылдық тойы қарсаңында мұражай іші толық жөндеуден өтіп, тағы бір кабинетпен толықты. Заманауи қалыптағы мұражайға бейнебақылау орнатылды. Бай мәдени тарихымызды еске салатын өлкетану мұражайының ішкі жұмыстарының қазіргі талапқа сай болуына, көне жәдігерлер, тың мәліметтермен толығуына, жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеуге мектеп басшылығы мен ауыл ақсақалдары мен азаматтары белсене атсалысуда.
Мұражайда ауыл тұрғындарының көмегімен жинақталған аштық пен ашаршылық жылдарындағы тарихи жәдігерлерден бөлек, ауыл маңайынан табылған балбал тас, кәмпеске жылдарында үдере көшкен жұрттың көміп кеткен қазан-табағы, қола дәуіріндегі жебенің ұшы, Орхон-Енисей жазулары бейнеленген таңбалы тас, ІІІ ғасырдың куәсі қыш құмыра сынықтары, көне жез самаурын, қайың ағашынан иіліп жасалған бесік, пеш көрік, домбыра сияқты құнды заттар тұтас бір бөлім аясында жинақталған.
Елді мекеннің байырғы өмірінен ақпар беретін тың деректер мен фотосуреттер, әр жылдары халық пайдаланған 200-ден аса экспонат тұр. Бұдан бөлек, мұражай ішінде ауыл, мектеп басшыларына, екінші дүниежүзілік соғысы, Ауған соғысына, тылдағы еңбек ардагерлеріне, ауыл қайраткерлеріне, өнерлі жастарына арналған, ат әбзелдері мен көне бұйымдарға арналған бұрыш бар.
Мұражай мектеп оқушыларымен тығыз байланыста жұмысын жалғастыруда. Өйткені, өткеннен қалған тарихи құндылықтар жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Мұражай жәдігерлері оқушылар қызығушылығын тудырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да арқау болып жатады. Әр оқу жылында өтетін аудандық, облыстық ғылыми жоба байқауларында ол зерттеу жобаларының авторлары жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Бекітілген жоспар бойынша сыныппен саяхат ұйымдастырылып тұрады. Ал, «Шебер қолдар» үйірмесінің қатысушылары тамаша бұйымдарын мұражайға тарту етуді әдетке айналдырғалы қашан.
Қымбат КОШЕНОВА,
Абай атындағы ЖББМ І санатты бастауыш сынып мұғалімі
Шет ауданы