Осакаров ауданының мұражайы тағы бір көне экспонатпен толықты. Бұл туралы аудандық «Сельский Труженик» басылымына Жазира Шойымбаева жазды. Аталған көне бұйым күміс тісшұқығыш болып шықты.
Бір көрмеге ол зат қарапайым әшекей іспетті көрінгенімен көне қазақтардың тұрмысынан сыр шерткендей. Ғалымдардың зерттеуінше, алғашында бұл бұйым тек қалтаға салып жүруге арналған екен. Әлемде етті ең көп жейтін қазақ халқында жеке гигиенаға сай әр адамның өз тісшұқығышы болған.
Ал, бертін келе, тісшұқығыштың әйелге және ерлерге арналған түрі жасала бастаған. Әйелдерге арналған тісшұқығыштарға құлақ тазалағыш біріктіріліп, бір жиынтық етілген. Тіпті, осы бұйымдар әйелдердің сәнді бұйымдары қатарына енген. Өйткені, аталған тісшұқығыштарға көзмоншақ қондырылып, сондай-ақ, қымбат гауһар тастармен безендіріліп, ақсүйек арулар таққан деседі. Оны қамзолдың немесе бешпенттің кеудесіне ілген. Көне қазақ ұғымында «тіл-көзден сақтайтын құрал» деп білген.
Дәл осындай тұрмыстық бұйымды қазақ әдейі күмістен жасаған. Біріншіден, бұған күмістің тазалығы арқау. Екіншіден, «күміс білезік, күміс сақина таққан қолға жын-шайтан жоламайды, ол адамның қолындағы ыдыс-аяқ адал» деген пайымдар да жоқ емес. Тек әдемі әшекей ретінде ғана емес, күмістелген бұйымдардың денсаулыққа пайдалы жағы да ескерілген.
Мұражайға тапсырылған осынау жәдігердің жалпы ұзындығы – 8 см. Көне зергерлік бұйымды мұражай қорына Арман Төлегенұлы тапсырған екен.
Жан АМАНТАЙ,