Руханият

Көненің көзі, өркениеттің өзі

Әлкей Марғұланның шәкірті, археолог-ғалым Сағындық Жауымбаев бастаған қарағандылық археологтар Кент тауының алат қонысына бағытталған зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Жақында Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы сүйіншілеген жаңалығымен бөлісті. Археологтар Алат қонысындағы балқыту пештерінен шапқы, сүргі, қашау, біз, балта сынықтарын тауыпты. Бұл Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған əшекей бұйымдары, ежелгі дəуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді» деп атап өтуінен көрініс береді. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері де «Ежелгі металлургия – Қазақстаннан басталды» деген тұжырымға келетінін айтады археолог.

 

Ғалымның айтуынша, зерттеу жүргізілген аймақтарда тым көне дәуірде металлургтер әулеті өмір сүрген. Үлкен пештерде қола және темір құймаларынан бұйымдар жасаған. Шұңқыр қазу арқылы балқыту пештерін істеп, сыртын тастармен қоршаған. Бұл – тас ғасыры аяқталғаннан кейінгі қола дәуірі кезеңіне келеді. Осы уақытта Орталық Азияда қола өндіру тәсілі жүзеге асқан. Адамдар еңбек құралдарын қоладан жасап, түсті металды игерген. Қалайы, мыс рудаларының мол игерілгені – Орталық Қазақстанның металургияның мықты ошағы болуына себеп болған. Соның бірі – Кент тауларындағы қоныстардан табылған металлургиялық өндіріс ошақтары. Осындай металлургиялық өндіріс ошақтарынан бұйымдар табылуына қарап, Беғазы-Дәндібай дәуіріндегілердің Азия мен Еуропаға сауда-саттық қатынастарын жиі жасағанын болжауға болатынын айтады ғалым.

Металлургтердің қонысын зерттегенімізге он бес жылдан асты. Жылда бір қоныстың орнын қазамыз. Кент тауының Алат қонысына жүргізілген зерттеу жұмыстары біздің заманымызға дейінгі ХІІІ ғасырға келеді. Бұл қазақтың әйгілі ғалымы Әлкей Марғұланның Беғазы-Дәндібай қорымдарына зерттеу жүргізіп, тұжырымдаған деректерімен сәйкес келеді. Әлі де зерттеуді күтіп тұрған 38 қоныстағы пештер бар. Әзірге оның 16-сын қаздық, – дейді Сағындық Обайұлы.

Зерттеуге атсалысқан жас ғалымдардың мәліметінше, бір жылдары Ақтоғай жеріне Германиядан археолог ғалымдар келіп, өңірден табылған металл сынықтарын спекторлық-сараптаудан өткізген. Қорымдардан табылған металл сынықтарының түрі Еуропа жерлерінен табылып, қолдан жасалған металл бұйымдармен сәйкес болып шығып, нәтижесі ғалымдарды таң қалдырыпты. Ол жерден табылған қоладан жасалған бұйымдар (ыдыс-аяқ, шаруашылық құралдары) арнайы құрылғылардың көмегімен жасалған болса, Орталық Қазақстан жерінен табылған металл бұйымдар қолдан жасалған болып шыққан. Неміс ғалымдары Еуропа жерінен табылған бұйымдардан, қолдан жасалған Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қолтаңбасы анық көрініп тұрғанына көз жеткізген екен.

Осыны тілге тиек еткен Сағындық Обайұлы Кент тауының Алат қонысына жапондық ғалым Ясуюки Муракамидің де ат басын бұрғанын айтады. Жапондық ғалым: «Темір балқыту ісі бойынша Қарағандыны – Қазақстандағы ең ірі аймақ дегенімізбен, темірді шұңқырда балқыту – өте ауыр процесс. Олар оны қалай жасады?! Соған таңмын. Зерттеуім керек» депті.

Жалпы, Орталық Қазақстандағы металлургиялық балқыту пештеріне қазба жұмыстарын жүргізетін Сағындық Обайұлы ұстазы Әлкей Хақанұлы айтып кеткен Сарыарқадағы көне қоныстарға зерттеу жұмыстарын жалғастыратынын айтады. Алайда, әрбір жәдігерді тиянақты зерттеп, нақты ғылыми тұжырымдар жасау үшін қыруар қаржы қажет.

Ғалымның сөзіне сүйенсек, Беғазы, Кент тауларының маңынан қола дәуірінің ғана емес, сақ және түрік мәдениеттерінің де ескерткіштері табылып жатыр. Бұл – қола дәуірінде орталық Азиядан қоныс тепкендердің өркениетпен қатар өмір сүргенінен хабар береді.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ

Басқа материалдар

Back to top button